Сөз семсерімен қазағын қорғаған

Белгілі жазушы-публицист, қоғам қайраткері Марат Тоқашбаев 70-те

 

Өмірбаян сыр шертеді

Тоқашбаев Марат Бәйділдәұлы 1949 жылы 18 мамырда Алматы облысының Шелек өңірінде туып өскен. Мамандығы — журналист. 1975 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1990 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық баспасөз қызметкерлерінің білімін жетілдіру институтын бітірген.
Республикалық қоғамдық-саяси «Prezident & Halyq» («Президент және Халық») газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қайраткері. Қазақстан Журналистер одағы мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі. Сондай-ақ Қазақстан Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық Заң академиясының профессоры, Алматы облысы мен Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы. Қазақстан академиктері белгілеген «Ұлт патриоты» атағының иегері. 2016 жылы Фейсбук әлеуметтік желісінде «Жылдың үздік журналисі» атанған. 2017 жылы «Қамшы» сайтының интернеттік пікіртерімі нәтижесінде есімі «Алашорданың 100 ізбасары» тізбесіне енгізілген.
Тоқашбаев М.Б. сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ақылдастар алқасының мүшесі, Қазақстан қажылары қауымдастығының басқарма мүшесі. Қазақстан журналистер академиясының «Алтын Жұлдыз» сыйлығының лауреаты. Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте лауреаты. «Астана» медалінің, Астананың 10 жылдығы медалінің иегері. Елбасының үш рет Алғыс хатына ие болған. Биыл 2019 жылы қаламгердің журналистік-публицистік қызметіне 50 жыл толмақ.
Тоқашбаев М.Б. 1956 жылы Шелек ауданындағы Малыбай орта мектебінің бірінші класына оқуға барды. 1966 жылы Шелек селосындағы Абай атындағы орта мектепті бітірген соң осы ауданның «Горный овцевод» кеңшарында шопанның көмекшісі болып істеді. 1967-1969 жылдары Асы-Саға сегізжылдық метебінде мұғалім, Қаратұрық сегізжылдық мектеп-интернатында тәрбиеші, мұғалімдік қызметтер атқарды.
1969 жылдан 1982 жылға дейін Алматы облыстық «Жетісу» газетінде корректор, әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары болды. 1982-1989 жылдары республикалық «Білім және еңбек» журналында бөлім меңгерушісі, 1990-1994 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің органы «Халық кеңесі» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары сияқты жауапты қызметтер атқарды.
1994 жылы ҚР Әділет министрлігінің шақыруымен «Заң газетін» құрып, 1997 жылға дейін оның алғашқы бас редакторы болды. 1997 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынуымен «Қазақстан-1» ұлттық телеарнасының «Ақшам» ақпарат бағдарламасының бас редакторы болып тағайындалды. Сол тұста Қазақстан елордасын Ақмолаға көшіруге байланысты науқанды ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етуге атсалысты. 1999 жылдан «Қазақстан-1» телеарнасының Бас директоры болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына, Ирландияға, Ұлыбританияға, Түркияға сапарларынан репортаждар берді.
