Сабыр, сабыр, бикеш!
Күндеріңіз сәтті өтсін, күле отырыңыздар!
Шу
Тұңғышы дүниеге келген күйеуім құрдасына қоңырау соғып:
– Әке атандым! – деп сүйінші сұрайды.
– Бауы берік болсын! Сәби қалай? Құраш ше? – дейді құрдасы.
– Сәби жақсы. Бірақ неге екенін, Құралайдан сүт шықпай жатыр, – депті күйеуім уайымдап. Сөйтсе, құрдасы жұлып алғандай:
– Әй, ол қыз шуын жеп қойған шығар?– депті. Осы әңгімені маған айтқанда: «Жеген жоқпын» – деп өлердегі сөзімді айтып ақталдым. Сөйтсем, мал жейді екен ғой шуын…
Мария дома?
«Просто Мария» атты сериалдың қызып тұрған кезі. Марат пен Қанат ойнап жүріп үйлерінен ұзап кетті. Кенет сериалдың басталатын уақыты жеткені естеріне түсіп, жанұшыра жүгіреді. Бірақ әлдеқашан басталып кеткенін сезген екеу ауыл шетіндегі орыстың үйіне кіріп, ең болмаса соңғы жағын көріп қалу керектігін ақылдасады. Қақпаны тарсылдата ұрған екеуге есік ашып:
– Что случилось? – деп сұраған Машаға орысшаға шорқақ екі бала «Просто Марияны» көруге болады ма?» дегенді «Мария дома?» деп түсіндірген еді.
Екі жаңалық
Нағашы мен жиені жиеннің үйіне тоңазытқыш алып келе жатыр. Жиені 15-қабатта тұрады. Нағашысы тоңазытқыштың моторы орналасқан ауыр жағын көтеріп келе жатса керек:
– Жиен, демалып алайық. Айтпақшы, қай қабатқа келдік? – дейді.
– Нағашы, екі жаңалығым бар. Бірі жақсы, бірі жаман. Қайсысынан бастайын?
– Жиенжан, жақсысынан баста.
– Жақсысы 13-қабатқа келдік.
– Жаманы ше?
– Нағашы, біз басқа подъезге кіріп кетіппіз.
Қонақ үй
Ауылдан бір бойжеткен қаладағы ең тәуір деген қонақ үйге келіпті.
– Апыр-ай, сіздер қандай адамсыздар?!– дейді ол күтуші әйелге. – Мені астаналық емес, ауылдан келген көп аңқаудың бірі деп қабылдап, осындай тап-тар, қара көлеңке бөлме бергендеріңді қалай түсінсем екен?
– Сабыр, сабыр, бикеш! – дейді күтуші әйел. – Бұл бөлме емес, лифті ғой!
Қызғаныш
Әйелі кешігіп келген күйеуінің үстінен ұзын қара шаш тауып алып: «Бәсе, түнделетіп қайда жүр десем…» – деп әлекті салыпты.
Келесі бір кешігуде түрлі-түсті шашты қолға түсіріп: «Боянатын, сыланатындармен қыдыратын болғансың ба?» – деп сойқанды салады.
Тағы бірде шұқшиып іздеп, ақыры бір тал ақ шаш тауып: «Енді кемпірлерге баратын болғансың ба?» – деп боздапты.
Бірнеше күннен соң әдеттегідей кешігіп келген күйеуінің үстін қанша шұқшиып іздесе де, қолына шаш тұрмақ, қылтанақ ілінбейді. Шаршап-шалдығып, ақыры амалдың жоқтығынан: «Енді таз әйелдермен жүруді шығарыпсың, оңбаған!» – деп ойранды салған екен.
Тайыш, шай іш
Тайыш атаның ұлы әскерден орыс тілді келін ала келді. Енесі:
– Тайышқа шай іш де, – десе керек. Сөйтсе, келін атасына барып:
– Тайыш, шай іш, – деп шақырып келіпті.
Умирать пошли
Аяулым сегізінші сыныпта оқитын. Жазғы демалыста қалалық туыстарының үйіне қонаққа барды.
– Көрші әжей қайтыс болды. Біз сол үйге кеттік, – деп ересек Аяулымға ескертіп кетті үй иелері. Үйдегі кішкентайларға бас-көз болып қалды. Кенет телефон шырылдап қоя берді.
– Алло, кім керек? – деді Аяулым.
– Мама дома? – деді әлдекім орысша сұрақ қойып.
– Нет.
– Папа дома?
– Нет.
– Где они? – деп сұраған адамға аз-кем ойланған қыз «қайтыс болған кісіге көңіл айтуға кетті» деген сөзді ойша орысшаға аударып: «Они умирать пошли» – деп жауап берді.
Элита
Кішкентай Элитаға:
–Біреу сұрап келсе, үйде жоқ деп айта сал, – дедім. Сәлден соң әлдекім есікті ұрды. Сыртқа жүгіріп шыққан Элита:
– Әпкем үйде. Бірақ «біреу сұраса, жоқ деп айт» деген, – деді.
