Сәт сапар, «Мұнайлы астана!»

Осыдан ғасырдан астам уақыт бұрын, яғни, 1899 жылы қазіргі Атырау облысы аумағы, Қарашүңгіл елді мекенінен алғаш мұнай табылған болатын. Биыл сол Қарашүңгіл кен орнындағы №7 ұңғыманың 40 метр тереңдігінен алғашқы мұнай фонтанының атқылағанына 120 жыл толады. 1911 жылдан бастап мұнайды өнеркәсіптік деңгейде өндіре бастаған Атырау бүгінде «Мұнайлы астана» атына ие болды. Қазірде мұнай мен газға бай Атырау өңірінің экономикалық өсімі жылдан-жылға жақсарып келеді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев басшылық етіп отырған аймақ елді мекендері көгілдір отын және ауыз сумен 100 пайыз дерлік қамтылған. Өңірде көптеген ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, Атырау алып өнідіріс ошағына айналды. Бұл өңір нағыз мұнайлы астана. Республикада өндірілетін барлық мұнайдың 52 пайызы Атыраудың еншісінде екенін айтсақ та жеткілікті. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, өндіріс, тұрғын-үй, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, мәдени сала, ғылым-білім, цифрландыру бағытында да іргелі істер атқарылуда. Жалпы алғанда, аймақтың даму қарқыны жақсы. Соған сәйкес, «Қазақстан дәуірі» газеті мұнайлы аймақтың жаңалықтарын беріп отыратын «Мұнайлы астана» бетін ашуды қолға алды. Мұнда өңірде болып жатқан барлық жаңалықтарды, тіршілік-тынысын, көкейтесті мәселелерін, мұнайшылардың өмірін, тағдырын, тарихын кеңінен толғап жазып, назарларыңызға ұсынып отырамыз. Сәт сапар, «Мұнайлы астана!»