Осы жылдарда өзі басқаратын «Қазақстан» телеарнасынан «Сәлем, ХХІ ғасыр!». «Жиырмасыншы ғасырдың 20 сәті», «Жұмадағы жүздесу», «Истоки», «Адам және заң», «Таңшолпан», «Қадыр түні» сияқты жұртқа танымал телевизиялық жобаларды жүзеге асырды. Қазақстан кіндігінің Сарыарқа төсіне ауысуына байланысты оқиғалардың ортасында болды, Ұлттық телеарна жаңалықтарының Ақмоладан шығуына атсалысты.
1999 жылы Қазақ журналистерінен қажылық кезінде Арафат тауынан Бүкіләлемдік трансляция бойынша қазақ тілінде тұңғыш рет репортаж жүргізді.
2002 жылдан халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетін басқарды. Сол басылымның жанынан шығарылған балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналының алғашқы бас редакторы қызметін қоса атқарды.
2005 жылдан «Президент және Халық» газетінің бас редакторы әрі басылымның құрылтайшысы болып табылатын «Астана Медиа Пресс» компаниясының бас директоры. «Астана Медиа Пресс» баспасы мен «Астана Медиа Пресс» ақпарат агенттігінің, «Қазақстан патриоты» журналының жұмыстарына жетекшілік етеді. 2007 жылдан бері Қазақ ұлттық әдет ғұрып, салт дәстүр Академиясының президенті. 2016 жылдан бері Қоғамдық атақтар мен марапаттар жөніндегі Республикалық Кеңестің Төрағасы.
Марат Тоқашбаев өткен ғасырдың 80-ші жылдарында Қазақстан Жазушылар одағының жанынан құрылған Мектеп кеңесінің төрағасы Шона Смаханұлының орынбасары ретінде республика бойынша қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу ісімен айналысты. Тек бір Алматының өзінен 23 қазақ мектебін ашуға атсалысты.
Марат Тоқашбаев көрнекті тіл жанашыры. Кезінде «Қазақ тілі» қоғамын құрушылардың бірі болды. «Заң газетін» басқарған жылдарда көптеген құқықтық терминдерді аударуға және қалыптастырға белсене атсалысқан. Қазақстан Конституциясының баламалы нұсқаларын қазақ тіліне аударды. Қазір ел ішіне кең тараған «Ақорда», «Елтаңба», «Әнұран», «Елорда», «Доғарыс», «Кәдесый», «Тосынсый» т.б. сөздерінің авторы.
Әлемнің елуге жуық елдерінде түрлі іссапарларда болған.
2015 жылы қараша айында Парижде ЮНЕСКО мінберінен «Қазақ жазуы — қазақ мәдениетінің айнасы» деген тақырыпта, 2018 жылы желтоқсан айында АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында «Жаһандану дәуіріндегі мәдениет пен әдебиеттің рөлі» халықаралық форумында «Қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ықпалдасудағы рөлі» деген тақырыпта баяндамалар жасады.
Марат Тоқашбаев он төрт кітаптың авторы. Оның қаламынан туған дүниелер Қазақстан тәуелсіздігі мен еліміздің қоғамдық саяси өмірі, демократиялық жаңарулар, ұлттық әдет-ғұрыптар мен отбасылық құндылықтарды насихаттау тақырыптарына арналған. «Жаңбырлы түн», «Қос көлеңке» сияқты көркем әңгімелер жинағы, «Адамгершіліктің қарапайым қағидалары», «Ерлі-зайыптылық ережесі», «Кәсіпкерлік құпиялары», «Бақыттың кілті» (жұбайы Раушан Каршаловамен бірге) сияқты танымдық-тағлымдық кітаптары, «Дәуір дүрсілі», «Жеңіс қайғысы», «Тәуелсіздік — тынысым» «Елімнің ерен жандары», «Қаңлы Қараш би», «Жан-Дауыс», «Сөз-семсер» сияқты қоғамдық-саяси, публицистикалық кітаптары жарық көрген. Мыңнан астам мақалалардың авторы.
Отбасылы. Жұбайы Раушан Каршалова «Қазақстан патриоты» журналының бас редакторы.

