Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ: «Елбасының сөзін екі етіп отырған біреулер бар»

Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, «Қазақстан-Zaman» ЖШС Бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

– Сәуле Мешітбайқызы, тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға елімізде еңбек етіп жүрген түрік азаматтардың қосқан үлесін қалай бағалайсыз?

– Қазақ пен түрік ажыратуға бол­майтын егіз ұғым. Түбіміз бір – түркіміз. Тәуелсіздік алғанда оны алғаш­қылардың қатарында мойындап, тілектестігін білдірген де Түркия рес­публикасы. Сондықтан, мен әсіресе, олар­дың Қазақстанның білім саласының өркендеуіне қосқан үлесіне ерекше тоқталар едім. Түрік мұғалімдер елімізге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау тұста, жарық, жылу жоқ, қаржы жоқ қиын-қыстау кезде келді. Темірдей төзімді халықпыз дегенімізбен, сонда тұрмыс тауқыметіне шыдамай кейбір мұғалімдеріміз ала дорба асынып, базар жағалап кетіп жатты. Бүгінгідей компьютерлік технология жоқ заманда сабақ жоспарларын қолмен жазу секілді ұстаздар қауымы өткерген сынақтан бауырлас түрік мұғалімдер де өтті.

Қазақстанды «Отаным, Атажұртым» деп санағандықтан, болашаққа деген үлкен үміттің жетегінде әлгіндей өтпелі қиындықтарды қазақ бауырлармен бірге артта қалдырғандарын әлі күнге олар да естелік етіп айтып отырады. Оқушыларымыздың әлемдік деңгейде танылуында түрік мұғалімдердің ерен еңбегі барын мойындауға тиіспіз. Өйткені, олар тынымсыз еңбектің арқасында оқушыларды қай пәнге болса да қызықтыра білді. Мыңнан тұлпарын танып, тауып, еңбегін ұштап халықаралық білім сайыстарында бақ сынатып, оза шабуына жол аша алды.  Ең бастысы, олар қазақтың Борат сыйпаттағандай мүсәпір, намыссыз ел еместігін бүкіл әлемге дәлелдеді. Қарадомалақтарымыз тұмсығымен құс тістеген талай алып мемлекеттерді таң- ғалдырып, білім сайыстарында жеңіп, алға шықты.

Әрине, бізде кейіннен «Білім-инновация лицейі» аталған кешегі қазақ-түрік лицейлерінен басқа оқушылары республикалық, әлемдік деңгейде жүлде алып жүрген мек­теп жоқ деуге қарсымын. Асқар Жұмаділдаев секілді дарын иесі бітірген бір ғана физика-математика мектебі біздегі білім жүйесінің әлеуетіне дәлел.

– Түрік ағайындар білім ғана емес, еліміздің журналистика саласына да етене араласқанын еске салсақ, бұл ретте өзіңіз тізгінін ұстап отырған «Қазақстан-Zаmаn» газетін айтпай кетуге болмайды…

– Бұл қазақ пен түрік арасындағы алтын көпірге айналған басылым. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен сол кездегі Түркия басшысы Тұрғыт Өзал­дың достық келісімінің негізінде Қазақ­станға егемендікпен қатар келген басылымға биыл 25 жыл толды. Алайда, әртүрлі себептермен мерей­тойын атап өте алмай отырмыз.  Әйт­песе, Елбасымыздың саясатын нық қолдаған газет қай басылыммен болса да иығы тең екенін дәлелдеген. Әлемнің қырыққа жуық елінде ашылған бұл газетке көпүнділік тән. Басылымымыз әртүрлі тақырыпта ашық та батыл жазады. Және айта кетер­лігі, онда кіл қазақтың қаракөз қыз-жігіттері жұмыс істейді. Содан соң, ешқашан түріктер тарапынан қандай да бір нұсқау болған емес, шүкір, демократия бар.

Бір сөзбен айтқанда, басылым қаржылық және идеологиялық тұрғыдан тәуелсіз. Үкіметтен де қандай да бір мәселені жазу, не жазбау туралы нұсқау болған емес. Яғни, басылым бар мәселеге өзінің ұстанымы тұрғысынан қалам тартады. Сондықтан, нендей түйткілді мәселелерді жазсақ та, ойбайға аттан қоспай, сараптап, талдап, екі жақты етіп таразылап береміз. Тіпті, осы басылымның бір кездері тізгінін ұстаған Серхан Хастүрік, Ахмет Аляздардың өзі «Қазақстан–Zаmаn» екі елдің арасындағы алтын көпір екенін еске салып, бар мәселеге байыппен қарауға шақырып отырудан танбаған болатын.

– Өзіңіз айтып отырғандай, Қазақ­станға ақ адал ниетпен келіп, әсіресе, білім саласының дамуы­на бір кісідей атсалысқан түрік бауыр­лардың соңғы кездері Түркия­дағы саяси жағдайға бай­ланысты қысым көре бастауын қалай қабыл­дадыңыз?

– Иә, кейінгі жағдайға байланысты «ойбайға аттан қосқандар» көп болып тұр. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, 2016 жылдың жазында Түркияда саяси төңкерістен  соң іле-шала түрлі лауазымдыларды ұстау, қамау басталды. Ресми Анкара төңкеріске АҚШ-та тұратын Фетһуллаһ Гүленді кінәлап, содан бері «гүленшілерді» іздеу, қудалау жүріп жатыр. Бұл саяси қудалаудан олардың білім саласының өкілдері де және ең өкініштісі, жаңа біз сөз еткен, Қазақстанға тоқсаныншы жылдардың басында тәуелсіздікпен қатар аяқ басып, еліміздің білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан педагог түрік бауырлар да сырт қалмай отыр. Мен ең әуелі адам, сосын ұстаз, ана ретінде осыған алаңдаулымын. Тек қана алаңдап қоймай бұл әділетсіздікке жаным шыдамай Елбасымыздың атына барлық мәсе­лелерді тереңдеп айтып, хат жаздым. Ол «Президент және халық» газетінде жария болды. Ол хат бүкіл республикалық сайттарда шығып, оны халық қолдап, өз пікірлерін жазды.

Тағы айта кетерлігі, ширек ғасырға жуық уақыт бойы еліміздің білім беру саласында еңбек етіп жүрген түріктер Қазақстанның азаматтығын алмаған. Өйткені, оларда осында тұрақтап қаламыз деген ой ешқашан болмаған. Бәрі де мұндағы ұстаздық міндеттерін атқарып біткен соң уақыты келгенде Түркияға қайту қамында болғаны даусыз. Түркия билігі «жау» көріп отырған Фетһуллаһ Гүленге келсек, Қазақстанда бір кездері ол туралы «Сана сәулетшісі» атты кітап жарық көріп, онда қазақтың аты мәлім академиктері, қайраткер­лері оған қатысты жылы пікірлерімен бөліскен-ді. Ал, діни схоластикадан гөрі математика, физика секілді жара­ты­лыстануды оқытуға басымдық беру керектігі тек Фетһуллаһ Гүлен ғана айтып жүрген дүние емес. Бұл біздің Елбасымыздың тарапынан да айтылған мәселе. Бұған академик Асқар Жұмаділдаев жақында «Қазақ әдебиеті» газетінде шыққан сұхбатында кеңінен тоқталды да.

 – Сіздіңше, Түркия билігінің ел-елде, оның ішінде, Қазақстанда қыз­мет етіп жүрген өз азамат­тары­на «гүленшілер» деп қырғидай тиюдегі діттегені не?

– Бұл ешбір қисынға келмейтін саясат. Бір кездері жақын қарым-қатынаста болған Реджеп Тайп Ердоған мен Фетһуллаһ Гүленнің арасынан қандай «қара мысық» жүгіріп өткенін біз білмейміз және бұл біз бас қаты­ратын да іс емес. Алайда, соның сыл­тауымен әлемнің әр мемлекетінде, оның ішінде, Қазақстанда қызмет етіп жүрген өзінің жазықсыз азаматтарына қырын қараудағы мақсаттарын түсіне алмай далмын. Әлем елдерінің білім сапасы бойынша шығарылған рейтингіде Түркия қазір 40-орында екен.

Сөйте тұра, Түркі халықтары мәдени қорының төрағасы, профессор Ахмет Дағдуран Түркияда өткен жиындарда және түрік басылымдарының біріне берген сұхбатында Фетһуллаһ Гүлен «АҚШ-тың бір жобасы, Ислам әлемінің» жауы екенін, ол басқа елдерден бөлек Қазақстанда 35 ФЕТО мектебін (біздегі қазақ-түрік лицейлерін бұрмалап айтқаны) ашып, сол арқылы мұнда үлкен ықпалға ие болып отырғанын, мектептерінде христиандықты насихат­тап, Қазақстанда соңғы 15 жылда 500 мың адамды хрис­тиандыққа өткізге­нін айтқан. Тіпті, Қазақстанда атын өзгертіп жұмыс жасап жатқан ФЕТО мектептеріне балама түрік мектептерін ашу жайлы Түркия президентінің атына ұсыныс та тастайды. Сондағысы, бізде білім беру әлсіз екен. Әрине, мұның бәрі қып-қызыл жалған ақпар, қазақты қаралау.

Түркиядағы саяси ахуалға байланысты осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасының аумағынан бірқатар түрік ұстаздары кетуге мәжбүр болып отыр. Оған басты себеп – елшілік тарапынан виза берілмеуі. Соның салдарынан «Білім-инновация» мектептерінен 4 лицей директоры мен 7 мұғалім кетсе, С.Демирел университетінің ректоры, проректоры, 3 деканы мен 1 кафедра меңгерушісі және 5 мұғалімі, жалпы алғанда 11 адам амалсыздан шетелден пана сұрауға мәжбүр.

Бізде білім жоқ болса, кешегі ХХ ғасырдың басындағы Алаш көсемдері қайдан шықты?! Тіпті, әлемдік деңгейдегі саясаткерге айналған Елбасымыз ше?! Біздің балаларымызға білім берген, болашағы үшін жүрегіне ілім дәнін еккен білімді азаматтардың қатары күннен-күнге азайып барады. Түрік ағайындар баспана, жоғары жалақы немесе тағы да басқа қарақан басына қажетті дүниелер сұрап жатқан жоқ.

Сыйға сыйсыз, сыраға балсыз қызмет етіп жүр. Бірде-біреуі пендешілікпен болса да Қазақстанға тіл тигізген емес. Ендеше, оларды қыспақта қалдырып, ертең тарих алдында ұятқа қалмауды ойлағанымыз абзал. Малайзияның ондағы түріктерді депортациялап жібергенін айтқан олар біздің мемлекеттің босқын ретінде шетелге шығуына мүмкіндік беріп отырғанына да риза.

Жекелеген мысалдар кел­тірсем, «Қазақстан–Zаmаn» газетіне басшылық жасаған Серхан Хастүрік есімді азамат та жазықсыз жапа шегіп, шекара асып кетті. Серханның жібектей есілген мінезі мен адамды сыйлауға деген қарапайымдылығы, кішпейілділігін бөле-жара айтқым келеді. Мұнда келгеніне 22 жыл болған бұл азамат жай ғана мұғалім. Ол білім саласына өлшеусіз үлес қосты. Сондай ғажап адамды Түркияның азаматтығынан шығарып тастаған. Онда бара алмайды. Менің соған байланысты газет тізгінін өз қолыма алуыма тура келді. Әйтпесе, қазір мансап іздейтін жастағы адам емеспін. Түрік бауырлар тәуелсіз еліміздің ұрпағына білім нәрін берді. Алайда, мұны көре алмайтын, қаламайтын бір «күш» бар секілді. Сондықтан, ағайындарға араша керек. Әзірге үнім билікке жетпей отыр және жететініне күмәнім жоқ. Ал, қоғам бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бұл мәселеге қанық.

 – Бауырлас мемлекет билігі­нің осындағы түрік азаматтарына қысым көрсетуі оның өз ісі ме, әлде, белгілі бір деңгейде Қазақстанның ішкі ісіне араласуы деп ойлайсыз ба?

