Сабыр Адай «ADAGIO» (Димаш Құдайберген және ән мен әлем)

Ақ Димаштың аман болсын бір басы,
Кең дүние, ән мен әлем сырласы.
Ай менен Күн – қоштасу мен кездесу,
Қос ғашықтың жүзігі мен сырғасы.
—————-

 

 

«Adagio»

«Adagio», құз басында жаңғырдың,
Шыңырауға көз жасыңды қалдырдың.
Ән екенсің әлай жалған, сұм тірлік,
Жоқ іздеген жүрегіндей жалғыздың.

Періштелер қанатымен тербеп тұр,
Күміс қоңырау көмейдегі өрнек бұл.
Шолпан жұлдыз – ол да қонақ аспанға,
Ай дидарын ақырғы рет көрмек бір.

«Adagio» қақ суына қанбаған,
Құлансың ба – қу далада зарлаған.
Мұнарсың ба – мұңды көзден көшкен бұлт, Тұмарсың ба – аяулыға арнаған.

«Adagio» жер елжіреп, талықты,
Көл дірілдеп, орман үнсіз жалықты.
Димашымның көмейінде көп бұлбұл,
Ән бастауын Хақтан сұрап алыпты.

Тал бүрлейді аман-есен таң асса,
Жан жадырар жақсыменен жанасса.
Сорлы жүрек, не сұрайсың сен одан,
Сезім сөніп, серігінен адасса.

Ағып түсті көзге біткен қарашық,
Таң ұрлады жұлдыздарды таратып.
Жаңа ғана тұр еді ғой қос ғашық,
Жер мен гүлдей, Ай мен Күндей жарасып.
(…Қайда кетті соның бәрі таң асып?! )

«Adagio» – жалғыздықтың айдыны,
Сыңар аққу, сыңсып ұшты қайғылы.
Бірін-бірі жоғалтып ап іздеген,
Қайда қалмақ, қайда бармақ қай күні?!..

Екеу еді, жалғыз-жалғыз қалып жұп,
Шөлдедің бе?!.. Көз жасынан алып жұт.
Өкшесімен өз маңдайын ұрғылап,
Өзегі өрт…кімге айтады қалыңдық.

У ұсынды қара зәрді бал қылып,
Тас көшеде тағдырларды талдырып.
Көшкен бұлттар жүзін бөлек аударды,
Жапыраққа жалғыз тамшы қалдырып.

«Adagio» – шыдам екен шындығың,
Ән көтерді әуелетіп жыр жүгін.
Байғұс әуен бар қуатын жиды да,
Дүниенің айтпақ болды сұмдығын.

Димааш!.. Димаш!..
Жұбата гөр ғаламды,
Он сегіз мың ғалам болып сал әнді.
Балпаң-балпаң балапаны үміттің,
Қауырсыны қан-қан болып таланды.

Қара жерге қанды көйлек кебіндеп,
Адамзат жүр соның бәрін «Өмір!..» деп.
Әр жүректі бодан қылған бір кеуде,
Күш көрсету, содан басқа не білмек.

Димашым-ай, тағы әнге салып бер,
Жүректерге бостандығын алып бер.
Қаптап алған су қараңғы санаға,
Көзін ашсын, әннен шырақ жағып бер.

Әлем деген – жолаушының кемесі,
Жер түңіліп, шығып болды ел есі.
Босатпайды адамзатты ант ұрған,
Миындағы жауыздықтың шегесі.
(.. Сұм ниеттің жебесі мен елесі)

Адамдармыз, астамшылмыз – біз демек, Жүректерді жіпсіз байлап, тіздемек.
Әр кеудеде бодан болған бір жүрек,
Бірін-бірі ән мен ғана іздемек.

«Adagio» – бір бозторғай бозаңда,
Жалғыз қалды, екеу еді озалда.
«Adagio!..»
Бүгін айтшы бәрін де,
Ертең бәрі айналады тозаңға.

Жан берістік, жан алыстық не тынды?!
Таң атқан-ды, болды лезде екінді.
Салт пен сана шыға қашып төрімнен,
Жаназасыз «Жаһанданып…» секірді.

Жанарыңнан көктем бүрлеп шықпады,
Не өзгерді, сен көзіңді сыққалы.
Ақтың жолын қара кесіп келеді,
Сол қараны сорлы халық ықтады.

