”Салауатты ата-ана мәдениеті” байқауы
Отбасы тұлға қалыптастырушы бесік. “Азамат қалыптастырамын десең, бесігіңді түзе” – деп, ұлы ғұлама М.Әуезов бекер айтпаған.
Қазіргі отбасы тәрбиесіндегі басты нысана баламен рухани үндестік пен үйлесімділікке ұмтылу, ата-баба мұрасын сақтауға ұмтылу, халықтың тәлімдік мұрасын сақтауға көңіл бөлу, туыстық, отбасылық қатынастарды бала кезінен қалыптастыру.
Ұрпақ тәрбиелеу – ұлы міндет. Ұлы істер әрдайым жанкештілікпен келері сөзсіз.
«Баланың бас ұстазы – ата-ана» екені әуел бастан мәлім дүние болса да, оларға тәрбие берумен емес, тіршілігін түгендеумен айналысып кеткен ата-ана жауапкершілігін сезінуі керек.
Осы мақсатта бүгін Жамбыл облысы білім басқармасының тапсырысымен «Салауатты ата-ана мәдениеті» тақырыбындағы ата-аналар арасында аудандық байқау өтті.
Байқауға қатысушылар «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді» , «Гаджетке тәуелділікті тоқтату жолдары», «Отбасында баланы еркелету сәті» , «Сегіз қырлы, бір сырлы» , «Туған жерге тұғырыңды тік» , «Салауатты ата-ана мәдениеті» блиц сұрақ-жауап тақырыптарында бақтарын сынады.
Байқау барысында ата-ана мәдениеті, құқықтық сауаттылығы дегенді әр ата-ана қалай түсінеді, құндылықтарға не жатады, оны қалай отбасында қолданып жүр, ата-ананың бала тәрбиесіндегі міндеттері тақырыбынан алынды.
Байқау тартысты да қызықты өтті. Байқау соңында жеңімпаздар марапаттап, сыйлықтар табыс еттік.
Бүгінгі қоғамдағы жағдай – кешегі ата-ананың жемісі. Сондай-ақ бүгінгі ата-ананың тәрбиедегі еңбегі – ертеңгі жаңа қоғамның көрінісі.
Атам қазақтың «Не ексең, соны орасың» деген сөзінің сыры осында жатыр.
Сондықтан «ата-ана» деген ұғымның қадірін арттырып, олардың саналы, салиқалы болуы жолында талай игі істерді ата-аналармен бірлесе атқаратын боламыз.
Маңызды мәселелердің мәйегін тарқатқан байқауда ата-аналар тарапынан айтылған ой-пікірлерден олардың бала тәрбиесіндегі олқы тұстар мен кемшіліктерге деген алаңдаушылықтары анық байқалды.
Өзара пікір алмасып, мамандармен ой бөліскен ортаның мұң-мұқтажы да тыңдалды.
Көкейіндегі көп мәселенің тарқауына арқау болған байқаудың өткеніне ата-аналардың айтар алғысы шексіз.
Алдағы уақытта бірлесе отырып бала тәрбиесі мен отбасы құндылықтарына қатысты талай түйткілдің түйінін шешетініне бек сенеміз.
Жақсы дүниені тап басып танып, ата-аналар назарына ұсынып, осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырған білім саласының ұжымына да дән риза болғандарын айтып жатты.
Мақсат Арапұлы Қазанғапов, Талас ауданы білім бөлімінің басшысы