Сайын Назарбекұлы кім?

Ол қандай еңбегімен, қандай қабілет дарынымен Қазақстан жұртшылығына белгілі болып келеді? «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын…» дегендей, алдымен осы сұрақтарға жауап бергеніміз жөн деп білемін. Ол — ақын, публицист, драматург, төрттағандарымен ой түйіндерін толғата білген, асып-төгіліп жататын дариядай екпінді де сан алуан талант иесі. Оның шығармашылық еңбектері туралы таратып айтсақ, «Парыз», «Абай басқан Жидебай топырағы», «Шерқала» өлең кітаптарын, үш томдық шығармалар жинағын, «Сырласым бол», «Менің Ақ Ордам» атты еңбектерін, драматургия саласындағы «Абай ішіп үлгермеген у», «Ең асыл мұра», «Мен, мен едім, мен едім», «Ақбөбек» пьесаларын, этнография саласындағы «Қазақтың киіз үйі» еңбектерін атап өтер едік. Сайын пьесалары сахналарда табыспен қойылып, көрермендердің ризашылығына бөленіп келеді. Сайын Назарбекұлы сәулетші-құрылысшы мамандықтарын да толық меңгерген, қыруар ескерткіштерді өмірге келтірген маман. «Абай-Шәкәрім мұнаралары» (бас құрылысшы), «Домалақ Ана» (сәулетшісі, бас құрылысшысы), «Хан Ордалы Сарайшық» (сәулетшісі, құрылысшысы) кесенелерін, «Абыл ақын», «Досан батыр», «Омархан-Нұржамал» күмбездерін, Ділдә, Әйгерім, Шәкір Әбенов, Ақылбай сағаналарын салып, елдің мәдени мұрасына айналдырған танымал сәулеткер әрі еңбекқор жан. Кейіпкеріміздің өлең, драмалық шығармаларының қай-қайсысын да оқыған сайын оқи бергің келеді. Өйткені ол жазған дүниелерде қазақ халқының, бүкіл түркі тектес халықтардың өткені мен бүгіні, болашағы туралы толғаныстары шынайы көрініс тапқан. Бұл — Сайын Назарбекұлы  туралы жазушы Дүйсенбі Әріпұлының пікірі.

30 қаңтарда ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жазушы, ақын, сәулетші, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайын Назарбекұлының кітаптарының таныстырылымы және шығармашылық кеші болып өтті.

Кеш барысында сәулетшінің қазақтың белгілі тарихи тұлғаларының басына көтерген кесенелері мен күмбездері және шығармашылығы жайлы әңгімелер қозғалды. Замандастары тарихшы Қойшығара Салғарин, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев т.б. да зиялы қауым өкілдері естеліктер айтып, Сайын Назарбекұлының адами болмысын ашып берді.  Сондай-ақ, «Абай әлеміне саяхат», «Қазақ халқының шежіре тарихы» 8 томдығы, «Жастармен сұхбат» және 5 томдық шығармалар жинағының таныстырылымы өтті.

Сайын Назарбекұлы — қазақ мәдениетіне өзіндік үлесін қосқан тұлғалардың бірі. Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезовтiң ата-анасына, Домалақ ана, «Хан Ордалы Сарайшық», Сұлтанмахмұт бабаларымыздың кесенелерін салды. Сондай-ақ, оның кеңесімен Тоқтамыс батыр күмбезi, Дiлдә, Әйгерiм, Ақылбай, Шәкiр Әбенов сағаналары мен Мамай батыр, Көкбай ақын және Кеңгiрбай баба күмбездерiнiң өмiрге келуiне де елеулі үлес қосты. Осы еңбектерi үшін ол 1996 жылы «Құрмет» орденiмен марапатталды. «Домалақ ана» және «Хан Ордалы Сарайшық» кесенесiн өмiрге әкеліп, халықтың құрметіне бөленгені бөлек әңгіме.

 

Нағашыбай Қабылбек