Тауықтың сорпасы
– Апа, сіз ауырып жатқасын мына тауықты сорпа қылып ішсін деп әкелдім.
– Балам, оны қайдан алдың, бізде тауық жоқ еді ғой?
– Оны ауыл шетіндегі Майлыбайдың қорасынан алдым.
– Майлыбай тауығын алғаныңды біле ме?
– Неге білмесін, мені бірталай жерге дейін қуып, жете алмағасын, өкпесі тарылып, қалып қойды емес пе?!
Пышақ пен сабын
Ерлі-зайыпты Самат пен Арай қалаға жаңа көшіп келген еді. Арай күйеуіне:
– Пышақ алып келші, – деді.
Дүкенші көзі аспан түстес, орыс қыз екен. Қырсыққанда пышақ сөзінің орысшасы ойына түспей, әбден қысылды. Әйнектің арғы жағында қаздай тізіліп тұрған пышақтың қатарында қасық, шанышқы, ожау, кесе сынды түрлі ыдыс-аяқ самсап тұр. Самат қолын нұсқаған сайын орыс қыз біресе қасықты, біресе кесені ұстап әбігерге түсті. Кенет Саматтың көзі пышаққа жазылған «нерж» деген сөзге түсті де, жерден жеті қоян тапқандай қуанып:
– А, нерж! Нерж дайте? – деді.
– Это же нож, – деп сықылықтай күлген орыс қыздан Саматтың ұялғаны сонша ұсынған пышағын алмастан, дүкеннен шығып жүре берді.
Мән-жайды естіген әйелі Саматтың қылығына әбден күлді де, дүкенге өзі келді. Әлгі дүкеншіден пышақ алып болып, кір сабын ала кетпек оймен:
– Мыло дайте, – деді.
– Какое мыло, хозяйственное? – деп сұрады сатушы.
– Нет. Грязное мыло дайте, – деді Арай. Сөйтіп, күйеуіне әбден күлген келіншек енді өзі де күлкіге қалды.
Өкпе
Аға-әпкелерін әжесі тысқа шығарып ойнатқанда, 2 жасар Айзерені терезеге тұрғызып қоятын. Кішкентай қыз сырттағыларды терезеден қызықтап, өзі де қанша ұмтылса да әжесі: «Сен үстіңді былғайсың. Құлайсың» – деп үйге қалдырып кететін. Бірде терезеден асыр сала ойнағандарға әдеттегідей көзі қызып қарап тұрған кішкентай Айзере:
– Әже! Әже! – деп дауыстады.
Терезеге қарап:
– Әу, құлыным, – деген әжесіне:
– Өл, қақпас! – деді Айзере аузы бұртиып.
Атасы әжесімен сөзге келгенде осылай деуші еді. Соны жаттап алыпты.
Қай көйлегімді киейін?
Ерлі-зайыптылар тойға баруға жиналып жатыр. Күйеуі:
– Жаным, екі көйлегімнің қайсысын киейін? Екі түймесі түсіп қалғанын ба, әлде жағасы кірін бе?
Кінәлі балалар
Бас киімін адам көргісіз етіп былғап келген баласына шешесі ұрыса бастайды. Ол төмен қарап міңгірлеп болған жайды баяндады.
– Ана балалар кінәлі, тәп-тәртіпті, түп-түзу үйге келе жатыр едім, шәпкімді тартып алып, футбол ойнай жөнелді.
– Сен не істедің?
– Қақпада тұрдым…
Клоунмен төбелес
Түннің бір уағында бетіне опа-далап жағылған жігіт үйіне келеді. Әйелі қатты ашулы.
– Бұл не сұмдық! Беті-басың…
– Айтсам сенбейсің ғой, жаным. Клоунмен төбелесіп қалдым.
Мысық пен күйеу
Күйеуі әйелінің мысығын өлердей жек көреді екен. Үнемі ұстап алып, орманға апарып тастаса, мысық жайбарақат есікті тырмалап тұратын көрінеді. Ашуы алқымына келген күйеуі мысықты қалтаға салып, он шақырым жүрген соң солға бұрылып тағы 15 шақырым, одан тағы солтүстік-шығысқа 12 шақырым, батысқа 20 шақырым жүріп, мысықты сонда тастап кетіпті.
Түн жарымында әйеліне телефон жалғап:
– Мысық қайтып келді ме? – деп сұрапты.
– Кешкісін қайтып келген. Сен қайдасың?
– Ана хайуанға телефонды берші! Мен адасып қалдым, – деген екен.
Қыз бен ұл
– Қазіргі жастар шашты бірінен-бірі қысқа қояды. Киінген киімі анау, қайсысы ұл, қайсысы қыз екенін білмейсің. Қарашы, ана қыздың түріне?
– Қателестіңіз, ол менің ұлым.
– Кешіріңіз, сізді оның әкесі деп ойламаппын.
– Жоқ, мен оның шешесімін.
Дайындаған
Құралай Сейсенбекқызы