САЙРАМДА ҮСТЕЛ ТЕННИСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Сайрам ауданында үстел теннисінен 2006-2009 жылы және 2010 жылдан кейін туған ұлдар және қыздар арасында «Aksukent Open» республикалық турнирі басталды. Сайыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Сәбитов арнайы қатысып, үстел теннисінің маңыздылығын айрықша атап айтты. Елімізде бұқаралық спортты дамыту жолында жасөспірімдерге сәттілік тіледі.
Бұдан бөлек, Көлкент ауылының тумасы, мүмкіндігі шектеулігіне қарамастан, үстел теннисінен біраз жылдар бойы ҚР және әлем чемпионатының, спартакиадасының, параолимпиадасының бірнеше дүркін жеңімпазы атанып, жеңіс жалауын желбіреткен жаттықтырушы, ардагер спортшы Туймурат Ешимов өз тәжірибесімен бөлісті.
Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мади Нұрлыбаев сайысқа Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай, Шымкент, Түркістан өңірлерінен, сондай-ақ, Түркістан облысының аудан қалаларынан 14 команда қатысып жатқанын айтты. Жалпы өңірлер мен аудан, қалалардан 19 команда, 228 спортшы бақтарын сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша, 2010 және одан төмен туылған жасөспірім қыздар арасында I орынды шымкенттік Томирис Қосар, II орынды сайрамдық Шохруза Шавкатова, III орынды шымкенттік Ойдин Камилжанова жеңіп алды. Ал 2010 және одан төмен туған жасөспірім ұлдар арасында I орынды шымкенттік Марлен Жұмағұл, II орынды жетісайлық Орынбасар Есімхан, III орынды шымкенттік Абай Жұмағұл алды. 2006-2009 жылы туған жасөспірім қыздар арасында I орынға сайрамдық Шахзода Ахмадалиева, II орынға жетісайлық Назым Серікбай, III орынға сайрамдық Гулера Шавкатова қол жеткізді. 2006-2009 жылы туған жасөспірім ұлдар арасында I орынды жетісайлық Нұржігіт Жолдыбай, II орынды сарыағаштық Рамазан Нәзір, III орынды қостанайлық Тамерлан Балташ иемденді.
I орынға – 100 000, II орынға – 50 000, III орынға – 30 000 теңге қаржылай сертификаттар, «Aksukent Open» республикалық турнирінің арнайы статуеткалары мен медальдары, сондай-ақ, жарыста белсенділік танытқан командаларға да арнайы статуеткалар табысталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі