Сәби есімі — қоғам айнасы
Өткен аптада таныс биолог ғалым мен бір жас журналист хабарласып, соңғы уақыттағы сәбилер есіміне қатысты ойымызды сұрады. Профессордың күйеу баласы мен қызы перзентіне (яғни биологтің жиеніне) «Аза» деген есімді таңдапты. «Бұл арабта киік пе, қарақұйрық па лағының атауы екен. Бірақ маған біртүрлі ұнамай тұр. Пікіріңізді білейін деп едім…» деді. Біз де салған жерден: «Ойыңыз дұрыс. Қазір некролог «азанама» деп аударылады. Өлім-жітімде «азалы күй», «аза тұту» деп жатамыз. Оның үстіне киіктің лағы керек болса, оны қазекең «құралай» дейді. Араб тілін, ұғымын сыйлаймыз, бірақ мына есімді қоймаған жөн» дедік.
Журналист осы күні рейтингі жоғары Имран, Саид, Айлин, Медина, София т.б. ныспылары туралы сұрады. Бұл азаматқа: «Сүре атауынан бастап ақсүйек тегіне дейінгі араб сөздерінің тарихымызда, әрине, орны бар. Алайда бұған дейін Сейіт, Мәдина т.б. деп жүрсек, енді неге қазақ тілі заңдылығын аяққа таптауға жол бердік? Ал, Ымыранға келсек, дәл осы негіздегі фамилия қазақта ара-тұра байқалып қалады. Соңғы уақытта бізге «кино арқылы енген сәби есімдері», өкінішке қарай, әсіре еліктеуден туғаны рас. Бірақ жаппай қойыла бастауы ұлттық дәстүр мен мәдениеттің әлсіреуінен» деп жауап қаттық.
Тарихқа шегініс жасайық.
1914 жылы Петерборда Мұсылман сиезі өтеді. Күн тәртібіндегі бір өткір мәселе — түркі мұсылмандарының ортақ ресми тілі. Сол жиында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан Абайдан Мағжанға дейінгі ақындар өлеңінен мысал келтіріп: «Табиғи заңдылығын сақтаған осы кестелі тілімізді қалайша ағайындарымыздың әсіре арабтанған, парсыланған жазба тіліне айырбастаймыз?» деп жүйелі, қағидатты пікір айтады.
Сәл кейінірек башқұрттың даңқты қайраткері, ғалымы Зәки Уәлиди Тоған: «Егер Ресей түркі мұсылмандары ортақ тілге көшуі керек болса, біз ондай мәртебеге табиғи таза қалпын сақтаған қазақ тілін ұсынамыз» деп жазды.
Әлбетте, қазір ономастика, ономатика, ономатология саласы күрделеніп тұр. Еліктеу-солықтау әсерінен Ауропа есімдері есіктен де, тесіктен де жадағай еніп жатқаны белгілі. Кеңестік «-ов/-ева, -ович/-евна, -ин/-ина» жыры тағы да белгілі. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде реттеу үшін «Ұлттық аты-жөн туралы» заң ауадай қажет.
Жыл сайын тамыз айында «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланатын жоғары білім грантын жеңіп алған 17-18-дегі жас талаптардың тізіміне қарап-ақ Тәуелсіздік жылдардың «аты-жөн жетістігіне» баға беруге болады. Сауатты, дәстүрлі аты-жөн жоқ емес (олардың ата-анасына рахмет!), бірақ ол 12-15 пайыздан аспайды. Мұны ата-ана қауымына ойлану үшін айттық!
Қазақ тілі заңдылығын бұзып-жарып, нақтырақ айтсақ, аяққа таптап енген «сәби есімдері» нені көрсетеді?
1) Жастар елімізде бұрыннан қалыптасқан дәстүрді тәрк етіп, ата-анасынан немересіне немесе жиеніне ат қойып беруді сұрамайды.
2) Жастар түгіл сол ата-ананың көбі ұлттық дәстүрдің айнасы — ежелгі рухани мұраны, фольклорды, көркем әдебиетті оқымайды.
3) Жасы 20-30-дағы азаматтар арасында ұлттық құндылыққа деген сенім, қағидат азайған. Бәрі есім мағынасын (этимология) гугл-сөздіктен біліп, «Мұның несі жаман?» деген таныммен өмір сүріп жатыр.
4) Бұл осы мәселені жүйелі, сауатты шешуді талап етеді. Ол үшін ұлттық аты-жөн (фамилия, есім) жазылуының бірізді, нормаланған стандарты бекітіліп, оны Азаматтық хал актілерін жазу мен тіркеу мекемелері басшылыққа алуы қажет.
Диқан Хамзабекұлының фб парақшасынан