САБАТОЙ  МЕЙРАМЫ

Сабатойдың мәні

 

Сабатой мерекесі — аса ежелгі ұлттық танымнан бастау алатын ұлы мейрам. «Сабатой» сөзі былғарыдан тігілген қымыз құйуға арналған ыдыс атауынан қалыптасқан.

Мерекенің бұл атауы қазақ халқында ұмыт болған, алайда әлі күнге дейін сібірдегі көшпелі өмір салтын ұстанған кейбір түркі жұрттарында қолданыста.

Сабатой – жаз маусымының басталуына сәйкес келетін әрі жазғы түн тоқырауына қабат аталатын түркі мерекесі. Бұл мерекені бүгінде түркі халықтарының ішінде тек қана саха жұрты «Ысыах» атауымен жоғары дәрежеде жаңажылдық мәртебемен атап өтеді. «Сабатой» сөзін түркілік басқа ұлы мейрам атауы «сабантоймен» шатастыруға болмайды – ол күзгі Топырақ дүлейін паш ету мерекесі.

 

 

Мерекенің тарихи сипаты

Сабатой мерекесінің орнын қазақтың көшпелі өмір салты дәуірлеген кезеңде жайлауға көшу үдерісі басқан. Осы жайлау көші өз бойына Сабатойдың барлық қадыр-қасиеті мен көрінісін сіңіре мерекені жазғы көштің ерекше үлгісін қалыптастырған деуге болады.

Сабатой мейрамының советтік нұсқасы да болғанын ұмытпауымыз керек. Ол – шопандар тойы болатын. Маусым айында қой қоздап, соның нәтижесін шығарып, шопандар слетін шақырып, мәре-сәре мереке өтетін.

 

 

САБАТОЙ мейрамының мезгілі

21 маусым — Күн мен Түннің жазғы арбасу күні. Бұл күн астрономиялық жаздың басы. Жылдағы ең ұзақ күндіз бен ең қысқа түн болып табылады. Бұл күн – Оттың, Судың, Топырақ пен Ауаның одақтасар күні, Жер мен Көктің тұтасар сәті. Бұл – жаздың басталу мейрамы.Бұл уақыт табиғаттың гүлдену көрінісін паш етеді. Жер беті түрленеді, шүйгінденеді, әдеміленеді, көкорай шалғынға оранады. Табиғат от пен қуаттың көзіне айналады. Жаңа туған төлдер марқаяды, піседі. Жан-жануар отығады.  Міне Сабатой мейрамы осы шаққа сәйкес келетін салтанат.

 

Мерекенің мазмұны

 

Сабатой мерекесі жаз маусымының маусымашары, жер бетінің Отығу мерекесі, ең ұзақ Күндіздің мейрамы, жердің шүйгінделуі және адам мен малдың, айуан біткеннің отығу, қуатталу кезеңінің кіріспесі.

Сабатой – оттоқсан аталатын тоқсан күн жазды паш ету салтанаты; Өмірдің көзі ретінде Отқа пен Күнді құрметтеу, Жарықты қадыр тұту, от пен судың үйлесімін тілеу шарасы болып табылады.

Аңырақай тауындағы жартастағы петроглифте бейнеленген  жазғы маусымды байқататын жайылып жүрген баспақ ретінде осы жаз мезгілінің бейнесі бедерленген.

 «Отамалы жақсы болса — от алғанша,

Жаман болса — отағанша».

 

 

Бұл жерде жаздың жайлылығы мен жердің оттылығы, шөптің шүйгіндігі әңгіме болып отыр. «Отамалы» сөзі малдың отығу  ұғымынан туындайды.

Шөптің шүйгіндігі малдың күйлілігінің, адамның ауқаттылығының кепілі. Сол себепті бұл мереке жайлау мен егістің шүйгін шығуының ұлы ғұрпы деуге болады.

Жаз маусымы той мен салтанатқа қолайлы уақыт. Сайып келгенде Сабатой мейрамы От пен Суға, Күндіз бен Түн үйлесіміне қатысты барлық шаралар мен жоралғыларды, ғұрыптарды қамтиды. Бұған жамбы ату, көкпар тарту, айтыс, алтыбақан тебу  секілді қазақ мәдениетіне сіңісті бүгінгі салт-ғұрыптардың, рәсімдердің баршасы да Сабатойға сән беретін шаралар болып табылады.

