Сәби өлімі азаймай тұр
Бала – Алла Тағала беретін үлкен нығметтердің бірі. Тоғыз ай он күн құрсақтағы шарананың дүниеге дені сау болып келуі – ата-ананың бір арманы. Иә, «Ауру патшадан дені сау құл артық» деген әлемдік мақал ешқашан маңызын жоймақ емес. Қоршаған ортадағы адам денсаулығына кері әсерін тигізетін факторлардың баршасы сәбилердің ауру болып туылуына, тіпті, олардың өмірге қадам баспай жатып дүниден өтіп кетуіне себеп болып жатқаны ақиқат. Көп қазақтың денсаулық жайындағы ойын оқысақ, бәрінің де ата-бабаларымыз секілді таза ауа жұтып, табиғи өнімдерді пайдаланып, үздіксіз қимыл-қозғалыста болғысы келетініне көз жеткізу қиын емес.
Неге? Өйткені, күнделікті күйбең тірліктен жүйкеге салмақ түсіп, одан ішер асының химикат болғанына, ластанған ауаны ішке тартқанына жаны ауырады. Сөйтіп, бірте- бірте тәні ауырады. Екі аяғын нық басып жүрген есті адамдарға зияны тиіп жатқан түрлі фактордың сәбилерді айналып өтпейтіні тағы бар. Ең өкініштісі, қанша жерден технология дамып жатыр, «біздерде анадай бар, мынадай бар» деп кеуде соққанмен, айтуға аузың бармайтын сәби өлімі өршіп тұр. Онсыз да демографиясын дамыта алмай отырған қазақ халқына мұның өзі артық жүк. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде күн сайын мыңнан астам, ал жылына 400 мыңнан астам сәби жарық дүние есігін ашады екен. Әуелгі кезеңдермен салыстырғанда туу көрсеткіші соңғы бес жылда 3%-ға өскен. Тәуелсіздік жылдары диагностикалау мен нәрестенің бойындағы патологияларды ерте кезеңде анықтаудың заманауи тәсілдерін қолдану нәтижесінде сәби өлімі 1991 жылмен салыстырғанда 2015 жылғы есеп бойынша үш есеге азайған. Бұны сәби өлімін азайтуға бағытталған шаралардың дұрыс жолға қойылып, нәтиже бергенінің көрінісі деп қабылдау керек дейді мамандар. Тіпті, салмағы 500 грамнан 1500 грамға дейін шала туылған балалардың өмір сүруге мүмкіндік алғанының өзі қуантарлық жағдай. Биылғы жаңалықтың бірі – республикамызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тірі туу мен өлі туу өлшемдерін енгізуді есепке ала отырып стационарлық қызметті нығайту мен жетілдіру шаралары басталды. Сондай-ақ, еліміздің барлық өңірінде тиімді перинаталды көмекті енгізу бойынша оқыту орталықтары жұмыс істеп жатқанын айта кету керек. Заманауи технологиялардың сапалы қызметінің де пайдасын жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, емханаларымызда дамудың туа бітті кемістіктерін уақытылы анықтау үшін генетикалық және ультрадыбыстық скрининг жасалады. Оған қоса, перзентхана деңгейінде нәрестелердің есту қабілеті кемістіктерін анықтау бойынша скрининг енгізілген. Неонатальды хирургияның дамуына қарай соңғы үш жылда дүние есігін аша сала ауыр операциядан қайтыс болатын сәбилердің саны 2010 жылмен салыстырғанда 40%-ға азайған. Алайда, ота жасалуы тиіс болған нәрестелердің саны көбеймесе, азаймай тұр. Жауапкершіліктің баршасын мемлекетке артып қоюға әуестеніп кеткеніміз жасырын емес. Бірақ, мемлекеттің өзі халықтан тұратынын ескерсек, сәби саулығына дәрігерлерден бұрын оның ата- анасы жауапты екенін естен шығармау керек. Өзінің жанына, тәніне күзет қойған адамнан ғана сау бала, саналы ұрпақ тарамақ. Сондықтан, келешегімізді ойласақ, мутант болуға сәл қалған қоғамда ақыл- есі дұрыс, он екі мүшесі сау балалар тіршілік етсін десек ең алдымен өзіміз салауатты өмір сүрейік.
Ермұрат ШОПАН