Сайлау – мемлекеттің демократиялық құндылықтар жолымен дамуының бастауы.
Жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтеді. Бұл 2005 жылы Венгрияда өткен Европадағы сайлау ұйымдарының конференциясында бекітілген.
Сайлау –азаматтық қоғамы бар демократиялық, құқықтық мемлекеттің ажырамас негізінің бірі. Сайлау – мемлекеттің демократиялық құндылықтар жолымен дамуының бастауы.
Сайлау тәуелсіз Қазақстанның тарихымен тығыз байланысты. Тәуелсіздік алған жылдардан бері мемлекетімізде сайлау жүйесі қалыптасып, даму кезеңдерін бастан өткеріп келеді.
Сондықтан еліміз үшін сайлау күні үлкен мәнге ие.
Бұл күндері сайлау саласында жаһандық демократияны қолдауға, сайлау туралы білімді арттыруға және сайлаушылардың сайлауға қатысуға жалпыға бірдей құқығы мен бостандықтарын құрметтеумен қатар, сайлау үдерістерін жетілдіру мәселелері сарапталып, алда тұрған міндеттер талқыланады.
Бүгін аудандық аумақтық сайлау комиссиясы мен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Жаңатас көпсалалы колледжінде «Жаңа Қазақстанның жас сайлаушылары» тақырыбында аудан жастарымен кездесу өтті.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Қайрат Серимов, аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулетберді Шортанбаев, жас депутат Бауыржан Балғабай, сайлау комиссиясының мүшелері, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері мен жастар қатысты.
Шараны ашып, жүргізген аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулетберді Шортанбаев дүниежүзілік сайлау күніне орай, сайлаушылардың салмағын құрайтын қоғамның негізгі бөлігі жастардың сайлау науқандары кезінде белсенділік таныту қажеттілігін айтып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Сондай-ақ, жиында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Серимов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков сайлау күні мерекесіне орай, құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін жеткізді. Бұдан соң аудандық мәслихаттың депутаты Бауыржан Балғабай «Жастар және сайлау» тақырыбында сөз сөйлеп, алдағы сайлау науқандарына жастарды белсене ат салысуға шақырып, үндеу тастады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ләззат Ерсейітова «Сайлау жүйесі» тақырыбында хабарлама жасап, қатысушыларды сайлау ережелерімен таныстырды.
Жиынға қатысушылар өзара пікір алмасып, өз кезегінде жастар сайлауға байланысты көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алды.