 

Марекеңнің фейсбук парақшасынан

 

«ПАСПОРТ СОҒЫСЫНЫҢ»  САЛДАРЫ ҚАУІПТІ

Украинадағы президент сайлауы өтісімен РФ президенті Владимир Путин «ЛДНР» тұрғындарына Ресей паспортын беруді оңайлататын жарлыққа қол қойды. Бұл әлгі Гүржістанның шекаралас аудандарының тұрғындарына Ресей төлқұжатын таратып беріп артынан мұны Оңтүстік Осетияға басып кіруге сылтау еткеніндей жағдай болып тұр. Приднестровьеде де тура осындай болған. Яғни Ресейдің зәлімдігі сол Луганскі мен Донецкіні сіңіріп кетудің алғы шартын жасап қоймақ.
Ресей Луганск мен Донецкіде орыс әскері жоқ деп бетбақтырмағанымен Біріккен Ұлттар ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Ресейдің Қарулы Күштері Украинаға қарсы әскери қимылдар жүргізіп жатқанын айғақтады. Новочеркасскіде орналасқан ресейлік 8-ші гвардиялық армияның 1 корпусы Донецкіде, 2 корпусы Луганскіде тұрғаны белгілі болды. Қару-жарақ, азық-түлік, жалақы түгел сол жақтан жеткізіліп жатыр. Луганскі мен Донецкідегі зауыт-фабрикалар бұзылып Ресейге тасып әкетілген. Жұмыс жоқ. Сондықтан жергілікті халық, ішінде украиндар да амалсыз жалданып, 15-16 мың рубль үшін орыс армиясына қызмет етуде. Бірақ оларды командирлік қызметтерге жолатпайды. Негізінен олар қауіпті жерлерге жұмсалады яғни зеңбіректің жемі бұл.
Украин әскері орыстарға қарағанда соғысқа әлдеқайда қабілетті болып шықты. Әрі олар басқыншыларға қарсы шайқасып, өз жерлерін қорғап жатыр ғой. Анықталмаған деректерге қарағанда Ресей таңған соғыстың бес жылында Украина тарапынан 12 мың адам, Ресей жағынан 32 мың адам қаза тапқан. Оның ішінде әскерилері 4 мың. Украиндар өз жауынгерлерін қаһарман ретінде құрметтеп жерлесе, Ресей тарапы әлем біліп қоймас үшін қаза тапқан әскерилерінің құжатына бір ай бұрын демоблизацияланған етіп жазу жазып, «200 грузды» аяғы жеткен жерге апарып түн ішінде көме салып жатыр.
Ресейдің бұл зәлімдік әрекеттері екі-үш күн бұрын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында талқыланылды. Саммитке қатысушылар бұл әрекетті айыптады. Өз басыма Ұлыбритания өкілі Карен Пирстің: «Ресей паспортын беру туралы шешім бұл Ресей агрессиясының көрінісі. Ол сепаратистерге қолдау көрсеткенше Минск келісін орындағаны дұрыс болар еді» деген сөзі ұнады. Кеңес алдында Бельгия, Франция, Германия, Польша елдері Елшілерінің Ресей әрекетін айыптаған бірлескен мәлімдемесі де агрессордың тынысын тарылта түсетін болар.
Ресейдің басып алған жерінде паспорт таратып беретін әдеті Қазақстан үшін де өте қауіпті. Бізге де аса сақтық керек. Отто фон Бисмарктің “Ресеймен жасалған келісімнің ол жазылған қағаз құрлы құны жоқ” дегені есімізден шықпасын!

 

УКРАИНАДА ҚАЗАҚ ТАҒДЫРЫ ШЕШІЛУДЕ

Өзіміз құрметтейтін Марғұлан Сейсенбай ініміз Украинада президенттік сайлаудың екінші турында В.Зеленскийге дауыс беруді жақтапты. Иә, таңдау жасауға әркімнің құқығы бар. Бірақ В.Зеленский деген кім? Ол “шут”, Коломойскийдің қуыршақ кандидаты емес пе! Оның телеарналары әбден жарнамалап танымал етіп қойған. Ар жағында дым жоқ, қуыс кеуде. Іс жүзінде қазір соғыс жағдайындағы Украинаға комик Зеленский Жоғары Бас қолбасшы бола алмайды.
Бірден-бір дұрыс кандидат — П. Порошенко. Ол 2018 жылы соғыс кезінің өзінде экономиканы 3,4 пайызға көтерді, 207 зауытты салып іске қосты. Батыс елдеріне визасыз режим енгізді, Украин православ шіркеуінің іргесін Мәскеуден ажыратты. Антироссиялық коалиция құрды. Енді НАТО-ға кірмек. Украина Қарулы Күштерін Еуропадағы ең мықты он армияның қатарына қосты. Ол Донецк мен Луганскіде Ресейшіл күштерді табан бастырмай отыр. Егер президенттікке Порошенкодан басқа біреу келсе Путиннің құдайы бергені. Ол халықаралық заңдарды белден басып Қырым мен Донецкіні, Луганскіні сіңіріп кетпек. Бұл өте қауіпті. Одан кейінгі кезек Қазақстанға келмек. Сондықтан біз Порошеноны қолдаймыз.
Украинада Қазақстан тағдыры шешіліп жатыр!