Сабатойға орда үйлердің қалашығы тән, тағамдар жәрмеңкесі мен сусындар шеруі лайық.

 

Нышандар

Сабатой мерекесінің атрибуттық нышандары мейрамның санаға сіңісуін, қабылдануын тездетеді әрі оның қадырын арттырады.

Құлынды бие – Сабатойдың басты айуандық кейпі болмақ, өйткені, қымыз болмаса саба жоқ, саба қымыздың ыдысы ғана емес, қуаттың көзі ретіндегі нышаны.

Қарлығаш – Ауа дүлейінің белгісі, жаз шыға қарлығаш ұя салады, қазақ халқы оны қанатты дос санайды.Ол туралы талай аңыздар мен әпсаналар сақталған. Бұл құс жаздағы Табиғаттың түлеуін байқататын бірден бір қанатты нышан.

 

Қызғалдық  — Топырақ дүлейінің белгісі, бұл гүл топырақтың қызуын сездіре шешек атады. Төлпан/қызғалдақ Табиғаттың түлеу нышаны, топырақтың қуат ала бастағанын, күннің қызғанын білдіретін далалық білдіргі.

Торсық – Су дүлейінің ыдыстық белгісі, бұл Ұлы даланың басты тіршілік көзі; сусынның басты ыдыстарының бірі.

 

Бауырсақ – Күннің сәулесіндей шашылатын дәм. Қызулы Күннің бейнесін паш етеді, От дүлейінің өнімі. Сол себепті қазақтар қуанышта бауырсақ пісіреді.

 

 

Рәсімдер

Қымызмұрындық.Бұл алғаш рет желіні керіп, бие сауу науқанын ашардағы ғұрып болып табылады. Оны Сабатойда да рәсім ретінде атқарған.  Бұның «қымызмұрындық» аталу себебі, қымыз ішуден арнайы жарыстыру арқылы мұрынды қымызға батырып ішу жоралғысы болса керек. Бұл жоралғы қымыздығын молдығын паш ету ырымынан шыққан.

9 күй. Ежелгі ғұндар ұлы таңды 9 күй тартып қарсы алған. Бұл рәсімі Сабантойға да  жарасымды. Ұлы таңның алғашқы сәулесін қарсы алып, басқы таңға сәлем ету, жас сәулеге шому, алғашқы пәк қуатқа кенелу рәсімі.

Айтыс. Сабатойдың да Өлі-Тірі, Жаз-Қыс, Қыз-Жігіт айтыстары мерекенің өнерлі рәсімдеріне жатады. Сабатойда да жек пе жек айтыс өткені ләзім. Айтыс өнерінің басты негізі жырмен шарпысу,тартысу не сайысу емес, басты түрткі – Ай мен Күн, Жарық пен Түнектің идеологиялық тартысы.

Алтыбақан. Алты бақанды тігінен үш-үштен бастарын байлау мен жетіншісін олардың бастарын қосуға пайдалануда үлкен космогониялық таным жатыр. Алты бақанымыз – Күн мен Айдың үйлесімін паш ету.

 

Ғұрыптар

Жамбы ату. Бұл ғұрыпта Күн мен Айдың шарпысын білдіретін мән бар. Жамбы – айдың мүсіні, жебе – күн шапағының мүсіні.

 

Көкпар. Көкпар ойынының әуелгі қазақы нұсқасы бойынша екі тараптың таласы емес, қанша ауыл ойыншылары қатысса, сонша тараптың тартысы болған.

 

 

 

 

Аластау. Бұл  ғұрып – от дүлейімен тазаруды білдіреді. Аластаудың бірнеше жерден от жағып өрісті, түнекті,өрісті аластау салты бар. Одан басқа үйді аластау бұрыш-бұрышқа шырақты тосу арқылы жасалады. Ал екі қатар тізілген оттың арасынан адамдарды не малды өткізу арқылы да тазарту жоралғысы бар.

 

 

Дәмдер

 

Әрбір мерекенің басты атрибуттары оған тән тағамдармен де айқындалады.

