САБАТОЙ – ЖАЗҒЫ  НАУРЫЗ

Сабатой мерекесі — аса ежелгі бабатүркілік тәңірлік танымнан бастау алатын мейрам. Бұл мерекені Наурыздан кейінгі екінші мейрам ретінде атауға болады. «Сабатой» сөзі былғарыдан тігілген қымыз құйуға арналған ыдыс «саба» атауынан шыққан. Былай айтқанда қымыз тойы есебінде қарастыруға болады. Бірақ қымыздың өзі қазақ ұғымында жаз маусымының дәмдік нышаны.

Мерекенің бұл атауы қазақ халқында ұмыт болған, алайда әлі күнге сібірдегі көшпелі өмір салтын ұстанған түркі жұрттарында қолданыста. Бұл мереке түркілік шұбаш жұртындағы «Акатой» мерекесіне сәйкес келеді. Бұл атау – «соқатой» дегені.Шамасы, көшпелі жұрттар жазғы бұл мейрамды қымызбен байланыстырса, отырықшы түркі халықтары егіспен байланыстырады.  Өйткені, осы кезде көшермен жұрттар жаз жайлауға шығып бие байласа, отырық жұрттар алқап жыртып егіске қамданады.

Алайда, бұл мерекені «қымызмұрындық» аталатын ғұрыппен шатастыруға да, татар халқына телініп жүрген «сабантой» мейрамына да шендестіруге болмайды.

Сабатой – жаз маусымының басталуына сәйкес әрі жазғы түн тоқырауына қабат келетін түркі мерекесі. Бірақ, бүгінде жалпытүркілік сипаттан ажырап, ұмытыла бастағанын жасыруға болмайды. Сол себепті көптеген халықтардың этнографиясында бұл атаулас мейрам кездестіру де қиын. Бұл мерекені бүгінде түркі халықтарының ішінде тек қана саха жұрты Ысыах атауымен жоғары дәрежеде жаңажылдық мәртебемен атап өтеді.

 

САБАТОЙдың даналық негізі неде?

Сабатой – ежелгі тәңірлік танымды меңгерген халықтардың даналық сеніміне негізделген Наурыздан кейінгі жаз маусымындағы екінші ұлы мереке.

Түркі халықтары төрт дүлейді/стихияны Жаратқанның ұлы жаратындысы ретінде қастерлеген, бірақ табыну нысаны етпеген.  Ол дүлейлер — су, от, топырақ және ауа. Қытайлар бесінші дүлей ретінде ағашты алады. Бұл да тәңірлік танымнан, бірақ ағаш дүлейге жатпайды, түркілер төрт дүлейді бойына дарытқан, үш қабатты космологиялық әлемді көктей өтіп байланыстыратын әмбебап өзек, ұлы жол ретінде қастерлейді.

Түркі танымында аталмыш төрт дүлейге Уақыттың төрт жылдық маусымы сәйкеседі: көктемге — су дүлейі, жазға — от, күзге – топырақ, қысқа – ауа дүлейі. Соған орай кеңіс те төрт күйге түседі: көктем кезінде жер бетін су қаптайды, дүниенің бәрі сумен араласып, ол кезді қазақ «аласапыран» атайды; жаз маусымында жер бетіне шықпайтын өсімдік қалмайды,шөп біткен шүйгінделеді, адам да, жәндік те, жан-жануар да қорекке қарық болып, қоңданады, физика тілімен айтқанда бойларына қуат жинайды. Қазақ шөбі шүйгін маңды «отты» жер атайтыны осыдан. Күз келгенде жазғы «оттың» бәрі қурап,күзеледі, жерге түсіп, топыраққа айналады. Кеңістік топырақ дүлейіне қызмет етеді. Ал қыс түсісімен ауа дүлейінің патшалығы орнап, жер бетіне орныққа тоқсан күн «желтоқсан» аталатыны содан. Көктем «жылтоқсан» — «жылға – су арнасы» ұғымының түбірі, жаз «оттоқсан», күз маусымы – «күзтоқсан» атала келе бертініректе ұмытылған. Тек қана «желтоқсан» сөзі қыстың алғашқы айының атауына айналып сақталған. Бұл турасында белгілі этнограф Ақселеу Сейдімбек өз еңбегінде атап кетеді.

Сабатой – осындай даналық-тарихи танымға негізделген төрт ұлы мерекенің бірі және ол жазғы маусымның нышаны болып табылатын қымыздың арнайы ыдысының атауымен аталады. Өйткені, сабаның толы болуы да Жаратқанның тілекті беруіне қатысты және  оттоқсанның берекелі-мерекелі болуын қамтитын нышан болып табылады.

Сабатой түркі халықтарында түрліше аталады: татар-башқұрттар бұл мерекені «сабантой» атап, күзгі мереке атауын шатастырып алған, ал сібірлік аз санды көшпелі түркілер бұны «сабатой» деп дұрыс атайды.

САБАТОЙ мен түркілік күнтізбе сипаты

Түркілік күнтізбе аспанға табынған дәуірдегі тәңірлік танымға табан тірейтінін жоққа шығара алмаймыз. Ежелгі түркілік ілімге қатысты уақыт өлшемі Күн жүйесі мен 12 шоқжұлдыздық астрономиялық жүйенің ара қатысына сәйкес қалыптасқан «мүшел» ұғымына негізделген. Кейбір зерттеушілер бұл уақыт өлшемін Күнді 12 жылда бір рет айналатын Юпитердің жолымен байланыстырады.  Бір қызығы, мүшел ұғымы Уақыт пен Кеңіс категорияларын тұтастандыратын  бірден бір ғылыми принцип деуге болады. Онекіжылдық Уақыт ағыны 12 шоқжұлдызды қамтитын Кеңістегі астрономиялық үдеріспен  анықталады. Бір мүшелді түркі мифологиясы түйе жануарының кейпімен түсіндіреді. Демек, бір мүшелді түркі ұғымында макрожыл атауға әбден болады.

Сонда микрожылды 12 айдан, 4 маусымнан тұратын кәдімгі жыл ұғымы ретінде түсінеміз. Ендеше түркілер жылды 4 маусымға бөліп қана қоймай, оған сәйкес дүлей/стихияны және уақыттың сипатын ашатын мейрамдарды да ойластырған. Сөйтіп, түркі күнтізбесі Уақытты ғана емес, Кеңісті де және олардың толық сипаты мен мазмұнын анықтайтын шараларға толы.

Бұл шаралар Адам мен Табиғаттың арақатысын қайшылықсыз, үйлесімді түрде қатынас орнатуға қызмет етеді. Сол себепті де түркілік 4 маусымға сәйкес 4 ұлы мереке адам тірлігін Табиғат дүлейіне сыйыну үшін емес, ең әуелі сәйкес маусымда үйлесім орната отырып, адамның баянды өміріне профилактика жасаған.

Көктемгі теңесімдегі Наурызды алсақ та, жазғы түн тоқырауына сәйкесетін Сабатойды алсақ та, адамның қандай өмір салтымен ғұмыр кешуіне қарамастан бірыңғай мерекелік мазмұнды кемеңгерлікпен қалыптастырған.

Сабатой мейрамы Наурыз секілді астрономиялық ұлы өзгерістерге сәйкес күнтізбенің талабымен шектеледі: қатаң түрде өтетін мезгілі бар және мазмұны сәйкес маусым мен стихия/дүлейді паш етуге бағытталған.

