Сәбиқұмарды «тарттырғаннан» не ұтамыз?

Қазіргі ел арасында қызу талқыланып жүрген тақырыптың  бірі — сәбиқұмарларды, яғни біздің сөздік қорымызға жаңа дәуірмен келген педофильдерге химиялық кастрация жасау. Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың наурыз айында еліміздің Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңның жобасы қабылданған болатын. Онда кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қылмыс жасағандарға мәжбүрлеп химиялық кастрация жасау қарастырылған. Ал жуырда мемлекет басшысы Н.Назарбаев оған қол қойды. Заң күшіне енді, бұдан былай педофильдерді бас бостандығынан айырып қана қоймай, еркіндікке шыққанда оларға химиялық кастрация жасалады.

 «Химиялық кастрация  — уақытша шара, яғни бір реттік инъекция. Инъекция жасалғаннан кейін ол өмір бойы сол күйінде қалады деген сөз емес. Мұндай жазаның түрі сот және медициналық ұйым шешімі шыққаннан кейін жасалады. Осылайша, бір баланың болса да өмірін қорғап қалсақ, бұл дұрыс шешім деп ойлаймын», — дейді сенатор Бірғаным Әйтімова. Әлбетте қосыламыз. Енді ғана бүршік атып келе жатқан бейкүнә сәбидің тағдырын ойрандап, ар-намысын қорлау, зорлық-зомбылық жасау — қылмыс атаулының ең ауыр түрі. Егер қылмысы еш күмәнсіз, толық дәлелденсе, ондай азғынды тіпті өлім жазасына кессе де қарсы емеспіз дейтіндердің бірі бізбіз. Алайда… Дүдәмал ой тастауымызға бірнеше фактор себеп болып тұр.

БІРІНШІ ФАКТОР: Біздің елде жасөспірімдерді зорлағандарды жазалау жылдан-жылға күшейіп келеді. Айта кетейік, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енген Қазақстанның Қылмыстық кодексіне алғаш рет кәмелетке толмағандарды зорлағандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. Сот сонымен қатар 15-20 жылға дейін соттау жазасын да таңдауға құқылы. «Жаңа кодекс педофильдер үшін барлық жеңілдіктерге жолды жауып тастады! Олар үшін келесі жағдайлар алынып тасталды: шартты соттау; шартты түрде мерзімінен бұрын босату; кез келген ескіру мерзімі; зардап шегуші тараппен келісімге келу; ауыр жағдайларға душар болғандықтан немесе өз ісіне өкінетінін дәлелдей алғандықтан босату; өтелмеген жаза мерзімін айыппұлға немесе бостандығын шектеу жазасына алмастыру; жазасын балалары барын ескере отырып, кейінге шегеру; амнистия (кешірім беру). Алайда бұған жету үшін ұзақ жолдан өтуге тура келді», — дейді заңгер Ж.Өтебеков. Өте жақсы. Ондай болса, қатаң жаза қолданған жерде химиялық кастрация керек пе?

*****ДЕРЕК: Бас прокуратура таратқан мәліметті алға тартсақ, 2010-2014 жылдар аралығында бұл қылмыс 1885-тен 3623-ке бір-ақ секірген. 2015 жылдың тек алғашқы алты айында 700-ге жуық дерек тіркелген.

ЕКІНШІ ФАКТОР: Біздің елде жала жауып, мойныңа өзгенің қылмысын арқалатып жіберетін «әттеген-айлар» да кездесіп жатады.

Арықбай Ағыбаев, заң ғылымдарының докторы:

— Хирургиялық кастрация арқылы біреуді жазалармыз, кейін кінәсі жоқ болып шықса ше? Сондықтан бұл істе абай болған жөн. Кеңес одағы кезінде ату жазасы болды. Араға бірнеше жыл салып, өлім жазасына кесіліп, атылып кеткендердің кінәсіз екендігі дәлелденіп жататын. Осы сияқты бүлдіріп алғаннан соң қалай қалпына келтіресің, біреу өтірік куә болып, өзге кінәсі жоқ адамның обалына қалуымыз мүмкін. Адам өмірін заңсыз жойғанмен бірдей бұл. Бас бостандығынан айыру жазалары бар, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Оларды қоғамнан оқшаулап, еркіне жібермеуге тырысып, барынша бақылауды күшейту керек деп есептеймін.