«Adagio!..», Сен шақырдың шыдамды,
Шыдам деген сырласым ғой, сыралғы.
Дүниенің таңдайынан үн қатып,
Димаш!.. Димаш!..
Тағы айтшы, бір әнді?!
(Мынау төзім енді қанша шыдар-ды?..)

Жәудіреп тұр жаннан өзге дара шың,
Әнмен жалға көк пен жердің арасын.
Кіршігі жоқ кіл періште, ару ән,
Толған айдай мөлт -мөлт етіп қарасын.
(Қозғар, бәлкім, адамзаттың санасын.)

Өлең болып өзіңе мен жетейін,
Бек түсіндім без-заманның көкейін.
Ән сал, Димаш, аппақ сүттей – ақ қайың,
Саялайын, шүкір етіп өтейін.

Ән – қорғаным, жел өтінде қосым бұл,
Әнім туыс, жаннан бөлек досым – жыр.
Бөкен тектес халық едім бөктерде,
Қансыраған сансыз үміт босып жүр.
(Сайын қырда сая таппай шошып жүр)

Кездестік пе?!.. Қоштасамыз, пендеміз.
Арман көкте, адасқандар – жердеміз.
Марапаттың уын ішіп мастанған,
Біз бір жабық, мың құпия пердеміз.

Өмір мынау өксіп жүріп жетілді,
Ай бетіне ноқат түсіп кетілді.
Кездескен жан, қоштасуға дайын бол,
Аймаласқан Ай менен көл секілді.

Тал шыбықтың таң асырып бүршігі,
Сары күздің қоштасқалы тұр түні.
Қоштасуға құстың бейім қанаты,
Боз ботаның жасқа бейім кірпігі.

Жыламаған махаббатты көрмедім,
Ол айыпты, енді, әрине, Сен де мін.
Уақыт күліп жолға тастап жөнелер,
Сылқ-сылқ сыңғырындай теңгенің.

Бітпеген ән, күтпеген жыр бұл әлі,
Тек жауапсыз жалғаншының сұрағы.
Алақанда қоштасудың мөрі тұр,
Жүрегінде – көп төзімнің мұнары.

«Adagio», ән салып тұр Димашым,
Бізге жұмбақ, көкке таныс сырлас үн. Қоштасқандар бірін-бірі іздеп жүр,
Дүниеге сыйғыза алмай бір басын.

Ән сал, Димаш!.. Әлди-әлди, жан бесік,
Жеті қат көк керегіңді ал кешіп.
«Adagio» – ән төресі, әдемі,
Сұлу саздан бір мерейім қалды өсіп.

Сынып түсті шөлмек болып көк аспан,
Екі тағдыр талқан болды адасқан.
Жағалаудан қол созбады жан біткен,
Жан болмады қос ғашыққа қарасқан.

Қарады да бұлттар қашып тарқады,
Енді кімге бұлар үміт артады.
Бақыт тастап еншісіне толқынның,
Уақыт сүйреп бұрымынан тартады.

Кездеспейсің, мынау мұхит кеңшілік,
Тағдырыңды талға байлар енші ғып.
Ғашығыңа бұлғамайсың қолыңды,
Ақ көйлек пен ақ жолынан сен шығып.

Қос жүректі жалғыз-жалғыз бодан ғып,
Маңдайыңа қалай енді қонар құт.
Кездесулер – қоштасудың сәл алды,
Ұмыт бәрін, жүрегіңе болар жүк.

Adagio: төзім – серік, шыдам – ән,
Уақыт солай, бақыт солай сынаған.
Біздің қазақ: «Адамға – адам, қонақ!..» – деп,
Ай көрмесе сағынысып жылаған.

Тозақ оты, жұмақ гүлі, бақ құны,
Кім біледі тірлігіңде нақ мұны.
Таң самалы – тамаша бір сезімнің,
Құлағымда қалып қойған шаттығы.

Кездесу мен қоштасудың құрбаны,
Жағалауда жан біткеннің тұр бәрі.
Өз жүрегін өз қолымен суырып,
Өз бақытын адам байғұс ұрлады.

Керегесін сөгіп тастап, уығын,
Кездеспеудің өмір салды құрығын.
Жан етіңді жанған отқа сал дағы,
Үмітіңе тамызық қыл жылуын.

Гүл қауызын көбелек боп мекенде,
Қоштасуға сен асықпа бекерге.
Сағат тілі – сансыз дауыл, көп құйын,
Сұрамайды сені сүйреп кетерде.

Әсем саздың, сағыныштың қағын іш,
Жүрек деген – мың жанартау, жарылыс.
Қанатыңа қауырсын ғып қыстыр да,
Шамаң келсе ғашығыңды алып ұш.

«SAMAL TAU»

«Адажио», біздің жүрек – «Самалтау»,
Сан үмітке кеш тыныс та, таң арқау.
Ән боп ағып, жылға салып жаныңа,
Жатпақ емес, жанартаулар самарқау.

Емген сүті уызынан адал-ды,
Заман толғап, дәуір тілеп жаралды.
Адамзатты қазақ болып құшақтап,
Біздің Димаш – Біз боп сүйді ғаламды.

Сол «Самалтау» – әр жүректің әлемі,
Жақсылықтан жанның бәрі дәмелі.
Естідің бе?!..
Кәрі құрлық, Адамзат,
Ұл жанында – ұлт арманы бар еді.

«ADAI» KÜIІ

Димаш, Димаш!..
«Адай» күйін тартшы бір,
Ән мен күй бар, одан басқа жат ғұмыр.
Күллі адамзат бір көтерсін еңсесін,
Жылап жүрген қара табан, ақ сіңір.

Тазартып бер көкірегі шаң болса,
Тізе бүксін, тақтан түсіп – Хан болса.
Алашымның намысы бар бұл күйде,
Естір құлақ, «Елім!..» дейтін жан болса.

DIMASH
(Адамзатқа арнау)

Рух ән салып тұр, тамсанып қыр,
Ғарыштың көмейінен бал тамып тұр.
Оятып, қайта тағы жадымызды,
Жаратқан кеудемізге жан салып тұр.

Іздеп тұр ізгіліктен жан азығын,
Ешкімнің аттамауға ала жібін.
Рух ән салып тұр, періштедей,
Сағынып пәктігімен, тазалығын.

Жан салған жеті сазбен тәнімізге,
Білгенге сұлулықтың бәрі бізде.
Жылап тұр өзін іздеп күллі адамзат,
Кім білген ең соңғы бір әніміз бе?..

Күн кештік, соқыр сана түнекпенен,
Кіл соғыс, ашу-араз, бір өкпемен.
Кел, жаным, әлем болып ән тыңдайық,
Бір болған бір кездегі жүрекпенен.

Әсем ән – қимастықтың ғазалы ма,
Тірліктің кімдер келмес базарына.
Рух ән салып тұр, әлмисақтан
Алланың қайта түсіп назарына.

**

Бүгін бармыз, ертеңгіміз елес-ті,
Соның бәрін айтып кеткен ел есті.
Кімге қанша ғұмыр барын сыр қылып,
Түн менен Ай, Күн менен жер кеңесті.
«Көнбеймін!..» деп көз бен көңіл егесті.
Сан асауды
Жер мен жексен күл қылған,
Ауыл сырты кәрі қорым белес-ті.

* * *

Терезе бойлап тершіген қараша келді, қаз кетті,
Өмірдің өзін өгейсіп, ғұмыр да кештік аз-көп-ті.
Пайдасын білмес басының пайымсыз жүрген ақын-ды,
…Ақылы соның аз депті.

* * *

Өзен толқып, дариялар тасынды,
Тау мен тасқа ұрдым мен де басымды.
Не де болса сен күліп жүр, көктем-қыз,
Мен көрмейін сенің мөлдір жасыңды.

* * *

Бөрі жортып келеді қойдан хабар алмаққа,
Қой ақылы – көк тиын, тек құйрығын салмақта.
Бір ұйқысын қандырса қойшы жетпек арманға,
Түлкі, қарсақ күледі, қозы түсті қармаққа.

Серке өлді өтірік, басын бағып сай жақта,
Өз қызығы өзінде қожайын жүр қай бақта?!
Қой үстінде – қиянат, той үстінде –даңғаза,
Тісті болсаң тірлік бар, мынау біздің айлақта.

КӨСЕУ

Боз тораңғыл ошақ іші от-жалман,
Қара ниет – мылтық сынды оқталған.
Күл ішінде күнін күтіп сөнетін,
Қоламтада қызыл қылау шоқ қалған.

Адам отыр жылу іздеп бүрсеңдеп,
О, шіркін-ай, от боп маздап жүрсем деп.
Кәрі мысық иесіне сүйкенді
Ақымақты алдап өмір сүрсем деп.