Түркілік күнтізбе маусымы Алматы қаласынан солтұс-батыстағы 170 шақырымдағы Аңырақай жотасында жатқан Таңбалы петроглиф кешеніндегі Сиыр жылы мен антипод ұлы киелер – Тәңір мен Іңір бейнеленген бедерлі панорамода айқын суреттелген. Осында көктем маусымы жаңа туған бұзаумен, ал жаз маусымы жайылып жүрген баспақпен бейнеленген. Өйткені, көктем Табиғаттың туатын, көктейтін шағы да, жаз маусымы туған жануардың марқаятын, шыққан шөптің өсетін, қуаттанатын шағы. Осыларға қарап түркілік бұл мерекелер шаруашылық пен күнтізбенің тығыз қатынасын паш ететін, жымдастыратын идеологиялық таным һәм тәңірлік ритуал деуге болады.

САБАТОЙдың тарихи көріністері

«Сабатой» аталатын мереке бүгінде сібірлік бұрынғы көшпелі түркілерде сақталған. Олар жазғы жайылымға көшу мен бие сауу науқанын осы мейраммен ашқан. Алайда, жалпытүркілік тәңірлік таным мен күнтізбеге сүйене отырып, түркі халықтарының өмір салтына байланысты кейбір ғұрыптар мен жоралғылардың айырмасы бола тұра, оның жазғы «наурыз аналогы» болғандығына күмән жоқ. Ол бертін келе өмір салтының орнығып, белгілі бір этнографиялық дағдылар ажыратыла бастағанына қарай мазмұны мен атауы ғана өзгермесе, оның даналық мәні мен философиялық өзегі, күнтізбелік мезгілі сол күйінде қалып отыр.

Тарихи көздерде сақталған прототүркі/бабатүркілердің далалық, таулық, субойлық және ормандық төрт алқаптық өмір кеңісін игергендігіне қарап, олардың Табиғатты барынша еркін әрі жан-жақты меңгергендігін аңғарамыз. Әдетте далада мал шаруашылығы, тауда метал өңдеу мен ұсталық, су бойында балықшылық пен егіншілік, ал орман алқабында аңшылық шаруашылықтары адамзатқа төрт түлік кеңісті меңгеру үлгісін сыйға тартты. Алайда бұған қарамастан бұл алуан өмір салты ежелгі түркітекті жұрттардың өзара қатынасына кедергі болған емес. Сол себепті олардың этнографиялық сипатына негіз боларлық ортақ космология, ортақ діни наным мен даналық тұтас конструкция болды. Міне соның бір пұшпағы ретінде түркітектілерге ортақ ұлы төртмаусымдық төрт түлік мереке де ортақ тойланды деуге негіз бар. Бұл мейрамдар әу баста әлгі төрт өмір салтына сәйкес төрт түрлі аталуы да мүмкін. Соның бір дәйегі жазғы мейрамның далалықтарда «сабатой», ал субойлық отырық жұрттарда соқатой/акатой аталуы. Әрине, өзге өмір салтына орай бұл мейрамдардың мақсаты да сол салттардың ғұрыптары мен дәріптемесі болып табылады. Ал басқа өмір салтында қалай аталғанын зерттеп, зерделеу қажет.

Атап өткеніміздей, Сабатой мерекесі дәл қазіргі күні толық мейрам ретінде тек қана саха халқында «ысыах» атымен тойланады. Шұбаш халқында бұл  мерекенің «Акатой» аталатын аналогы сақталған. Бұл егіс алқабын жыртудың басымен сәйкеседі, яғни соқа тойы деген сөз. Ал башқұрт, татар халықтары бұны «сабантой» мерекесімен шатыстыра тойлайтыны бар. Бұл атау «сабатой» атауының бұрмаланған түрі деп есептеуге болады, өйткені, сабантой мерекесі күзгі жиын-терін мейрамы болып табылады. Және де «сабан» сөзі түркі халықтарында күзгі егіннің сабағымен (солома) байланысты ұғым. Яғни «сабантой» мейрамы — күзгі мерекенің атауы.

  Жалпы, Сабатой жазғы мереке ретінде тәңірлік танымды сіңірген көптеген халықтарда түрлі аталғанымен тұтас мерекеленеді, мысалы славяндарда — Иван Купала, финдер мен ингерманландтарда – Юханнус, латыштарда – Лиго түрінде тойланады.

