САЙРАМДА 10 МЫҢ ІРІ ҚАРА БОРДАҚЫЛАНАТЫН КЕШЕН САЛЫНУДА

Түркістан облысы Сайрам ауданында бір мезетте 10 мың ірі қараны бордақылайтын кешен салынуда. «Нұрым Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау кешенінде қосымша құрама жем шығаратын цех және мал сою алаңы да қарастырылған. Ауданға арнайы сапармен барған облыс әкімі Ж.Түймебаев аталған нысанға аялдап, серіктестіктің алдағы жұмыс жоспарымен танысты.

Сайрам ауданының ауыл шаруашылығы саласы негізінен мал шаруашылығы мен көкөніс өсіруге бағытталғанын айтқан аймақ басшысы бұл кешен іске қосылса, елдегі ет экспорты артатынын атап өтті.

«Аудандағы ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан бері өндірілген өнім көлемі 15 млрд. теңгеден асқан. Ал, осы уақыт ішінде 11 мың тонна шамасында ет, 51 мың тонна сүт, 7 млн. дана жұмыртқа өндірілген. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан кешен аудандағы ең ірі мал бордақылау алаңының бірі болып отыр. Осы қарқынмен жұмысты жалғастыра отырып, өңдеу өнеркәсібіне көңіл бөліп, малды тірідей сатудан бөлек оның етін терең өңдеп сату мәселесін де қолға алу қажет», – деді облыс әкімі.

Ал, кешеннің құрылысымен таныстырған кәсіпкер С.Ертаев кешені іске қосқанда ет экспорты көлемінің арттыратындығын айтты.

«Қыркүйек айында мал бордақылау жұмысын бастаймыз. Жұмыс жоспар бойынша жүргенде күніне 100 бас сиырдың етін өндіруге қол жеткіземіз. Қазіргі таңда, ет экспортауға қатысты Иран және Өзбекстан елдерімен келісім-шарт түзілді. Біздің өнімдерге деген сұраныс өте жоғары. Әзірге тіпті үлгере алмай жатырмыз деп айтуға болады. Мәселен, жыл басынан бері Өзбекстанға жалпы 800 тонна, Иранға 200 тонна ет жөнелтілді», – деді кәсіпкер.

Жоба құны 3,456 млрд. теңгені құрайды. 80 адам жұмыспен қамтылып отырған кешенде жылына 5000 тонна ет өндіріледі.

Айта кетейік, жалпы ауданда 300 бастан жоғары ірі қара бордақылайтын 33 алаңша бар. Ал, жалпы мал бордақылау алаңшаларының саны 900-ге жуықтайды.

Сондай-ақ, өңір басшысы ауданға сапары барысында шетелдерден келген еріктілермен кездесіп, жұмысшы топтың атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, еріктілерге алғыс білдірген облыс әкімі топтың бірқатар мүшелерін марапаттады.

Құрамында дәрігер, құрылысшы сынды түрлі саланың маманы бар еріктілер тобының Сайрам ауданына келгеніне 3 аптаның жүзі болған. Олар мұнда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға түрлі бағытта ақысыз түрде көмек көрсетумен айналысып келеді. Шетелдік қайырымды жандар елімізде тағы 2,5 айға дейін болып, мұқтаж жандарға қол ұын созуды жоспарлап отыр.

 

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі