Сәкен СЫБАНБАЙ: «Португалия чемпион болады деп күтпедім»
Дүниежүзі көз тіккен Еуро-2016 турнирі көзді-ашып жұмғанша өте шықты. Бір айға созылған дүбірлі додада тарихқа жаңа чемпионның аты қашалып жазылып, 15-ші Еуропа чемпионаты өз мәресіне жетті. Фернанду Сантуш баптайтын, Криштиану Роналду бастап шыққан Португалия құрамасы 2004 жылы өз алаңдарында жіберген есесін қайтарды. Бірақ бұл жолы олар гректерді емес азулы француздарды тізе бүктірді. Он екі жыл бұрынғы португалдардың кебін киген Франция құрамасы бұл турнирде финалдағы қарсыластарына қарағанда әлдеқайда жақсы ойын өрнегін көрсеткеніне әлем жанкүйерлері куә. Тіпті, жартылай финалда неміс машинасын жарамсыз еткен Дидье Дешам шәкірттері он алты жыл сайынғы дәстүрлі жеңістеріне оп-оңай қол жеткіземіз деп ойлағаны анық. Дегенмен, бапкері ойыншы кезінде төбесіне көтерген Анри Делоне кубогіне Франция құрамасының қазіргі капитаны Уго Льорис қол жеткізе алмады. Жас та болса турнирдің сұрмергені атанған Антуан Гризман (6 гол) Криштиану Роналдуға биылғы Еуромаусымда осымен екінші рет есе жіберді. УЕФА чемпиондар лигасының финалында ұтылған Гризман Анри Делоне кубогінен үмітті ойыншының бірі болатын. Ал, ілініп-салынып топтан шыққан, плей-офф кезеңінде де бабынан бағы басым болған Португалия құрамасының тарихи жеңісіне таңырқай қарайтындар да аз емес. Солардың бірі белгілі журналист, спорт шолушысы – оның ішінде футбол десе ішкен асын жерге қояр нағыз маман Сәкен Сыбанбаймен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Теңбіл доп тарихын жетік білетін, біліп қана қоймай өткен жылдың соңында «Ала доптың аламаны» атты футбол энциклопедиясын оқырман назарына ұсынған ағамызбен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Жанкүйермін деп кеуде соққан кез келгеннің ойына келе бермейтін статистикаларды білетін ағамызбен болған әңгіме арқылы біз де Еуро-2016 турниріне нүкте қойдық.
-Аға, сіздің әлем футболы жайында білетініңіз секунд сайын жаңарып отыратын Википедиядан да асып түседі. Тіпті, УЕФА-ның өзінде жоқ статистикалар сізде бар. Бұл бұрыннан әуестенген әрекет пе, әлде басқа мақсатыңыз болып па еді?
-Негізінен, футбол мәліметтерін жинауға бала кезімнен әуеспін. Соған қатты қызығып, статистикаларды тіркеп отыратын қойын дәптерім де болатын. Бірақ, оны студент кезімде жоғалтып алып, қайта есептеп жүрдім. Сосын ресейлік қарт журналист Аксель Вартанянның футбол туралы есеп-қисабын, жазғандарын оқып, ала доптың статистикаларын жазуға қайтадан аңсарым ауды. Қателеспесем, сол 1994-95 жылдардан бері футбол нәтижелерін үзбей жазып келемін. Ал, енді мендегі мәліметтердің Википедиядан табылмайтын себебі, мен футбол тарихын сонау 30-жылдардан бастап бүге-шігесіне дейін жинап, статистикасын өз бетімше есептеп, жазып алдым. Яғни, әр турнирдің әрбір матчы, голы, пенальтиі, сары және қызыл қағаздары, т.б. рет-ретімен қолымда тұр. Еуропа чемпионатының тарихта қалған әр ойыны, әртүрлі рекордтар тізбегі де менде бар. Мәселен, алдын ала есептеп білгендіктен осы чемпионат басталған сәтте 600-ші голды кім салады деп сауал тастадым. Алдыңғы статистикаларға қанық болғандықтан енді болатын оқиғаларды да шамалап отырамын. Мұның барлығы қызығушылықтан туындаған деп тағы айтқым келеді.