Өрт жалмады жанған сайын қаттырақ,
Ошақ іші өз құрбанын тапты нақ.
Жез құманның танауынан қайнақ су,
Бу боп шықты тұяқ серпіп, атқылап.

Бәрі мылқау, бәрі соқыр жым-жырт-ты,
Өмір – жыртыс, сол жыртысты бір жыртты.
Қара көсеу тораңғылды тобымен,
Одан сайын отқа тығып, шыңғыртты.

*

«Адам!..» атты бір жұмбақ бар, нүктесіндей ғарыштың,
Күллі болмыс оған жақын, ол бірақ та алыс тым.
Жан мен сана киініп ап, тән тозғанша жер баспақ,
Бұл дүние ақ пен қара, у жаладым, бал іштім.

«Адам!..» атты бір жұмбақ бар, кеңістіктен кеңірек,
Біз боданбыз, ниет-құрсау, оны қашан жеңіп ек?
Шын мәнінде Адам ба, Ол?!.. Хақ біледі қалғанын,
Сол сұраққа жауап таппай, жылап өтер еңіреп.

* * *

Ей, Адамзат
Менің қалың орманым!
Мен – өзіңмін!..
Мен де сендей тордамын.
Ниетің мен өз қолыңның боданы,
Қабағың қан, халің нешік қорғаным?!..

Ей, Адамзат!..
Біз соқырмыз, саңырау,
Жүрген жүріс, алған тыныс бәрі дау.
Өркендедік, өстік дейсің, айналаң
Жесір-жетім, кедей – кепшік, жарымау.

Ей, Адамзат!..
Қай ісіңмен адамсың?!
Білімдісің, ғарыш кезген қадамсың.
Шындығында көктен орын жоқ саған,
Сен себебі, қанды жорық табансың.

Ғылым керек,
Ұлт пен ұлға, адамға,
Оны білмес, кім бар мынау заманда.
Бірақ біздер көлеңкеміз жүрексіз,
Ой келеме, дәл осындай сағанда?!..

* * *

Жұтпа дауыл жұлып алды қайыңды,
Тағдыр солай, ол өлуге дайын-ды.
Ақ сүйегін ақ жаңбырға жудырып,
Жібек шапан жел дұғасын қайырды.

Қырағатшыл қырдың төсі елжіреп,
Тал талықсып, жылап отыр ел жүдеп.
Адамзаттың өз ниеті бұлт болып,
Аспан жақтан атқылап тұр зеңбірек.

Қайың өлді, барған жері топырақ,
Тіршіліктің осы енді соты нақ.
Бір ескертіп кетті маған табиғат,
Жанға көрік, жанарымның отын ап.

Пендеміз ғой бүкірейген, бүріскен,
Жілік жетпей ырылдасқан, үріскен.
Жер шаршады, аспан әне ашулы,
Бір тойымсыз біздің осы жүрістен.

* * *

Күміс таң,
Күміс сәуле,
Шашылған нұр,
Мен өзім, жасап алдым жасыннан жыр.
Дәл сенің жүрегіңнің қақ төрінде
Мен ғой сол, шашылған нұр, ашылған гүл.

Мен ғой сол,
Менің жырым, үлпілдеген,
Өмір бұл: бір күн – шідер, бір түн – көген.
Мен мынау дүниені салып алдым
Жаныма, жүрегіме бүлкілдеген.

Бесікпін,
Беу, күнім сол, тербетемін,
Қатпайды қалың елге, ер бекер үн.
Өлең бе?!.. Өлең деген – сенің өзің,
Жайлаған аспан-айлақ, жер-мекенін.

*

ЕРТЕҢ БӘРІ КЕШ БОЛАДЫ

«Кеше мен әлемді өзгертуге тырысатын «өте ақылды» адам едім.
Ал бүгін өзімді өзгертуге жұмыс жасайтын қарапайым адамға айналдым»

Жалаладдин Руми

Дана отыр өз жанына үңіліп,
Өз шындығын тауып алып, жүгініп.
Ертең бәрі кеш болады жан – қонақ,
Не де болса, өз жаныңды бүгін ұқ.

Дейді маған жан-жүрегім егіліп,
Мен қайдамын?!.. Кері қайттым шегініп.
Құрықтаулы құрға түскен тұлыппыз,
Қайран өмір, не түсіндік, не біліп?!..

Сабыр Адай «Уыз Ана» кітабы