САЙЛАУХАН ҒАЗИЗҰЛЫ: «ӘР ҚАЗАҚ ӨЗ ТІЛІНЕ БЕКЕМ БОЛСА, БІЗДІ СЫРТТАН ЖАУ АЛМАЙДЫ»

Сайлаухан Ғазизұлы Райымбеков «Қазақтелеком» АҚ Басқармасы төрағасының кеңесшісі,  экономика ғылымдарының  докторы, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және тағы да басқа мемлекеттік наградалармен марапатталған, «Үздік мемлекеттік қызметші» атағының иегері, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесі ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму  бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесі басшысының орынбасары лауазымдарын атқарған. Тіл жанашыры, өзіндік ұстанымы, толғамды ойы бар азаматпен арнайы сұхбат құрып, оны оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

         Сайлаухан Ғазизұлы, тәуелсіздік алғалы 25 жыл. Мемлекеттік тіл қазақ тілі. Сөйте тұра мәселе көп. Сіздің көзқарасыңыз бойынша, мемлекеттік тілдің бүгінгі деңгейі қалай? Көңіліңіз тола ма?

Енді қарап отырсаңыз, 25 жыл деген тарих үшін уақыттың мыңнан бір бөлшегіндей ғана мерзім. «Ел жылда ел жаңа» демей ме халқымыз. Көңілім толады десем, онда тіл төңірегінде атқарылуы тиіс үлкен шаруалардың алда екені есіме түседі, толмайды деп, мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарды жоққа шығарып тастауға да болмайды ғой. Меніңше, мына бір нәрсені естен шығармауымыз керек: әр қазақ өз тіліне мығым болса, ана тілімізге сырттан келетін жау жоқ. Тек қана қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде әлеуметтік-коммуникативтік рөлін күшейту, ісқағаздары, ұлтаралық қарым-қатынас тілі дәрежесіне көтеру үшін жұмыстар жалғаса беру керек.

Екінші жағынан, тіл мәселесін көтергенде қара бастың жарнамасы үшін жұмыс істеудің қажеті жоқ. Әркім өз ісін орнында отырып, ешкімді тілді білмейсің деп кемсітпей-ақ,  керісінше білгенімен бөлісіп, бағыт беріп,  қажетті деңгейде орындап отырса, түйін өзінен өзі тарқатылады.

— Тілді күштеп енгізудің қажеті жоқ дегенді меңзеп отырғаныңыз байқалады. Онда еліміздегі тілге шорқақ жастарға қазақ тілін үйрету үшін қандай қадамға барған дұрыс деп ойлайсыз?

Ең бастысы,  қазақ тіліне деген қажеттілік туғызу керек.  Керек десеңіз, жастардың тілінде ол сәнді тілге айналуы қажет. Меніңше, ағылшын тілін тез меңгеріп алудың себебі, ең алдымен, осы тілге деген қажеттіліктің барлығы және маңыздылығы. Өйткені ағылшын тілін білген адам жақсы жалақыға, жақсы қызметке көтеріліп, мамандығына қажетті сан алуан ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігіне ие болады. Осыны түсінген тіл үйренуші барын салып, аз ғана уақытта нәтижеге қол жеткізіп жатады. Қазақ тіліне де Қазақстанда осындай жағдай туғызуымыз керек.

 

—  «Қазақтелеком» АҚ үлкен ұжым. Байланыс саласы сіздерге тәуелді. Мемлекеттік тілдің жандануына қаншалықты үлес қостыңыздар? Өзге өңірлердегі, әсіресе, солтүстік аймақтардағы әріптестеріңіздің тілдік қоры жетілді ме? Мемлекеттік тілдің «Қазақтелекомдағы» үлес салмағын атап өтсеңіз.

Өзіңізге белгілі, «Қазақтелеком» АҚ байланыс және телекоммуникация  саласында жүйе құраушы ірі компания және халықпен бірден бір тығыз жұмыс жасайтын ұйым. Сондықтан тұтынушылармыздың өздері өтініш жасаған тілінде, оның ішінде мемлекеттік тілде сапалы ақпарат алуы бойынша конституциялық құқығын ескере отырып, компанияда  қазақ тілі мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Басқалай болуы мүмкін де емес.

Жалпы, компаниядағы мемлекеттік тілді енгізу бойынша жұмыстар кеше басталған жоқ.  Бұл жұмыстар 1997 жылдан бастау алады және  сол кездегі талаптарға толықтай сәйкес болды.

4 жыл өткен соң, Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл елімізде мемлекеттік тілді енгізу және дамытудағы бірден-бір жүйелі, жан-жақты қамтылған алғашқы құжат болатын. Міне, осы мемлекеттік бағдарламаны негізге ала отырып, компанияда 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тілді ісқағаздарына енгізудің төрт кезеңдік бағдарламасы әзірленіп, іске асырылды. Осындай жүйелі құжаттың арқасында «Қазақтелеком» АҚ мемлекеттік тілді дамыту ісінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Оған дәлел, 2010 жылы ҚР Байланыс және ақпарат министрілігінің Қоғамның мемлекеттік тілді енгізу жұмыстарын үздік деп танып, оң іс-тәжірибе ретінде саладағы басқа компанияларға тарату туралы ұсынымының шығуы.  Бұл үлкен жетістік деп айтуға болады.

Баршамызға белгілі, 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама іске асырылған соң, мемлекеттік тіл саясатына сәйкес екінші кезеңдік 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бекітілді.

Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында қойған міндеттерді іске асыру мақсатында және Қоғамда 2020 жылға дейінгі мемлекеттік тіл саясатын ескере отырып, тиісінше 2011-2013 жылдар мен 2014-2016 жылдарға есептелген мемлекеттік тілді енгізу мен дамыту бағдарламасының І және ІІ кезеңдері іске асырылды, нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізілді.

Кешіріңіз, осы жерде сөзіңізді бөлейін. Компанияда осы бағдарламаларды іске асыру тетіктері қандай? Белгілі бір қалыптасқан жүйе бар ма?

Әрине, дұрыс байқап отырсыз. Компанияда мемлекеттік тілді енгізу жұмыстары бойынша қалыптасқан белгілі бір жүйе бар. Нақты бағдарлама және орындалуы тиіс міндеттер айқындалған.

2011 мен 2016 жылдар аралығындағы компанияда мемлекеттік тілді енгізу және дамыту үдерісіне жүргізілген тоқсандық мониторинг деректеріне жүйелі түрде жүргізіліп келген талдау, қалыптастырылған іс жүргізушілер институты әлеуетінің қабілетін және Қоғамның жалпы құжат айналымында мемлекеттік тілде құжаттар дайындау үлесінің өсу қарқынын әрі қарай қамтамасыз ете алатынын көрсетіп берді. Яғни, әрбір іс жүргізуші қызметкерден қазақ тілінде құжаттар жүргізуді талап ете отырып,  «қазақ тілі аударма тілі» деген қалыптасқан түсініктен біртіндеп арылу.

Бұл компаниядағы қазақ тілін енгізу және дамыту мәселесі формальды сипатта емес екенін дәлелдейді.

 

ТІЛДІК ОРТА ҚҰРУ ТІЛДІ ДАМЫТУДЫҢ БАСТЫ ШАРТЫ

 

Кезең-кезеңмен іске асқан бағдарламалардың нәтижесіне тоқталсаңыз. Осы жерде «тілді меңгерген қызметкерлер саны діттеген деңгейге көтерілді ме?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұған не дер едіңіз?

Иә, әрине, нақты нәтиже бар. Жоғарыда айтып өткенімдей,  жүйелі жұмыстардың арқасында мемлекеттік тілді меңгерген жұмыскерлердің саны өсіп отыр. Мысалы, 2014 жылдың қорытындысы бойынша (2011-2013 жылдарға арналған бағдарламаның І кезеңін іске асыру нәтижесі) компаниядағы жалпы қазақ тілін меңгерген жұмыскерлер саны 14 083 немесе 50,4% болса, 2016 жылдың қорытындысы бойынша қазақ тілін жетік меңгергендердің саны 15 003 болды, яғни тілді меңгергендер саны 920 жұмыскерге өсті.