 

ТІЛ ЖӘНЕ ҚҰЛДЫҚ САНА

Жүз қазақтың ішінде бір орыс болса орысша сөйлейтініміз неліктен? Әке-шешесі қазақ, бірақ балалары орыс тілді болуы қалай? Әлі күнге сағатымызды Мәскеуге қарап түзететініміз неліктен? Мені үнемі осы сұрақтар мазалап жүретін. Сөйтсек, бұл құбылыс 260 жылға созылған отаршылдықтың әлі күнге сақталып келе жатқан “атавизмі” екен.
Санамызға сыналап сіңген құлдық псиxология біздің бүкіл дүниетанымымызға ауыр дерт тәрізді жабысып алыпты. Бас изеушілік, көзбояушылық, жағымпаздық, ләббайшылық сияқты сүйкімсіз қасиеттер ұрпаққа жұғып жатқаны өкінішті. Жан дүниесі еркіндікте өмір сүріп көрмеген буын азаттықтың құнын білмейді! Отарсыздану үдерісі мемлекеттен бұрын жекелеген адамдардың жүрегінде жүру керек екен ғой. Сондықтан өзіміздің құл екендігімізді мойындайық. Мойындайық та өзімізді осы құрсаудан құтқарайық. Әйтпесе режим қоғамды бір шыбықпен айдай береді!

 

Марат Бәйділдәұлы (Тоқашбаев):
Президенттіктен үміткерлердің назарына!

ҚАЗАҚСТАН КӨП ҰЛТТЫ ЕМЕС!

Қазақстанда ұлттық идеологияның жоқтығы ұлтаралық қарым-қатынастарды бүлдіріп барады. Таяуда дәріханаға кіріп, қазақша дәрі сұрасам сатушысы: “Я ваш язык не понимаю” дейді. “Сіз Қазақстанда тұрасыз, сондықтан қазақша білгеніңіз жақсы десем” әлгі қыз мізбақпастан “Знать ваш язык не обязана!” деп қарап тұр. Өңінен байқап тұрмын, орыс емес — ұйғыр ма, әзірбайжан ба бірдеме. Өмірде осындай жағдаймен жиі кездесеміз.
Басқа ұлт өкілдерінің көбі Қазақстанда осы мемлекеттің иесі қазақ халқы екендігін ұққысы келмейді.
Бұл ненің салдары? Бұл биліктің ұлттық мемлекет емес АҚШ-тағы сияқты азаматтық мемлекет құру бағытын ұстанып отырғанының салдары. Қазақ халқын диаспора деңгейіне түсіруге ұмтылу — баяу жарылатын мина. Әрі мұндай саясат түптің түбінде ұлтаралық қақтығыстарға соқтыратыны өкінішті.
Іс жүзінде біздің елімізде 130 ұлт тұрады деген бекер. Үнемі айтып келеміз. Қазақстанда жалғыз ұлт Қазақтар ғана тұрады (!!!) және басқа ұлттардың диаспоралары мекендейді. Диаспоралар мемлекет құраушы ұлт бола алмайды. Біздегі немістердің — Германиясы, орыстардың — Ресейі, өзбектердің — Өзбекстаны, поляктардың Полониясы, гүржілердің — Гүржістаны, т.б. диаспоралардың тарихи Отандары бар. Қазақтың басқа Қазақстаннан басқа Отаны жоқ.
Бүгінде Қазақстандағы қазақ халқының саны 72 пайызға жуықтады. Біреулер қалай тосқауыл қойғысы келсе де Қазақстанда қазақ мемлекеттілігі дамитын болады. Халықаралық нормалар бойынша халқының үштен екі бөлігі жергілікті ұлт болса ол мемлекет көпұлтты емес моноұлтты мемлекет болып саналады. Сондықтан Қазақстандағы ұлт саясаты жалған “көп ұлттылықтан”, “көп этностықтан” барлық диаспораларды мемлекет құраушы қазақ халқы мен мемлекеттік тілдің төңірегіне топтастыру саясатына ауыстырылуы тиімді! Президенттіктен үміткерлер алдағы уақытта осыны ескеруге тиіс!

