СӘКЕН ЖҮНІСОВ: Балаларымның анасы қайтып, қыздарымды тәрбиелеуді өз қолыма алдым
СӘКЕН ЖҮНІСОВ:
09.02.1994
Балаларымның анасы қайтып, қыздарымды тәрбиелеуді өз қолыма алдым. Қыз баласы — нәзік жан, көп аялауды, баптауды қалайды. Оларға жүрекпен сөйлеу керек, айтқанын жүрекпен қабылдау керек. Содан бір қызым қазақ балабақшасына баратын. Бәрі де жақсы сияқты еді. Бір күні балабақшадан біреу телефон шалады: «Ойбай, бізде ЧП. Ата-анасыз, жиналыс ашамыз, келіңіз» деп. Бардым. Сөйтсем, оқиғаның мән-жайы былай екен. Балабақша басшылары қазақ тіліндегі топтар үшін ауылдың қыздарын жұмысқа алған. Олардың бірлі-жарымы балақандарды «тәртіпке салған» кезде «көгермегір», «жетпегір» т.б. қарғайды екен. Директордан бастап талайлар мінберге шығып әлгілерді қарша боратып сынады. «Қуу керек, босату керек!» дегендей. Содан мен сөз сұрадым: «Айналайындар, мен Сәкен Жүнісов деген классик жазушы ағаларың боламын. Мен қалай жазушы болдым? Мені екі шешем бағып өсірді. Бұзық болған шығармын, бала сотқар болмай тұрмайды, солар мені азаннан кешке дейін қарғайтын. Қазақ тілінің бір байлығы сол қарғыста жатыр. Содан мен жаман болдым ба? Олар мені жақсы көріп тұрып қарғайтын. Себебі, әйел адамы, ұяты бар, боқтай алмайды. Сондықтан қарғайды. Мына тәрбиеші қыздардың басқа жағы дұрыс болса, қарғысында тұрған ештеңе жоқ» дедім. Бұл сөзімнен кейін жиналыс 180 градусқа өзгерді. Менен кейін сөйлегендер де тәрбиеші қыздарды қорғады. Сөйтіп әлгі қыздар аман қалды.
Сұхбаттасқан — Д.Қамзабекұлы.