Бұл  бизнес-үдерістерді оңтайландыру және филиалдарды басқаруды орталықтандыру мақсатында «Өрлеу» жаңғырту бағдарламасы бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша Қоғам жұмыскерлерінің штат саны азайғанына қарамастан, көрсетіліп отырған жетістік болып табылады.

Мақсатымыз Елбасымыз өзінің «Қазақстан 2050» стратегиясында белгілеген меже 2025 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қызметкерлер санын 95% жеткізу.

Соңғы жылдардағы мемлекеттік тілге қатысты бағдарламалардың өзге де жетістіктерін санамалап бере аласыз ба?

Компаниядағы тоқсандық/жылдық мониторинг нәтижелеріне қарап отырсақ, Қоғам филиалдарының жалпы құжат айналымында ішкі және шығыс құжаттардағы мемлекеттік тілдің үлесі 100 пайызды құрап отыр.

Бұл ретте Қоғам филиалдарына сырт ұйымдардан қазақ тілінде келіп түскен кіріс хат-хабарлары орташа есеппен 21 пайыздан аспайды. Осыған қарамастан, филиалдар осы хат-хабарлар санатына жауап хаттарды екі тілде беріп отыр.

Компанияның Орталық аппаратында  мемлекеттік тілдегі ішкі және шығыс құжаттардың үлесі орташа есеппен 99 пайызды құрайды.

Қазақ тілін қызметкерлер арасында ұлтаралық қарым-қатынас құралы ретінде дәріптеу мақсатында осы уақыттар ішінде әртүрлі байқаулар, іс-шаралар өткізілді.

Біз 2004 жылдан бастап 20 жуық түрлі байқау өткізген екенбіз. Олар қазақ тілін меңгерген түрлі мамандық иелері арасында әр жылдары өткізілді.

Сонымен қатар, жыл сайын өтетін Тілдер мерекесінде «Самұрық-Қазына» АҚ  портфельдік компаниялары арасында өтетін мемлекеттік тіл бойынша жарыстарға қатысып, үнемі бас жүлде иегері атанып отырдық. Бұл да қызметкерлеріміздің қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығын туғызуға себеп болады деп ойлаймын.

         Соңғы екі жыл ішінде 6191 жұмыскер тиісті тілдік деңгейі бойынша көпдеңгейлі оқыту жүйесі бойынша мемлекеттік тілді оқыту курстарында оқыды.

Қазақ тілін қашықтан оқыту жүйесі арқылы 4791 жұмыскер тиісті  тілдік деңгей бойынша сертификат алды.

Жұмыскерлерді оқу курстарында оқыту Компания қаражаты есебінен өтеусіз негізде жүргізілетінін атап өту қажет.

2014-2016 жылдардың өзінде 12 аймақтық вебинар өткізілді. Биыл да осы вебинарлар өткізіліп жатыр.

Телекоммуникация саласындағы терминологиялық қорды жүйеге келтіру және әрі қарай дамыту үшін қандай жұмыстар жасалуда? Бұлар жайлы мәліметтер, өкінішке орай, өте аз?

Компанияда мамандарымыздың  күшімен мемлекеттік тілде салалық 4 мыңнан аса термин әзірленді және оны ҚР Үкіметінің жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясы мақұлдады, бүгінгі күні осы терминдерді жұмыскерлер күнделікті жұмысында қолданады. Мұның 384-і 2015 жылдың  6 қазанында көрсетілген комиссияда қарастырылды және бекітілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғастырыла береді.

                  Қазіргі уақытта компанияда  «Қазақтелеком» АҚ мемлекеттік тілді енгізу және дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған бағдарламасы (ІІІ кезең) жүзеге асырылып жатыр екен.  Беталысына қандай баға бересіз?

2017 жылғы қаңтар айынан бастап, бірқатар іс-шаралар өткізіп үлгердік. Атап айтқанда, филиалдарымыздағы екі тілде құжаттар әзірлеуді қамтамасыз ететін жұмыскерлер мен мемлекеттік тілді енгізу жґніндегі мамандар їшін «Сыртқы ортамен қарым-қатынас жасау барысында мемлекеттік тілді енгізу және дамыту үдерісіндегі инновациялық технологиялардың қолданысын кеңейту» тақырыбымен арнайы өңірлік  вебинарлар өткізіп, оған 300-ден аса қызметкер қатысты.

Мамыр айында филиалдарымыздағы мемлекеттік тілге жауапты мамандарымыздың басын қосып, «Қазақтелеком» АҚ мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі үздік маманы» конкурсын өткізіп, үздік мамандар мен олардың ең озық деген жобаларын таңдап алдық. Бұл жобаларда тіл мамандарымыз берген ұтымды деген ұсыныстар компанияда мемлекеттік тілді енгізу жұмысын жетілдіре түсуге ықпалын тигізеді деген ойдамыз.

Қыркүйек айында «Самұрық-Қазына» АҚ (Қор) портфельдік компанияларының басын қосып, жыл сайын аталып өтетін тілдер мерекесі аясында  «Ең бірінші бақытым — тілім менің» атты конкурс өткіздік. Онда Қордың ірі компаниялары командаларын додаға қосты.

Біздің компанияның қазақша еркін сөйлеп үйренген өзге ұлт өкілдері (нақтырақ айтсақ, славян ұлтының өкілдері) — мамандарымыздан құралған командасы бас жүлдені жеңіп алды. Бұл — біздің осы конкурс аясындағы үшінші жеңісіміз.

         — Біздің білуімізше, «Қазақтелеком» өз филиалдары арасында мемлекеттік тілді дәріптеп жарыстар өткізіп тұрады. Сол жарыстардың нәтижесі қалай? 

Иә, жаңа жоғарыда айтып өттім, ондай жарыстар жыл сайын компания ішінде де, «Самұрық-Қазына» АҚ тапсырмасы бойынша оның портфельдік компаниялары арасында да, саламыздағы байланыс операторлары арасында да өткізіліп тұрады. Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты — қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде қызметкерлер арасында дәріптеу, оның қолданыс аясын кеңейту, тілге деген қажеттілік туғызу. Мысалы, екі жыл аралығындағы кезеңде өткізілген осындай іс-шараларға тоқталып өтейін.

Қоғамның барлық бөлімшелері мен Орталық аппаратта өткізілген «Наурыз мейрамы — 2015» корпоративтік іс-шарасы Қазақ хандығының 550 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына арналды.

«Қазақтелеком» АҚ мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген үздік фронт-офис басшысы — 2015» республикалық байқауы өткізілді. Оның басты мақсаты — Қазақстан Республикасы Президентінің  «Үш тұғырлы тіл» туралы идеясын қолдау мен насихаттау және тұтынушылармен жұмыс істеу үдерісіндегі мемлекеттік тілдің қолданысын қамтамасыз ету.

Алматы қаласында өткізілген қазақ тілі курстарының оқытушылары арасындағы «Тіл мерейі» атты қалалық байқауында  біздің компаниямыздың атынан «Инфокоммуникациялық технологиялар академиясы» дирекциясының жобасы қатысып, вебинар форматында «Ұлттық құндылықтар» тақырыбында үлгі сабақ көрсетілді.

Қалалық байқау комиссиясының құрамына кірген танымал педогогтар, әдіскер ғалымдар, БАҚ өкілдері қазақ тілінің белді оқытушы мамандары, біздің таныстырылымды өте жоғары бағалады және республикалық байқауға қатысуға жолдама табыс етіліп, жүлделі І орын берілді.

«Тіл мерейі» республикалық байқауында  осы жобамыз жүлделі ІІІ орынға ие болды.

2016 жылы Қоғамда Қазақстан Республикасының 25 жылдық мерейтойына арналған «Наурыз мейрамы — 2016» мерекесі «25 жыл. Бір ел. Бір тағдыр» ұранымен өткізілді. Орталық аппаратта қазақ халқының ұлттық ойындары мен жарыстарын насихаттау бойынша заманауи талапта тимбилдинг пішінінде жарыстар өткізілді;

«Қазақтелеком» АҚ филиалдарының «Ұйымдастыру-бақылау қызметінің /бөлімінің мемлекеттік тілді меңгерген үздік басшысы — 2016» және «Қазақтелеком» АҚ филиалдарының «Қызметкерлерді басқару және дамыту қызметінің/бөлімінің мемлекеттік тілді меңгерген үздік басшысы — 2016» атағына республикалық байқау ұйымдастырылды және өткізілді. Байқауға Қоғамның барлық филиалының өкілдері қатысты;

Астана қаласында «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамының (бұдан әрі — ҚТЖ) бастамасымен «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы мен «ҚТЖ» АҚ еншілес ұйымдарының 11 командасы арасында «Ана тілім — ардағым» атты байқау өтті. Компания осы байқауда көшбасшылық позицияны жеңіп алды.

Қазақтелеком командасының құрамына Қоғам филиалдары — Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстық телекоммуникация дирекциялары және «Телеком-жинақтау» дирекциясының  жұмыскерлері кірді, олардың тең жартысы өзге ұлт өкілдерінен тұрды. Байқаудың қорытындысы бойынша Қоғам командасы бас жүлде — Гран-при  жүлдесін жеңіп алды және жоғары дәрежелі дипломның иесі атанды.

Атқарылып жатқан осындай іргелі жұмыстардың артында тілге жанашыр азаматтардың үлкен еңбегі, сүбелі үлесі тұрғанын атап өтпеуге болмас. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»  демекші, кімдердің ерен еңбегін ерекше атар едіңіз?

Ең алдымен, компанияның жоғары басшылығының тілге деген оң көзқарасы мен қолдауынсыз жоғарыда баяндалған жетістіктерге қол жеткізу мүмкін емес екендігі білгілі.  Компанияның Басқарма төрағасы  Қ.Б. Есекеев, мемлекеттік тілді енгізу және дамыту мәселелеріне жетекшілік етіп отырған Бас директор — Аппарат басшысы Д.Ш.Тұяқов, қазақ тілі бойынша компанияда өткізіліп жатқан іс-шараларға үнемі қолдау білдіріп, көмектесіп отыратын бас менеджер Газиз Назым, мемлекеттік тілді енгізуге жауапты Ұйымдастыру-бақылау департаментінің директоры Н.І.Смағұлова, осы департамент қызметкері Ұ.Т.Қыдырбай, сондай-ақ компанияда ұзақ жылдар бойы қызмет жасаған  К.С.Тыныбекова  секілді азаматтарды ерекше атап көрсеткім келеді.

Сіздердің газеттеріңіздің бас директоры қызметін атқарып отырған қоғам қайраткері, танымал журналист Сәуле Мешітбайқызының, сондай-ақ белгілі қоғам қайраткері  Жандар Кәрібайұлының кезінде біздің компанияда мемлекеттік тілді енгізу жұмыстарының қайнар көзінде тұрғанын, бүгінгі жетіп отырған жетістіктерімізге үлкен еңбектері сіңіп кеткенін айрықша атап көрсету парыз.

 

«ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУІМІЗДІҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ ОНЫҢ КЕМШІЛІКТЕРІНЕН БАСЫМ ТҰР»

 

Қазір қоғамда латын әліпбиі терең талқыға түсуде. Оның қандай пайдасы бар, зияны қанша?

Елбасымыз алғаш рет латын әліпбиіне көшу туралы тапсырма берген уақытта қоғамда әртүрлі пікірлер орын алды. Реформа болған соң, оның артықшылық жақтарымен қатар,  кемшілік  тұстары да болады. Ол — заңды нәрсе. Менің ойымша, осы латын әліпбиіне көшуіміздің артықшылықтары оның кемшілігінен басым тұр.

Қазақ еліне, тілімізге  латын әліпбиі бірінші рет келіп тұрған жоқ. Өздеріңізге мәлім, осы әліпби кириллицаның алдында бізде болды. Ұлтымыздан шыққан ағартушы ғалымдарымыз латын әліпбиімен қазақша газет-журнал шығарып, қайраткерлеріміз ғылыми-әдеби еңбектерін басып шығарды кезінде. «Дала уәлаяты», «Айқап», «Қазақ», «Еңбекші қазақ» және т.б. сол кездерде мерзімді басылымдарға шыққан  тілге қатысты Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамедов және т.б. бастаған ғалым-ағартушыларымыздың ұсыныс-пікірлерін осы латынша нұсқасынан-ақ оқып таныдық. Ешқандай қиындық, түсінбей қалу болған жоқ.

Мемлекет басшысы  латын әліпбиіне көшу туралы жарлыққа  қол қойды. 2025 жылға дейін еліміз осы әліпбиге толық көшуі керек. Бұған әрбір азаматтың атсалысқаны  абзал.

Көзі ашық азамат ретіндегі бүгінгі қазақ баспасөзі туралы ой-пікіріңізді білгім келеді. Өзіңіз  оқырман ретінде кімдерді оқып отырасыз?

Қазақ баспасөзі, менің ойымша, бүгінгі таңда өзіне жүктелген міндетті, яғни қоғамдық пікірді қалыптастыру рөлін өз дәрежесінде атқарып отыр. Әлеуметтік өмірдің маңызды мәселелеріне байланысты туатын қоғамдық пікірді туғызатын халық десек, қазақтың біртуар перзенті Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен айтсам, сол халықтың көзі, құлағы Һәм тілі болып отырған  «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жас алаш», «Жас қазақ», «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Қазақстан Заман» тәрізді қазақ газеттерінің тұрақты оқырманымын. Әрине, қазақ баспасөзінің өсуіне, өрістеуіне мемлекеттік деңгейде көрсетіліп жатқан қамқорлықтарды да айтпай кетуге болмайды. Ол туралы айтылып та, жазылып та жүр. Дегенмен, енді қазақ баспасөзінің, қазақтілді басылымдардың таралымы, ел-жұрттың қолына дер кезінде жеткізілуі — өз алдына сөз ететін ірі мәселе.

Іргелі деген қазақ  тілді басылымдардың таралымы, менің білуімше, 15 000 дана мен 50 000 дананың аралығында. Еліміздегі қазақтілді оқырмандардың санымен салыстырғанда бұл көрсеткіш өте аз, дегенмен бұл аталған басылымдардың web нұсқасының қалалық жерлерде көп тұтынылатындығымен түсіндіруге болатын жағдай тәрізді. Басылымдардың ел-жұрттың қолына жеткізілуінің, меніңше, қалалық жерлерде де, ауылдық жерлерде де проблемалық тұсы бар. Неге  екені белгісіз, басқа өңірлердегі қалаларды қоспағанда, ірі мегаполистер — Алматы мен Астананың өзінде газет-журналдар сатылатын дүңгіршектерден қазақ тілді басылымдарды табу қиын. Қасқалдақтың қанындай қолыңызға түсе қоймайды. Енді осы жағдаймен салыстырмалы түрде шалғайдағы ауыл-аймаққа жеткізілу дәрежесін өзіңіз бағамдай беріңіз.

 

ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ ЫҢЫРАНҒАН ҚАРА НАРДАЙ ЖОЛДА КЕЛЕДІ…

 

Сонда бүгінгі қазақ баспасөзіне не жетіспейді?  Ойыңызды бүкпей жеткізсеңіз.

Әңгіме қазақтілді басылымдардың төңірегінде өрбіп отырғандықтан, қазақ баспасөзінің оқырманы ретінде көкейімде жүрген мына негізгі  мәселелерді айтып өтуді жөн көріп отырмын.

  1. Бүгінгі ақпарат әлемінде БАҚ-тың қуаты зор болып тұр. Алпауыт машина секілді кез келген көлемдегі ақпаратты қомағайлана жұтып, өңдеп, қайта шығарып беріп отырудан алдына жан салмайды. Бұл азуын айға білеген әлемге танымал басылымдарда орын алып отырған жағдай.

Ал біздің қазақ баспасөзі (бәріне топырақ шашудан аулақпын) әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып отырған түрлі оқиғалар бойынша ақпарат таратуда кештеу қалып жататын жайы бар. Мысалы, ілгері уақытта болып кеткен оқиға (саяси, экономикалық, ақпараттық-технологиялық болсын) бірқатар қазақ басылымдарынан  енді бой көрсетіп жатады. Яғни, ақпарат беруде жылдамдық жетіспейді. Ақпарат дегеніңіз уақытын сәл оздырып алсаңыз, маңызын жойып алады емес пе?

  1. Бүгінгі таңда қазақтілді басылымдардың Ресей басылымдарының ізімен жүретін жағдайы да қылаң беріп қалады. Дайын ақпаратты өзге тілден аударып, қазақ тілінде өзгеріссіз беріп жататын жағдайлар кездеседі. Бұл да, менің пікірімше, дұрыс нәрсе емес. БАҚ өкіліне ең бірінші өзіндік ізденіс, түрлі көздерден өз бетінше ақпарат жинау, оны өңдеп, сапалы етіп халыққа ұсыну қажет. Дайын ақпаратты аударып қоя салу аса қиындық туғызбаса керек. Содан кейін аударма мәтін болған соң, жаппай шетелдік сөздер керегі де, керексізі де өріп жүреді. Немесе олардың мағынасын толық түсіне алмау кездесіп жатады.
  2. Бізде елімізде, әлемде орын алып жатқан саяси, заң, экономикалық, техникалық және т.б. кәсіби, салалық тақырыптарға, проблемаларға жан-жақты терең талдау жасап, халыққа ұсынып отыратын қазақша салалық баспасөз жоқтың қасы. Бұл жерде мәселе осы тақырыптарға жазатын журналистердің аздығынан, тіпті жетіспейтіндігінен болар деген ойдамын.

Сыни көзқарас болса да, ойыңызды шұрайлы тілмен жақсы жеткізіп жатырсыз. Журналистерімізге ізденіс керек екені даусыз.. Бұл тұрғыда сіздің пікіріңізді білсек бола ма?

Жеке көзқарасым бойынша, мәселені шешу үшін елімізге белгілі бір салаға маманданған журналистер қажет-ақ. Мысалы, қазір өзімізге қатысты телекоммуникация саласы бойынша телекоммуникациядағы блокчейн технологиялар, киберқауіпсіздік, Елбасымыз Жолдауында атап көрсеткен «Цифлы Қазақстан» жобасы, шағын және орта бизнесті цифрландыру және заманауи ақпараттық технологияларды шағын немесе орта бизнесте қалай қолдануға болады секілді бағыттарда қазақша мерзімді ақпаратты Қазақстанды үш шарласаңыз да таппайсыз. Ішінара, бірді-екілі болуы мүмкін, оның өзі дайын аударма. Міне, осы мәселе де қазақ баспасөзінің нағыз бәсекеге қабілетті болуына кедергі келтіріп отырған кемшіліктер.

Жалпы, қазақ баспасөзіне, журналистерімізге күйе жағудан аулақпын. Журналистің жұмысы да оңай емес қой. Әрбір мақала үлкен еңбекпен, термен келеді. Оны айтпай өтпеуге болмас.