 

ИМАННАН АЛЫСТАУ  — АҚЫЛДЫЛЫҚ ЕМЕС

Астанада үлкен мешіт салынатындығы туралы хабар кей адамдардың сыңаржақ пікірлерін өрбітіп жіберді. “Мешіттің орнына аурухана салса қайтеді?”, “Мектеп салса қайтеді?” деген тәрізді. Оу, айналайындар, мұсылман мешіттері көбейсе ол кімге кедергі? Қараңыздар, қазір елордада орта білім беретін 84 мектеп бар, таяу жылдарда әкімшілік тағы 27 мектеп салуды көздеп отыр. Ал сол Астананың айналасындағы ауылдарды қосқанда небары 12 ғана мешіт бар. Оның ішінде мыңнан көп адам сиятын үш-ақ мешіт: Сәдуақас Ғылмани мешіті (5 мың), Астана Мешіті (5 мың), Әзірет Сұлтан мешіті (20 мың). Қалғандары 300 адамдық, 500 адамдық ғибадатханалар. Астананың барлық мешіттеріндегі орын 40 мыңға да жетпейді. Аққар, көк мұзда, қақаған қыста ішке сыймай сыртта жұма намаз оқыған жүздеген, мыңдаған адамды талай көзіміз көрді. Талай рет өзіміз де сыртта тұрдық дірдектеп. Тұрғындардың 10-ақ пайызы мешітке барады деп есептесек, Астанадағы мешіттердің сыйымдылығы 100-110 мыңнан кем болмау керек. Бір Стамбұлдың өзінде 40 мыңнан астам мешіт бар. Ал біз Астананың 13-ші мешітін көріп қалдық па?!
Қазір халықтың иманын қашырып, аздырып-тоздырып жатқан жария-құпия қаншама казинолар, бәсханалар бар, жазғыш болсаңыздар соны неге жазбайсыздар? Соған неге шу көтермейсіздер? “Алланың өзі де рас, сөзі рас” деген Абайдан ақылдысыздар ма? Ғибадатханалар — қаланың көркі, адамгершілік тәрбиесінің ұстаханасы. Әрі оның қаражаты Сіздердің қалталарыңыздан немесе бюджеттен шығып жатқан жоқ. Алла жолында садақа жасағандардың қаражаты.
Балаңыз казинода жүргені жақсы ма, мешітте жүргені жақсы ма? Иманнан алыстығын ақылдылық деп есептейтін ағайын, ойланыңыздар!

 

Бірінші кезекте көпбалалы отбасыларға — БАСПАНА!

