Сайлау 2016: халықтың белсенділігі арттты
Бүгін елімізде Парламент Мәжілісінің депутаттары мен жергілікті мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауы болып жатыр. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Астанадағы Оқушылар сарайында орналасқан №81 сайлау учаскесіне келіп, өзінің таңдауын жасады. Дауыс беру рәсімінен кейін Елбасы: «Мен өзімнің азаматтық құқығымды орындап, бүгінгі сайлауда дауыс бердім. Бұл сайлау біздің тарихымыздағы өте бір елеулі кезең болып саналады. Парламент мүшелерінің шешімімен биылғы кезектен тыс сайлауды өткізіп отырмыз. Осы кезеңде Парламентті жаңарту өте қажет қадам болып отыр», – деді. Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында орналасқан №89 сайлау учаскесіне ҚР Мемлекеттік хатшысы, іскер әйел Гүлшара Әбдіқалықова келіп, өзінің азаматтық таңдауын жасап, жиналған сайлаушы қауымды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, бүгінгі сайлаудың саяси маңыздылығы жөнінде: «Бүгін – қазақстандықтар үшін аса маңызды әрі жауапты күн. Өйткені елімізде үлкен реформалар басталып жатыр. Ал ол реформаларды жүзеге асыру үшін кәсіби Парламент қажет. Жергілікті жерлерде де өмірдің әл ауқатын дамытатын жақсы мәслихаттар керек. Сондықтан да, біз болашақ үшін, кәсіби мамандар үшін, тыныштық пен тұрақтылық үшін өз дауысымызды береміз», — деді Гүлшара Наушақызы
№16 мектептің базасында орналасқан №16 сайлау учаскесінде «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов, №89 сайлау учаскесіне Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров пен Илья Ильиндер келіп, өздерінің таңдауларын жасады.
№89 сайлау учаскесінде халықаралық бақылаушы болып арнайы келген Литваның Парламент депутаттары – Гедиминас Якавонис пен Йонас Ягминас болды. Сайлауға келген бақылаушылар сонымен қатар кітапхананың тыныс-тіршілігімен танысып, «Кітап мұражайын» аралады.
Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының сайлау комиссияларының мәліметтері бойынша, сағат 18:00-ге дейін тізімге енгізілген сайлаушылардың 75,16 пайызы сайлау бюллетеньдерін алып, өздерінің таңдауларын жасаған. Бұл – еліміздің ОСК-ның тарихында бұрын-соңды болмаған, рекордтық көрсеткіш екен.
Шет елдерде білім алып жатқан студент –жастар, іс-сапары, жұмыс жағдайымен жүрген азаматтар да Отандық маңызы бар саяси шараға белсене араласып, өздерінің таңдауын жасады.
Елдос Нүсіп