Қазақтарда бие сауу науқанын ашатын «қымызмұрындық» ғұрпын осы жазғы мейраммен шатастыру бар. Шын мәнінде қымызмұрындық мамыр айында желі тартылып, бие алғаш сауыла бастағанда жасалатын ғұрып болып табылады, оның жазғы мерекеге қатысы жоқ.

Алайда, Сабатой мейрамының советтік нұсқасы болғанын да ұмытпауымыз керек. Ол – шопандар тойы болатын. Маусым айында қой қоздап, соның нәтижесін шығарып, шопандар жиынын өткізіп, мәре-сәре мереке өтетін. Сабатой мейрамының нақты нұсқасы болмаса да, соның орнын басқан советтік ресми мейрам болғаны мәлім.

САБАТОЙ  мерекесінің мазмұны

Жазғы ұлы мерекенің мәні әрине жоғарыда аталып өткен жазғы маусым дүлейі мен шаруашылықты дәріптеуге қажетті жоралғылар мен ғұрыптарды өткеруге негізделген.  Соларды келтіру арқылы мейрамның мазмұнын көз алдымызға келтіре аламыз

Көш. Қазақ халқының жаз жайлауға көшу көрінісі ежелгі Сабатой мерекесінің басты бөлігі болар деген жорамалымыз бар. Өйткені, жайлауға көшу қазақ жадында ең керемет баянды көрініс қана емес, ұлы мерекенің шеруі іспетті тарихи жәдігер болып қалыптасты. Бұл мейрамның бертін келе ұмыт болуына да негізгі осы үрдіс себеп болуы да мүмкін.

Аластау. Оттоқсан маусымының басты мерекесі болғандықтан Сабатойда аластау ырымы ерекше орын алған. Жаңа түнектің әр жеріне түнге қарай от жағу арқылы аластау ғұрыптары жасалған. Ежелгі кездерде оттоқсандағы қуатты молайту ырымы ретінде төбелерге от жағып, оттың күшін молайту рәсімдері болған. Бұған «Отпан» аталатын жер атаулары да дәлел. Жазғы түн тоқырауынан кейін керісінше Күн сәулесінің уақыты қысқара түсетінін білген бабаларымыз бұған сәйкес талай жоралғылар жасаған.

Жерді сүтпен суару. Жазғы ұлы мерекенің ерекше бір рәсімі сахаларда сақталған. Абыз не ел анасы жерге сүтті не қымыз төгу арқылы арнайы рәсім жасайды. Бұл ырым – қара Жерде жарықтың мол болуы мен игіліктің баянды болуын тілеу жоралғысы болып табылады. Қазақтарда сақталған жыланды өлтірмей басына сүт құйып шығарып жіберу де — жыланды Жердің ежелгі киесіне балап, тиіспеу, қастерлеу әфсанасының жұрнағы. Бұл рәсім ежелгі төрт дүлейді сүтпен суару көрінісі де болуы мүмкін. Өйткені, сахалар Ысыах мерекесінде сүтті отқа да құяды. Тәңірлік сенімнің өз күшінде болу дәуірінде сүтпен өзенді, ағашты суару мен ауаға бүрку рәсімі де болған сыңайлы.Бұның артында дүлейлерді жақсылықтың пайдасына бұру ырымы жатыр.

Айтыс. Қазақтың бұл өнері Наурызға ғана қатысты емес, дуалистік бейбіт тартысты паш ету көрінісі. Өлі-Тірі, Жаз-Қыс, Қыз-Жігіт айтыстары сабатойдың да өнерлі рәсімдеріне жатады. Оның үстіне бұл мейрам жазғы түннің тоқырауына сәйкес болғандықтан айтыс әу баста Жарық пен Түнектің бейбіт шарпысы ретінде туғандығын бажайлауға болады.