Бауырсақ-шелпек. Жеңімпаз Күн-құдыреттің шашуы, мерекеге тартуы мен сәулесінің бейнесі.Сабатой мейрамында дастарқанға мейлінше шашырата төгілген бауырсақ Күннің бауырлары – сәулесі есебінде тартымды болары сөзсіз. Ал жетінанды яғни шелпекті Айдың нышаны екенін ескерсек, мерекеде оның да міндетті орны бар. Бауырсақ – Күннің шуақтары түріндегі нышан, бұрынғы кездері күн сәулесі секілді бауырсақты дастарқанға шашып тастайтын болған.

 Марқа-сірне.  Маусымға қарай ерте туған қозы марқаяды. Осы кезде марқа етінен сірне жеу барынша кең тараған. Бұл тағам бір жағынан жаздың келгендігін, екінші жағынан жазғы маусымның өнімі ретінде марқайған төлді паш етеді.

Көже – «кө+же» сөзінен, Көктің асы ұғымынан шыққан, көже асу 4 дүлейдің біріккен көрінісі: оған от та, су да, топырақта өнген дақыл да, отты жағуға ауа да қатысады.

Шұбат. Қымыз. Айран. Құрт – Бірліктің нышаны, сүт өнімдері ретінде Жердегі От дүлейінің берекесі, қуаттың берекесі, жан-жануар мен өсімдік әлемінің бірігу нәтижесі.

 

 

Атрибуттар

 

Саба – Су дүлейінің ыдыстық белгісі, бұл Ұлы даланың басты қуат көзі.

Қымыздың бұл қасиетті ыдысы мейрамның басты атрибуты саналады. Сабаның қос түйеге артатын, арбаға салынатын, тіпті бірнеше өгіз жегіліп тартылатын кіреге орнатылған бірнеше тонналық түрлері болған.

 Тайқазан.Тайқазан Оттоқсанның ырыс нышаны, молдық пен береке шақырушы сайман есебінде және халықтың бірлігі мен ынтымағының рәмізі іспетті.

 

 

 

 Торсық. Мес. Көнек.  Сабатой мерекесінің басты дәмі қымыздың және басқа сүт өнімдерінің ыдыстары, молшылықтың нышаны, От дүлейінің антиподы Су дүлейінің белгісі.Бұл ежелгі түркілердің қасиетті ыдысы, онымен Көкке, Күнге сүт тосып, Жерді сүтпен суарып жоралғы жасаған.

Ошақ – сабатой мерекесінің негізгі белгісі, түркі халықтарындағы қасиетті атрибут, өйткені ол оттың бастауы, қайнары болып табылады. Отаяқ – От дүлейінің белгісі, жаманатты аластау рәсімінің басты сайманы.

 

 

 

 

 

Шаралар

Көш-керуен салтанаты.  Қазақтың жайлауға көшу көрінісі шеру ретінде өткізіледі. Қазақ көші отамалы маусымына сәйкес келетін әмбебап мереке мен шараның біте қайнасқан көрінісі.

 

Отамалы жәрмеңкесі

Бұл оттоқсанның ырысы мен берекесін паш ететін шеру болып табылады. Жазғы мереке ұлттық тағамдардың қай-қайсысында жайнатып көрсету мүмкіндігі мол кезең. Сондықтан қазақы тұжырыммен ас-тағамдарды үшке бөліп, береке мен игіліктің жаршысы етіп жәрмеңке мен көрме ұйымдастыру аса қолайлы: ақ – сүт тағамдары, қызыл – ет тағамдары, көк – жеміс-жидек пен көкөністер.

 

Береке шеруі.

Шеру басында Күн мен қарлығаш құсының бейнесі бар көлік түседі де, оған түрлі құстардың балапандары тиелген көлік ереді. Құс балапандарын тегін таратуға да, сатуға да жағдай жасалады.

Екінші лекте көліктерге қызғалдақтың және басқа да гүлдердің көздің жауын алатын көрнек/картина жасалып жүреді. Жолай қызғалдақтан шашу жасалады, қалғаны саудаға түседі.

Үшінші лекте тайқазан толы бауырсақ көлігі бастаған тағамдар жөңкіледі.

Төртінші лекте  сүт тағамдарының шеруі:  айран, сүт,ірімшік, құрт, қымыз, шұбат т.т.

 

 

Серік Ерғали, педагогика ғылымдарының магистрі,

мәдениеттанушы, этнолог