Сала серпінді дамуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауының «Нақты секторды дамыту» екінші бағдарында ауыл шаруашылығын дамыту саласының өзектілігіне тоқтаған болатын. «…Саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет», – деп атап көрсетті Президент. Яғни стратегиялық ауыл шаруашылығы саласында өңірде де атқарылып жатқан жұмыстар ел әлеуетін арттыруға жұмсалуда. Бұл бағытта ауқымды істер атқарылуда.

Мал қыстату науқаны қалыпты өтуде

Биыл егістік алқаптар мен табиғи шабындықтардың есебінен 1,8 миллион тонна пішен, 64,1 мың тонна пішендеме, 494,0 мың тонна сабан, 65,5 мың тонна сүрлем әзірленіп, өткен жылға қарағанда мал азығы 150,3 мың тонна артығымен дайындалып отыр. Ал дәнді дақылдар балансы бойынша 372 мың тонна астық жемге бөлініп, шаруашылықтарда сақталған.

Сондай-ақ аймақта жылдық қуаттылығы 89,4 мың тонна құнарлы жем шығаратын ірі 4 кәсіпорыннан бүгінгі күні 35,4 мың тонна құнарлы жем әзірленген. Бұдан бөлек, өткен жылдан қалған 82,5 мың тонна пішен, 47,6 мың тонна сабан қоры тағы бар.

Облыста мал қыстату науқанына 503,8 мың мүйізді ірі қара, 3,3 миллион қой мен ешкі, 168,5 мың жылқы, 8,3 мың түйе түсуде. Барлық төрт түлік облыстағы 5862 мал қыстау орындарында орналасқан. Оның 1020-сы шалғайдағы жайылымдарда, яғни құм зонасында жайғасқан. Дайындалған мал азығының негізгі бөлігі қыстау орындарына дер кезінде жеткізіліп отыр.

Қазір аудандарда құрылған арнайы штаб аудан әкімі орынбасарының басшылығымен жұмыс жасауда. Аталған штаб мал қыстату науқанында туындаған мәселелерді (жолды тазалау, техикамен жәрдем беру сияқты) жедел шешуге бағытталған. Алдын ала атқарылған шаралардың нәтижесінде қазіргі уақытта шаруашылық субъектілерінде мал қыстату шығынсыз және қиыншылықсыз өтуде.

Еділбай қойы көбейді

Бүгінгі күні өңірде асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытып және одан толағай табысқа кенеліп отырған шаруалар қатары аз емес. Енді осындай жаңашылдыққа жаны құмар шаруалардың қатарына Меркі ауданындағы «Ниет» шаруа қожалығы еніп отыр. Себебі, бұған дейін егін шаруашылығымен айналысып келе жатқан қожалық асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды қолға алды. Қазан айында аталған шаруашылық Ұлытау облысынан 800 асыл тұқымды Еділбай қойын әкелді.

– Қазір шаруа адам оңтайын тауып, орайын келтірсе жобалар көп. Жалпы, ата кәсіп қой шаруашылығының берері мол. Мұндағы бар мақсатым мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын дамыту, – дейді «Ниет» шаруа қожалығының басшысы Тәуіржан Алтынбаев.

Жалпы, облыста бүгінгі күні 3,3 миллион қой болса, ондағы асыл тұқымды қойдың үлес салмағы – 28,3 пайызды құрайды. Оның қатарында асыл тұқымды қой өсірумен 993 шаруашылық айналысып отыр. Онда 414 мың бас қой бар.

Көкөніс қоймалары салынуда

Облыста жалпы сыйымдылығы 247,7 мың тоннаны құрайтын 240 қойма жұмыс істеп тұр. Оның ішінде сыйымдылығы 56,2 мың тоннаны құрайтын 84 қойма мұздатқышпен жабдықталған.

Сондай-ақ бүгінгі таңда сыйымдылығы 73,7 мың тоннаны құрайтын жаңа 4 қойманың құрылысы жүріп жатыр. Жаңа қоймалар 2023 жылы Меркі, Шу, Қордай аудандары және Тараз қаласында іске қосылады. Ал өткен жылы сыйымдылығы 13 мың тоннаны құрайтын 3 қойма іске қосылған болатын.

Егер облыста 2 миллион тоннаға жуық негізгі және сұранысы жоғары жеміс-көкөніс өнімдері өндіріліп, облыстың ішкі тұтынымын толық қамтамасыз етсе, маусымаралық кезеңде, яғни қаңтар-сәуір айларында 51,8 мың тонна көкөніс өнімдерін жұмыс істеп тұрған қоймаларда сақтауға толық мүмкіндік бар деген сөз.

Су үнемдеу технологиясы енгізілуде

Ағын суды тиімді пайдалану және суармалы судың ысырабын азайту мақсатында биыл облыста 50 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілсе, оның 32,7 мың гектарына тамшылатып суару, 17,3 мың гектарына жаңбырлатып суару технологиялары енгізілді. Оның үстіне бүгінгі күнге дейін жаңбырлатып және тамшылатып суару техникалары бойынша шаруашылықтардан түскен 84 өтінімге 2,7 миллиард теңге субсидия төленіп отыр.

Бұдан өзге шаруалардың жұмысын ширату мақсатында облыста 2024 жылға дейін 646 ұңғыма қазу арқылы суару маусымында жетіспейтін 275,0 миллион текшеметр суды жерасты суының қорларымен қамтамасыз ету жоспарланған. Ал биыл жаңа 84 ұңғыма қазылып, егістік жерлер 35,6 миллион текшеметр сумен қамтылды.

59 жоба жүзеге асты

«Жамбыл облысын дамытудың жол картасы» аясында 2025 жылға дейін өңірде ауыл шаруашылығы саласына жалпы құны 73,7 миллиард теңгені құрайтын 716 инвестициялық кіші жобалар жүзеге асырылады.

Биыл облыста жалпы құны 5 миллиард теңгені құрайтын 105 кіші жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінгі күні оның 59 жобасы жүзеге асырылып, 209 жаңа жұмыс орны құрылды. Іске қосылған жобалардың негізгі бағыттары су үнемдеу технологияларын енгізу, сүт өнімдерін өңдеу, көкөніс сақтау қоймалары, бордақылау алаңдары, құс, балық және бал ара шаруашылықтары, жылыжай кешендерін салу болып табылады.

Өнімнің 9 пайызы өзімізге тиесілі

Биыл аймақта 11,6 мың гектарға картоп дақылы егіліп, өнім 1,6 пайызға артқан болатын. Бүгінгі күні барлығы 290,1 мың тонна картоп жиналып, өткен жылмен салыстырғанда 22,4 мың тонна өнім артық алынды.

Облыс бойынша әр гектардан алынған орташа өнім – 249,3 центнерді құраса, Меркі ауданында – 320,0 центнер, Қордайда – 255,6 центнер, Жамбылда – 244,4 центнер, Жуалыда – 243,0 центнер және Шуда – 241,0 центнерді құрады. Сондықтан елімізде жиналған картоптың 9 пайызы облысқа тиесілі.

Ерман ӘБДИЕВ