Айтыс ежелгі Ай мен Күн идеологиялық тартысы болуы керек. Бұлар — жарық пен қараңғының нышандары ғана емес, қарама қарсы сенімнің тартысына негіз болған нысандар. Осыған қарап Ай мен Күннің айтысы болған. Шамасы бұл айтыс айды ерекше нышан ететін ислам дінінің дендеуіне орай доғарылған болуы керек. Бұл тартыс дами келе, түрлене келе бертін қыз бен жігіт айтысын тудырған.

Алтыбақан. Алтыбақан – ойын емес, ойынға тән ереже жоқ.

Алтыбақанды күн батуға дейін құрып бітіреді де, оны тебу салтанатын күн батқан соң бастап, таң атқанша жалғастыру рәсімі бар. Бұл дегеніміз – Жұт (табиғи тапырық — хаос) пен Жаманаттың, Түнектің киесі болып табылатын Іңірге ырық бермеу ниетінің көрінісі, әрекеті, ырымы! Қыз бен жігіттің тербелуі – Күн мен Айдың үйлесімін паш ету, Тәңір мен Іңір таласын болдырмау, антиподтық күштерді жарастыру.

Жамбы ату. Жамбы ату – Күнге табынған ежелгі адамдардың жаңа Күн ұлын таңдау ғұрыптарының бірі болған. Тәңірлік таным бойынша Садақ – Кеңістіктің, Оқ – Уақыттың

баламасы іспетінде бірбүтін Ғаламның, Садақ – Ана тектің, Оқ – Ата тектің,  Садақ – Судың, Оқ – Ағаштың (Бәйтеректің) таңбасы ретінде танылған…».

Көкпар. Көкпар ойынының әуелгі қазақы нұсқасы бойынша екі тараптың таласы емес, қанша ауыл ойыншылары қатысса, сонша тараптың тартысы болған. Бұл тартыс он екі айдың Күнге таласы іспетті ойын.Сөйтіп, он екі тарап қатысқан көкпар тартыс Көктің үлесін, сыбағасын он екі ауылға  (руға,тайпаға) таласуға ұласқан.

Көкпар ойыны айлы түнде тербелетін алтыбақанның күндізгі спорттық нұсқасы іспетті.

Сабантойлық кейіптер

Ұмай ана – аналық негізді тұлға, береке мен қайырымның көзі, жер бетіне Жаратқанның бұйрығымен дарыған игіліктерді туындатушы, еселеуші, молайтушы кейіп; Жердің мифтік бейнесі, киесі. Сабатой меркесінің басты кейіпкері ретінде тұлғалауға тұратын бейне.

Жердің рухы ретіндегі Ұмай ана Көктің дарытқанын молайтушы, құтты нәрселендіруші (материалдаушы) бейне. Береке аталатын игіліктің басы –материалдық байлықтың мәні болып табылады. Берекенің жазғы белгісі – жан-жануар мен өсімдік әлемінің отығуы, күш жинауы, семіруі, шүйгінделуі.

  360 күн. Ежелгі сақтарда ұлы мерекелерде 360 жеткіншекті қызыл мауытымен киіндіріп, шеру жасаған. Бұл да әр тәуліктің қуатын арттырып, жарығын молайту ырымы болып табылған. Сол себепті Сабатойдың кейіптері ретінде 360 шақты-күнді киіндіріп шығаруға әбден болады.

 

Сабатойлық дәмдер

Тағамдар шеруі. Жазғы мереке ұлттық тағамдардың қай-қайсысында жайнатып көрсету мүмкіндігі мол кезең. Сондықтан қазақы тұжырыммен ас-тағамдарды үшке бөліп, береке мен игіліктің жаршысы етіп: ақ – сүт тағамдары, қызыл – ет тағамдары, көк – жеміс-жидек пен көкөністердің жәрмеңкесі мен көрмесін ұйымдастыру аса қолайлы.

Бауырсақ-шелпек. Сабатой мейрамында дастарқанға мейлінше шашырата төгілген бауырсақ Күннің бауырлары – сәулесі есебінде тартымды болары сөзсіз. Ал жетінанды яғни шелпекті Айдың нышаны екенін ескерсек, мерекеде оның да міндетті орны бар.