-Осы орайда заңды сұрақ: Футболдан әлем чемпионаттарын саралап жазған «Ала доптың аламаны» деген кітабыңыз бар. Енді Еуропа чемпионаттары туралы толыққанды мәлімет беретін кітап шығару ойда жоқ па?
-Ондай ойым бар, әрине. Тіпті жаңа кітаптың көп бөлігі дайын тұр десем де болады. Күні кеше өткен турнирді де қосып, толық шолуын жасап Еуропа чемпионаттарының тарихын кітап етіп шығаруды қолға аламын. Құдай қаласа, ол да көп ұзамай қолдарыңызға тиіп қалар.
-Жеке энциклопедияңызда басқа спорттарды да түртіп отырасыз ба?
-Тек футбол мәліметтерін жинақтаймын. Басқа спорт түрлерін жай қарай жүретінім болмаса, олардың тарихын қазбалап, есебін түртіп отыруға ықыласым жоқ. Алайда, өзіміздің жігіттерден кім Олимпиадаға барады, қандай жағдайлар, жаңалықтар болып жатыр дегендей ақпараттармен уақытылы танысып отырамын.
-Енді әңгімемізді Еуро-2016-ға бұрсақ. Өзіңіз күткен нәтижелер қаншалықты деңгейде жүзеге асты?
-Алғаш турнир кестесін көргенімде жартылай финалда Германия мен Франция, Бельгия мен Испания кездеседі деп топшылаған едім. Немістер мен француздардың матчы дәл келді де, Испания мен Бельгия жартылай финалға жете алмай қалды. Болжамым елу пайызға дәл келді деп айта аламын. Сондай-ақ, Исландия топтан шығады деп, Уэльс топтан шыққанымен жартылай финалға дейін жетеді деп ойлаған жоқпын. Екі құрамадан қатты үміттеніп едім. Олар – Хорватия мен Бельгия. Хорваттар Испанияны екінші орынға ысырғанда жартылай финалға дейін сүріне қоймас деп ойладым. Енді Португалияны үшінші орын алады деп ешкім ойламады. Мұндай күтпеген жағдайлар көп болды. Егер Исландия ойыншылары 94-минутта Австрия қақпасына гол соқпағанда португалдар 1/8 финалда Англиямен жолығушы еді. Сөйтіп, олар қиын жаққа кетіп, чемпиондыққа жетуі екіталай болар ма еді… Плей-оффта жолығуы мүмкін қарсыластарынан тек хорваттар мықты саналады. Соларды жеңіп ары қарай финалға оңай жетті.
-Турнир трансляциялары барысында қазақ комментаторларының сынға қатты ұшырағанын жақсы білесіз. Олардың халық ықыласына бөлене алмауына не себеп деп ойлайсыз?
-Бұл тақырыпты бұрын көп қозғап, Амангелді Сейтхандардың кезінде де комментаторлардың кемшілігін айтып, сынап жазған едім. Соңғы кездері бұл тақырыпқа қалам тартпай жүрмін. Өйткені, біздің елде бұл саланың ақсап тұрған тұсы өте көп. Бізде спорт терминдері, футбол терминдері, сол саладағы нюанстарға қатысты сөздер бір жүйеге келтірілмеген, қалыптасып үлгермеген. Былай ойланып отырып жазу оңайырақ та, тікелей эфирде сөйлеу қиынға соғады. Сондықтан, ұсақ-түйек кемшіліктерді елемеуге тырысамын. Ал, өтіп жатқан ойынға қатысы жоқ сөздер, бұрыс аудармалар мен негізсіз терминдерді естігенде әрең шыдап отырамын. Екіншіден, бізде өмір көрген, ақыл тоқтатқан, футболдың ар жақ-бер жағын білетін, сөз саптауы керемет азаматтар жоқ. Көбісі – отызға жетпеген комментаторлар. Жастарды бірден микрофонға тартудың ең жаман тұсы – жүргізіп отырған спорт түрінен білімі терең, жиған-тергені болмаса қателікке оп-оңай ұрынады. Ойынның характерін түсіну, командалардың тактикасын талдап айтуда сөзсіз сүрінеді. Орыстың белгілі комментаторы Юрий Розанов «Я против того, чтобы молодые люди без житейского опыта и профессионального багажа садились за микрофон» дейді. Мен ол кісінің пікірін толық қолдаймын. Өйткені, бүкіл ел, миллиондаған көрермен көретін матчты кәсіби тұрғыдан дайындығы күшті, «багажы» терең комментатор жүргізуі тиіс. Біздің жігіттерімізде осы жағынан шикілік бар. Сөз саптауындағы кемшілікті қоспағанда, футболдың стратегиясын, терминдерін дұрыс сөйлете білуге дағдылануы қажет деп ойлаймын.