– Бұл олардың Қазақстанның ішкі ісіне араласуы деп білемін. Сөз етіп отырған профессор Ахмет Дағдуран осындағы Түрік мәдени орталығын басқарады. Ол әлгіндей сөздері үшін кешірім сұрауы керек. Мен ол мырза­ның айтқандарының теріс екенін жазып, мақала шығаруға мәжбүр болдым. Түркияның Қазақстандағы елшісі де қазақ-түрік лицейлерін жабу керек деген сөзі үшін қоғамның зор сынына ұшырап, ақырында кешірім сұрап құтылды. Неге бұлар олай айтады?! Мәселе – осында. Қазақ елінде ертеден-ақ білім бар екенін түрік бауырлардың өздері әлдеқашан мойындаған. Ендеше, бізге «ана мектепті жауып, мына мектепті әкелу керек» деп нұсқау берудің қажеті жоқ.

 – Таяуда отандық және шетелдік журналистермен өткізген сұхбатта Елбасы ЭКСПО көрмесінің жабылу салтанатына келген Түркия прези­денті Реджеп Ердоғанмен сөйлесіп, аталмыш саяси жағдайға қатысы, қылмысы жоқ еліміздегі түріктерді ұстап бере алмайтынын айтып, бұл мәселенің нүктесі қойылғанын жеткізген еді. Сіздің жанай­қайы­ңызға қарағанда, әлі де нүктесі қойылмаған болып тұр ғой…

– Иә, сонда Елбасы бұл мәселенің нүктесін қойды. Патша екі сөйлемейді. Ол кісі кесімді сөзін айтты. Алайда, жағдай басқаша өрбуде. Демек, Елбасының сөзін екі етіп отырған біреулер бар деп ойлаймын. Бұл жерде ең қиыны виза мәселесі болып тұр. Бір отбасындағы үш баланың біріне виза уақыты бітсе, сол үшін қалғанын да қайтарып жіберіп жатыр. Қазақстандағы Түркия елшілігі осындағы түрік азаматтарының төлқұжаттарын алып қойып, бермей отыр. Сондағысы «сендер гүлен­шісіңдер» дейтін көрінеді.

– Бұл мәселеге байланысты үн қатқан тиісті ресми орындар бар ма?

– Білім және ғылым министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады. Бірақ, сонымен ғана шектелді. Мәселе соңына дейін шешілген жоқ. Шыны керек, не Қазақстанда қала алмай, не Түркияға бара алмай, басқа елдерге бас сауғалап жатқан бауырлас түріктер мен айтқан бір ғана Серхан Қастүрік емес. Отандық білім саласының аяққа тұруына, аяққа тұрып қана қоймай халықаралық деңгейде танылуына атсалысқан олардың басына күн туғанда бұл жақтан қорған таба алмай шекара асуы, шынын айтқанда, Қазақстанның атына сын. Бұл, тіпті, еліміздің білім және басқа саласына келетін инвестицияға да кері әсерін тигізбей тұрмайды.

— Өзіңіз жайлы қысқаша айтып кетсеңіз. Біздің етуімізше, сіз отыз жылдай ұстаз болғансыз. Журна­листика саласына қалай келіп жүрсіз?

— Иә, дұрыс айтасың. Сонау ауыл мектебінен бастап, Алматы қаласын­да­ғы Саз мектебінде мұғалім бол­дым. Басшы қызметтерді де атқардым. Кейін «Қазақтелеком» компаниясын­да мемлекеттік тілдің қолданылуын кеңейту жөніндегі салада жұмыс істедім. Алпыс үш жасымда осы «Қазақстан–Zaman» газетіне келдім. Жас кезімдегі арманымды Аллам осы жаста нәсіп етті. Шүкір, бала-шаға, немерелерім бар. Бақытты анамын. Өткен жылы «ЕлАна» сайтын аштым.

 – Әңгімеңізге рақмет. 

Сұхбаттасқан Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ,«Заң газеті»

Толығырақ: «zanmedia.kz» сайтында.