Таир Назханов, заңгер:

 -Өкінішті, әрине, бірақ жазықсыз сотталғандар  болып тұрады. Мынандай бір жақсы сөз бар: «Бір жазықсыз жанды соттағанша, он қылмыскерді босатып жіберген дұрыс». Біздің елдің соттары да осы сөзді үнемі естерінен шығармаса игі болар еді. Мамандардың айтқан сөздерінің жаны бар. Естеріңізде болса, өткен жылдың 24 қазанында Тараз қаласындағы «Нұр Отан» партиясының ғимаратында өзін-өзі өртеп жіберген 20 жастағы Ерлан Бектібаевқа «адам өлтірді» деген айып тағылған болатын. Ол өзінің ақ екендігін айтып, қанша шырылдаса да, ешкім сенбеген. Ашынған ол өз-өзіне қол жұмсайды. Ал кейін Данияр Райымбаевтың өліміне кінәлі  Руслан Исраилов деген қылмыскер екендігі анықталады.  Сот оны жуырда 18,5 жыл бас бостандығынан айырды. Марқұмның ажалы қандай аянышты! Аты әлемге әйгілі Чикотилоның қылмысы үшін де жазықсыз А.Кравченконың ату жазасына кесілгенін жақсы білеміз. Егер бала зорлағаны үшін абақтыға айдалып, сот үкімімен қылмыскер атанған жан дәл солай еш кінәсі жоқ болып шықса ше? Оның қоғам алдында қарабет болғаны былай тұрсын, темір тордың ар жағында әсіресе әйел, соның ішінде бала зорлағандарды нағыз тозақтың оты күтіп тұрады. Түрменің өз заңы бар.  Айтпақшы, түрмеде көз жұматындардың басым бөлігі әйел зорлағаны үшін сотталғандар екен.

ҮШІНШІ ФАКТОР: ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьеваның отандық БАҚ-тарға берген бір мәлімдемесінде: — Бұл — өте күрделі мәселе, мен нақты бір шешім айта алмаймын. Себебі үлкен талқы мен зерттеуді қажет ететін жағдай. Химиялық кастрация біраз шығынды қажет етеді. Оған салық төлейтін азаматтар қалай қарайды? Мен өзім бұған өте жауапкершілікпен қарау керек екендігін айтқым келеді. Әрине, жаза керек, бірақ асығыстық жасамай, алдын ала зерттеп, сараптаудан өткізіп, соңғы нүктені содан кейін барып қойған жөн, — деп атап өткен болатын. Шығын демекші, біздің елде химиялық кастрацияға нақты қанша қаржы жұмсалатынын үкімет айтқан жоқ. Ал Латвияда бір адамға 3000 еуро кетеді екен. Аз ақша емес. Ондай болса, химиялық кастрацияның керегі не? Оқырман қауым, бұған сіздер не айтасыздар?

ТӨРТІНШІ ФАКТОР: Химиялық кастрация адам денсаулығына өте зиян екен.

-Мұндай шараның ағзаға кері әсерлері айтарлықтай. Инфаркті қоздырады, инсульт пен атеросклероз ауруларына да әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Оның үстіне, қазір медицинада химиялық кастрацияның күшін жойып, андрогенді, яғни еркектің бойындағы жыныстық қабілетті қайта қалпына келтіріп алатын препараттар бар. Рецептіні кез келген дәрігер жазып бере алады,-дейді «www.1tv. ru» арқылы ресейлік сексопатолог Сергей Агарков.

Жалпы осы химиялық кастрация дегеніміз не?

-Химиялық кастрация — дәрігерлік препараттар арқылы еркектердің жыныстық қабілетін уақытша жою. «Ұлы сөзде ұят жоқ», қазақша піштіруге келеді. Бірақ піштіру деген, өздеріңіз білесіздер, жануарлардың жыныс бездерін алып тастау. Сонымен қатар, тарттыру деген бар, яғни жануарлардың жыныстық қызметін тоқтату мақсатында олардың тұқым шашу қабілетін бұзу. Демек, химиялық кастрация қазақша тарттыруға келеді. Байқап отырғандарыңыздай, атам қазақ піштіруді немесе тарттыруды тек малжануарларға ғана қолданған. Енді міне, адамдарға пайдалануға тура келіп тұр. Өйткені арамызда мал терісін жамылғандар көбейіп барады. Сәбиқұмар түрмеден шыққан соң, мамандар оны медициналық тексеруден өткізеді. Егер де оның  жаман «аурудан» әлі айықпағаны анықталса, дәрігерлер тарапынан оған химиялық кастрация жасау туралы қорытынды шығарылады. Сондан кейін барып сот шешім қабылдайды. Педофильдерге ай сайын  дәрі егіп отырады. Егер дәріні тоқтатқан күні ол бұрынғы әдетіне қайта салынса, тағы тарттырылады. Осылай өмір бойы жалғаса беруі мүмкін.

Қанымызға жат осындай індет бізге қайдан келген?

МАМАНДАР ПІКІРІ:

-Психосексуалдық сана баланың 3-6 жас аралығында пайда болады екен. Сол кездері көпшілік әйелдер ұлын баласынып, жалаңаштанып киімін ауыстырып немесе қасына алып жатады. Ол дұрыс емес екен. Бала санасының улануына негізгі себеп осы болса керек. Ақыл-парасатымен дараланған шіркін біздің қазақтың  аналары-ай! Бұрынғы қазақ әйелінің етек-жеңін жауып жүретін жақсы қасиеті керемет тәлім-тәрбиенің үлгісі екен ғой. «Есті қыз етегін қамтып ұстайды» деген халқымыз 11-13 жасынан бастап қыз балалардың әуретті жерлерін жауып жүруіне айрықша көңіл бөлген. Сондықтан да шығар, қазақтың қанында педофилия атымен де, затымен де мүлде болмаған.

Ежелгі Грецияны басқарған саяси қайраткер және әлеуметтік реформатор Солонның өз заманында тіпті «балаға жақындаған еркекті байқап қалсаңдар, өлім жазасына кесіңдер» деген бұйрық шығарғаны тарихтан мәлім. Демек, сол кездің өзінде сәбиқұмарлар болған. Ал адамдағы мұндай ауытқушылыққа «педофиль» деген ат берген неміс психиатры Рихарда фон Крафт-Эбинга екен, яғни 1886 жылы, Байқап отырғандарыңыздай, сәбиқұмарлардан қоғамға қауіп біздің дәуірімізге дейінгі 600-жылдардан бастау алады екен. Алайда бертінге дейін оны ауруға емес, қылмысқа жатқызған екен. Тек 1968 жылы ғана педофиль ресми түрде аурулар тізіміне енеді.

Негізі педофилия Батыста көп тараған. Онымен бірі күресіп жатса, енді бірі қорғаштап бағуда. Енді біреулері заңдастырғысы келетін сыңайлы. Сорақылық деп осыларды айт! Канадада педофилияны не ауруға, не қылмысқа жатқызбай, ЛГБТ, яғни жыныстық азшылық тобына кіргізіп, олардың құқықтарын қорғайтындар бар. Анау-мынау емес, олар парламентте отыр. Олардың ойынша, сәбиқұмарларды түрмеге қамап, химиялық кастрация жасау — асыра сілтеушілік. Тек Канада емес, Нидерландиядағы «Мартин» қоғамы да педофилияны арашалап әлек. Оның бір себебі, бірқатар сәбиқұмарлардың биліктің өзінде отыруында. Көп елдердің педофильдері жайында нақты ақпарат бергісі келмейді. Өйткені мемлекеттің атына кір келтіруі кәдік. Шын мәнінде «Еуропада сәбиқұмарлық  эпидемияға айналып барады» деп дабыл қағуда мамандар. Қазақстанды білмейміз, бірақ әлемнің көп елдерінде педофилия бизнес көзіне айналып кеткен. Біреулер одан қомақты қаржы тауып отыр. Негізінен 12-14 жас аралығындағы ұл балалар ұрлығымен айналысатын олардың «тауарларын» сатып алушылар құмарын жабайы жолмен қанағаттандыратындар десек, олардың басым бөлігі қалталылар көрінеді.  Өткен жылдары Ресейде зейнетақы қорын басқарған шенеунік құрған бір топ педофильдер тұтқындалды. Оларға 11 баланы зорлады деген айып тағылған.  Нижневартовскіде 22 адам құрықталса (дені шенеуніктер, саяси партиялар мүшелері), Сургутта сегіз адам әшкере болған. Сондай-ақ, Украинаның рада депутатының да үстінен қылмыстық іс қозғалып отыр. «Ұйымдасқан топ Виктор Балоганың басқаруымен ұрланған ұл балаларды шетке сатады екен» деген сөз бар. Мұндай ақпаратты еуропол таратқан-ды. Виктор Балоганың Украина арқылы Шығыс Еуропаға педофильдер үшін бала сататындығын солар анықтаса керек. Бір сөзінде Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры Роза Ақылбекова «менің мемлекеттік қызметтерде жұмыс істейтін таныстарымның арасында гомосексуалдар» бар деп мәлімдеген болатын. Олай болса олардың арасында педофильдердің жоқ емесіне кім кепіл?

Сәбиқұмарлар жынойнағы көп саналатын Азия елдері Тайланд, Филиппин, Шри-Ланка болса, Шығыс Еуропада Румыния, Молдавия, Венгрия, Польша және Болгария. Осы күндері еуропол педофильдермен кешенді күрес жүргізуде. Күмәнді жерлерді тексеру кезінде олар бір ғана түнгі клубтан тоғыз баланы құтқарған. Олардың кейбіреуі Еуропаға жоғарыда сөз болған украиндық депутат арқылы сатылған екен. Ұлыбританияның өзінде бір жылда 1400 педофиль қара тізімге іліккен. Олардың арасында шенеуніктер аз емес. Біздің елде де бала көп жоғалып жатады. Жалпы санын келтірсек, бүгінгі күні 4 мыңға жуық адамға іздеу жарияланған. Олардың ішінде балалар да жоқ емес. Өткен жылдың алғашқы алты айында 300-ге жуық бала жоғалып кеткен. Құдай бетін әрі қылсын, олардың арасында шетелдерге сатылып кеткені болса ше?

Ләззат Билан