-Аға, «багаж» деп жатырмыз ғой, осы кейбір комментаторларымыз багажы басым болып көрерменді жалықтырып алып та жатқан сияқты…
-Енді ол жағы әрқалай. Бір комментаторларымызда ешқандай эмоция жоқ. Алдындағысын оқып беріп, бейне бір ауа-райын жүргізіп отырғандай әсер қалдырады. Кейбір бауырларымыздың керісінше эмоциясы артық. Қазақстан гол салып жатқандай айғайға басуы дұрыс емес, әрине. Исландия комментаторының жан даусын салып айғайлауы орынды. Себебі, ол ондай бақытты сәтті өз көзімен көріп сезінгеннен өзін ұстай алмай қалған, ол түсінікті жағдай. Ал, енді біздікілердің айдаладағы Уэльстің немесе Португалияның голына барын салып айғайлауын өз басым қабылдай алмаймын. Рас, Қазақстан мен Исландия кездесіп жатса онда қазақ комментаторы жанкүйерлік танытып сөйлеуге құқылы. Егер бейтарап ел немесе клуб ойнап жатса бір жаққа жанкүйер болып отыруы оның кемшілігі деп есептеймін.
-Финалдық кездесу, Португалияның тарихи жеңісі жөнінде бірер сөз…
-Соңғы ойын жалпы алғанда тең дәрежеде өтті. Меніңше, екі команда да айқын басымдығын таныта алған жоқ. Өздеріне тән мүмкіндіктерін де пайдалана алмай, ашық ойнай алмады. Бір-бірімен тығыз ойнап, француз шабуылшыларын еркіне жібермеген португалдар қорғаныста сәтті ойнады. Шабуыл шебінде қос команда да есте қаларлықтай ойын өрнегін көрсете алмады. Бір жағынан, финалда қарсыластардың аса сақ ойнайтынын ескеруіміз қажет. Десе де, рахаттанып көретін ойын болмағаны рас. Франция құрамасы жартылай финалда немістерді тізе бүктіргенде финалда жеңіске жетеді деп ойлаған едім. Алайда, жетекші ойыншысы, капитаны ойыннан ерте шығып қалса да сағы сынбай, жігерленіп ойнаған Португалия футболшыларынан айласын асыра алмады. Өз басым екеуі де мен жақтасатын команда болмағандықтан бейтарап көрермен ретінде тамашаладым.
-Оқырмандарымыз үшін қызық болсын. Аға, турнирдегі 666-шы гол туралы айтып өтсеңіз?
-Әр матчтың алдында голды есептеп отыратын әдетім бар ғой. Англия мен Исландия арасындағы матчта Рунидің пенальтиден соққан голы 4-минутқа тіркеліпті. Есептесем, 665-ші гол екен. Ал, одан кейін тез соғылған доптың иесі Рагнар Сигурдссон өзі 6 нөмірлі ойыншы. Оның голы 6-минутта деп тіркелді. Сөйтіп, «Англия — Исландия ойынының 6-минутында 6-нөмірлі футболшы Рагнар Сигурдссон Еуро тарихындағы 666-голды соқты» деп Фейсбуктегі парақшама мен де лезде жариялап жібердім. Футбол болғасын сирек болса да осындай қызықты сәйкестіктер орын алып жатады.
-Әңгімеңізге рақмет! Футбол жөніндегі қызықты мәліметтерді бөлісіп отырудан ешқашан шаршамағайсыз!
Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