Сәбира Майқанованың балалық шағы
Театр және кино актрисасы Қазақтың профессионалды театр өнеріндегі ерекше айтулы тұлғалардың бірі – Сәбира Майқанова өзінің балалық шағы туралы:
Сіңлім менен екі елі ажырамайды. Ертемін де жүремін. Қолдан не келеді? Өмір өзінің кермек дәмін біздерге ерте тарттырды. Бүкіл сәби шағым нан сұраумен өткен сияқты. Екі мұңлықтың қолынан бар келері кісі есігін аңду болды.
Етегімнен тартқылаған Зағипаның әлсіз қыңқылы жанымды жегідей жейді. Біреу аз-маз бірдеңе берсе, соның аузына тығамын. О, қайран өмір-ай! Шынашақтай екі қызға неге сонша кәріңді төктің екен. Сорлы әкем Майқан «қыз-қыз» деп құдайдан тілеп алған Сәбирасы осындай сүреңсіз күн кешер деп ойлады ма екен? Ал менің жүрісім мынау – көрінгеннің есігін аңдып. Жақсы-жаман болса да туған әке- шешең болғанына не жетсін? Оны тек басына қиямет түскен немесе көкірек көзі ашық парасатты адам ғана түсінеді ғой деп ойлаймын. Қазір көз алдыма сол күндерімді елестетсем, денем түршігіп, жаным шошиды. Халі келгендер май қатып, тары көже жасайды. Көбінің тамағы — атала көже. Иісін сезген бетте аңдып жүріп, есіктерден сығалаймыз. Көңілі түскендер кішкене кесеге бірер қасық құйып береді. Олары күн ұзақ аш құрсақ жүрген екі ғаріпке не бола қойсын? Өліп-өшіп суын ішіп, тарысын тауық тәрізді қолымызбен енді теріп жеп бола бергенде, «кетіңдерші, кетіңдер, неге күнде келе бересіңдер?» деп далаға қуып шығады. «Бұларың кім?» деп сұраған біреулерге: «Ой, әлгі Дәнегүлдің жетім қыздары ғой» деп жатады. Жетім деген суық сөз тәңірдің бізге бекітіп берген атау-айдары болды, өз есімімізбен ешкім атамайды. Бұдан өткен қорлық бола ма екен?! Басымнан кешкен сол бір қиындығы мол, көз жасымды көл қылған мехнатты, қайырымсыз да қасіретті күндерімнің көбісін ұмытып та қалған сияқтымын. Кішкентай Зағипаны сүйрелеп, әркімдерге жалтақтаумен өткен сол бір балалық шағым-ай!
Аяғымнан өткен су, өңменімнен өткен желді қалай ұмытармын? Қуанышпен еске алар титтей де сәттердің болмағанына әлі күнге дейін қатты қапаланамын.
Сөз сүйектен өтеді емес пе? «Кісі жіберіп, шақыртайық деп жатыр едік, өздеріңнің келгендерің қандай жақсы болды, төрлетіңдер, төрлетіңдер», деп кекеткен үй иелерінің уытты үндері күні бүгінге дейін құлағымда, оны кек тұтып жатқан біз жоқ. Ұят, ождан, намыс дегеніміз тоқтықта. Кімге ренжисіз?