Астанадағы бес сәбидің қазасы бүкіл Қазақстан жұртшылығын бей-жай қалдырмады. Жүрегіміз әлі де сыздап тұр. Бұл трагедия билік орындарының өз халқына жаны аши бермейтінін, әлеуметтік бағдарламалары түкке тұрғысыз екендігін байқатты. Мемлекеттің «қаражат жетіспейді» деген сылтауы көпбалалы отбасыларын тығырықтан тығырыққа қамап отыр. Осыдан шығудың жолы бар ма?
Әрине, бар!
Айталық, Филяндияның, дәлірек айтқанда Хельсинкидің «Бірінші кезекте — баспана» бағдарламасын алайық. Бұл қалада БОМЖ (белгілі орын-мекенсіз жандар) мүлде жоқ. Өйткені аталған бағдарлама бойынша үйсіз-күйсіз жүрген 7 мыңдай адамға ешқандай шарт, ешқандай міндеттеме қойылмастан баспана берілген. Оған $320 млн қаражат жұмсалған. Үкімет орындары баспана алғандарды құқықтық тұрғыдан қорғайды, әлеуметтік бағдарламаларға тартады, жаңа мамандықтарға тегін оқытады.
Менің айтпағым, міне, дәл осындай «Бірінші кезекте көп балалы отбасыларға — баспана» бағдарламасы қолға алынса… Жүзеге асса көп балалы отбасылар қиындықтардан құтылар еді. Әрі бұл демографиялық мәселелерді шешуге де мықты сеп болар еді. Бұған әрі кетсе біздің елімізде 1 млрд. доллар қаражат кетер. Бұл тек доллар бағамын ұстап тұру үшін 2014-2015 жылдары Ұлттық қордан жұмсалған 28 млрд. долларға қарағанда түк те емес қой!

 

Мар-ағаң… Марат Тоқашбаев! Мыңнан астам мақаланың, он төрт кітаптың авторы, фейсбук әлеуметтің желісінде «Жылдың үздік журналисі» атанған сайыпқыран қаламгер Марат Тоқашбаев Қазақ журналистикасының қақ төрінен ойып орын алған көрнекті өкілдерінің бірі екендігі даусыз. Найзаның ұшымен, білектің күшімен елін, жерін қорғаған батырларымызды осылай әспеттесек, қазіргі заман батырларын да сол тұрғыда әспеттесек оның несі айып?! Мар-ағаң да бүгінгі күннің батыры. Сөз семсерін найзағайдай жалт-жұлт сілтеп, ешкімнен, ештеңеден тайынбай, тайсалмай, мірдің оғындай сөздерімен шындықты, ақиқатты айтып, жазып жүрген Марат Бәйділдәұлы ағамыз қай батырдан кем?! Елін, жерін, ұлтын оған төнген қауіптерден шырылдай қорғап, салиқалы, салмақты, өткір де батыл пікірлерін ғаламтор желілері, сайттар, БАҚ арқылы жасындай жарқылдатып айтып, жазып жүрген азаматтар саусақпен санарлықтай ғой өзі. Соның бірегейі, біле білсек Марат ағамыз. Біз бүгін шынында да фейсбук көгінде ағамыздың алтын әріптермен жазылған пікірлерін газетімізде жариялауға әрекеттендік. Көп екен?! Тым кө-өп! Оның қай-қайсысы да жариялауға тұрарлық тамаша пікірлер. Бәрі де қаймақ сөздер, өткір пікірлер, терең толғамдар.
Марат ағамыздың өмірбаянына үңілдік бір сәт. Көз алдымызға биіктерде самғаған қыран көзге елестеді. Жетпіс жас! Қаншама өмір, өнер шыңдарын бағындырған десеңші, баһадүр ағамыз! Оны ықшамдап шығарғымыз келді. Бәрі, бәрі керек. Таспихтай жымдасып, көш керуендей жарасып тұр. Оқыңыз, көріңіз Марат ағамыздың кім екенін! Мар-ағаң осындай ерекше жан. Журналистер қауымының ішінен тұңғыштардың бірі болып намазға құлады, қажылыққа барды. Біз ағамызды өнеге тұттық. Арафаттан Алатауға нұр шұғыла төккізіп, Бүкіләлемдік трансляция бойынша қазақ тілінде тұңғыш рет репортаж жүргізді. Иә, қазір қызмет істеп жүрген журналистердің ағасы мен жағасы, ақсақалы бүгін бес қаруын асынып жетпістің шыңында тұр қасқиып! Алладан шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тілейміз. Отбасыңыздың қызығын көріңіз! Әрдайым биіктен көрініп, күндей жарқырап жүре беріңіз! Әмин!

Зор құрметпен, өзіңіздің
«Qazaqstan dauiri»-ңіз!