Садақ атудан балалар арасындағы республикалық турнирде қарағандылықтар екі алтын алды
Қазақстанның түрлі қалалары мен облыстарынан Қарағандыға садақ ату бойынша республикалық турнирге 150 спортшы жиналды. 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар өздерінің мергендік өнерлерін көрсетті.
Ұлттық спорт түрінен біріншілік төрт жас санаты бойынша өтті: 7-ден 9-ға дейін, 10-нан 12-ге дейін, 13-тен 15-ке дейін және 16-дан 18 жасқа дейін. Сонымен қатар, топтар ұлдар мен қыздарға бөлінді.
Мергендер үш бағытта жарысты. Жас спортшылар олимпиадалық (фито), түрік (путо) және қазақ (жамбы) нысаналарына оқ атты. Мамандардың айтуынша, соңғысы ең қиыны болды.
– Садақ ату соңғы 2–3 жылда жаңадан қарқын ала бастады. Бүгін қатысушылардың саны көп болғаны қуантып отыр. Қызу шайқастар 10-12 жас санатындағы жасөспірімдер арасында өтті. Балалар спортқа қызығушылықпен барады. Көпшілігінде садаққа деген құштарлық бар. Олар қаншалықты көп жаттықса, құлшыныстары соншалықты көбірек оянады, – дейді жарыс төрешісі, садақ атудан Қазақстан чемпионы Айым Тілепберген.
Жарыс қорытындысы бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан және Маңғыстау облыстарының қатысушылары ең көп медаль жеңіп алды. Қарағандылық спортшылар оларға жақсы бәсекелестік көрсете білді. Осылайша қоржынға екі алтын, бір күміс және төрт қола медаль жинады.
Жомарт Шаймұрат