Сабатойлық атрибуттар

 

Саба. Қымыздың бұл қасиетті ыдысы мейрамның басты атрибуты саналады. Сабаның қос түйеге артатын, арбаға салынатын, тіпті бірнеше өгіз жегіліп тартылатын кіреге орнатылған бірнеше тонналық түрлері болған.

 

 

 Торсық/көнек. Бұл ежелгі түркілердің қасиетті ыдысы, онымен Көкке, Күнге, Жерге сүт тосып жоралғы жасаған. Сақа-якуттар әлі күнге Ысыах мерекесінде осы ыдыспен жерге, отқа қымыздан ауыз тигізеді. Бұл ыдыс ежелгі түркілердің балбал тастарында қашалып, Тәңірдің адамға бұйырған дәм-тұзының нышаны ретінде  қашалған. Ошақ – сабатой мерекесінің негізгі белгісі, өйткені ол оттың бастауы, қайнары болып табылады.

 

Мереке нышандарықарлығаш пен қызғалдақ; қарлығаш жаз шыға ұя салады, ал топырақ қыза қызғалдақ өсіп шығады; бауырсақ – күннің белгісі, қазақтар бауырсақты дастарқанға шашып тастайды, бұл — түнекке орын қалмай, барлық жерге жарық түссін деген ырым.

Сабатой меркесінен гөрі әлемге барынша тараған әрі халықаралық сипатқа ие Наурыз мейрамының өзі талай қудалауға ұшырап тарих шаңын қауып қала жаздады.  Наурыз көптеген атрибуттық және мазмұндық 

тұрпатынан ажырап, қарабайырланып, сүреңсіз тартқан жалғыз мереке емес, бұған Сабатой мейрамын да қосуға болады.  Сондықтан ел болып рухани жаңғыруды қолға алған шақта Сабатой секілді танымы мен мазмұны бай, мағынасы терең этноқұндылықты қалпына келтіру мен жаңғырту — бүгінгі күннің қастерлі талабы.

Серік Ерғали,мәдениеттанушы, этнолог

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.        Исқақов М.Ө. Халық календары/-Алматы: Қазақстан, 1980.318 бет.

2.        Қош келдің, Наурыз! «Ақ орда». «Өлке» баспасы, Алматы қаласы. 1993 жыл, 79 бет

3.        Мифы народов мира, екітомдығы – http://www.gumer.info/bibliotek_Buks/Mifologia/index.php

4.        Олжас Сулейменов. Язык письма.Взгляд в доисторию – о происхождении

письменности и языка малого человечества. Алматы-Рим, 1998 г. 497 стр.

5.        «Қазақ халқының салт-дәстүрлері», Кенжеахметұлы С. — Алматы:

Алматыкiтап, 2005.- 284 с.

6.        «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы

7.        «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, IX том

8.        «Наскальные изображения Южного Казахстана», Ренато Сала, Жан-Марк Деом, 2005

9.        Уәлиханов Шоқан.Таңдамалы.- Алматы «Жазушы», 1980.- 410

10.    Казахи — Алматы: Казахстан, 1995. 352 с.

11.    Махмұд Қашғари «Жаз бен қыс айтысы», Алматы, «Жалын», 1985. – 40 бет

12.    Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шығармалары. Павлодар – «Эко» ҒӨФ,2007,418 б.

13.    Сейдімбек А. Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау. «Санат», 1997.- 464 бет

14.    Серикпаев К. Заповеди Тенгри. Алматы,2016 — 440 с.

15.    Турсунов Е.Д. Древнетюркский фольклор: история и становление. — Алматы:

Дайк-Пресс, 2001. — 172 с.

16.    Ерғали С. Нау мен ырыс: пайымдама / – Алматы: «Қазғұрт» баспасы, 2011. – 184 бет.