Қоғамдық пікірді туындататын баспасөздің оқырманы ретінде сол баспасөздің көңілімнің төрінен орын алатын тұстарын да тілге тиек ете кетуді жөн көріп отырмын. Өзім тұрақты оқырманы болып табылатын  ұлт руханиятының айнасы «Қазақ әдебиеті» газеті туралы бір ауыз сөз айтайын: Жұмасына бір рет жарық көретін апталық басылымның оқырманына берері көп. Аты газет болғанымен, болмысы салмақты. «Тұлға» айдарымен берілетін қосымшасының өзі неге тұрады?! Соңғы нөміріндегі әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері, ойшыл Сағат Әшімбаевқа  арнаған қосымшасындағы ақпарат — бір кітаптың айтарын жеткізген дүние. Сағат ағамыздың айтқан ойлары мен ол кісі туралы айтылған пікірлер саналы адамның өміріне азық  боларлықтай. «Ақиқатты айтқан адам айыпты емес, ақиқатты көріп тұрып көзін жұмған адам айыпты» деген Сағат Әшімбаевтың ұлағатты сөзі көзі қарақты жанға ой салары анық.

«Поэзия», «Проза» айдарлары арқылы бүгінгі қазақ әдебиетінің тынысын сезінесіз. Қоғам өміріндегі ең өзекті мәселелер де назардан тыс қалмайды, арнайы бет арналады.  Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы латын графикасына өту мәселесіне қатысты «Бір дыбыс — бір таңба немесе қосарланған әріптер қазаққа керек пе?» тақырыбындағы мақаланың бүгінгі күні күн тәртібінде күйіп тұрған әліпби мәселесін қалың жұртшылыққа түсіндіру бағытында көтеретін жүгі салмақты.

«Қазақ әдебиеті» газетінің тұрақты оқырманы болу деген — әдеби шығармалармен етене таныс болу деген сөз. Мүмкіндігінше қазіргі қазақ әдебиетінің тынысын сезінуге талпынамын.

Осы «Қазақстан Заман» газетінің де тұрақты оқырманымын. Газет бетінде әр кезде көтеріліп отыратын проблемалық мәселелер тереңдігімен, жан-жақтылығымен, мәселені дұрыс қойып, жеткізе алуымен тартымды. «Қамшыбасар» айдарының өзі неге тұрады? Әрбір нөмірін жібермей, электронды нұсқасынан болса да, оқып тұрамын. Мысалы, газет бетінде жуырда байланыс саласының дамуына үлкен үлес қосқан, ардагер-байланысшы, Қазақстанның «Құрметті байланысшысы» Өсербай Қарасаевтың 80 жастық мерейтойына орай арнайы «Біздің сұхбат» айдарымен материал жарық көрген екен. Көңілімнен шықты. Осындай сұхбаттар көп бола берсе екен деген тілегімді білдіремін. Себебі осындай ардагер ағаларымыздың жүріп өткен өнегелі еңбек жолын кейінгі ұрпаққа дәріптеп отырған орынды. Өсербай ағамыз «Адам үшін адал еңбек ─ зор бақыт» депті. Тамаша айтылған сөз емес пе?

Абай, Шәкәрімді ерекше сүйіп оқимын, осы екі ғұламаның шығармашылығы жаныма ең жақыны. Абайдың шығармалары  жұмыс үстелімде үнемі тұрады. Әрбір сәтте  қолыма алып, парақтап, керегін сызып, қарап отырамын және сұрақтарыма жауапты көбіне осы ұлы ақыннан табамын  десем, артық айтқандық емес. Қазақ әдебиетінің алтын қорынан ойып орын алған Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Ілияс Есенберлин,  және т.б. классик-жазушылардың шығармаларын азық етіп өстік. Жазушылар Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкеев, Қабдеш Жұмәділов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев   шығармаларын қолым қалт еткенде қайта-қайта ашып, оқып отырамын. Ақиық ақынымыз Мұқағалидың, Тұманбай Молдағалиев, Қадір Мырза-әлінің  жырларын  ерекше  ықыласпен оқимын.

Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Нағашыбай Қабылбек