Салауатты өмір салтын үндеген «Aktau Open Fest 2016» фестивалі
Жылдағы әдетінен жаңылмай, ақмаржан қала Ақтауда жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттайтын фестиваль мәресіне жетті. Биылғы шара Қазақстан Республикасының 25 жылдығына орай арнайы ұйымдастырылған. Шараға қазақстандық эстрада жұлдыздары, мұнайлы аймақтың вокалды-аспаптық ұжымы мен елге танымал спортшылар қатысты. Фестивальді ресми түрде Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев ашты. Өңір басшысы барлық қала тұрғындары мен қонақтарын музыка және спорт мерекесімен құттықтады. Осы жылы облыстық әкімдік фестиваль ұйымдастырушыларының бірі болды. Әкімдік ауқымды спорттық шаралардың жыл сайын өткізілуіне белсенді қолдау білдіріп келеді.
— Спорттық бірлік пен денсаулық мерекелері бірнеше қайтара өткізіле береді. Фестивальдің ересектер үшін де, балалар үшін де спортпен шұғылдануға мықты ынта беретінін уақыт дәлелдеп келеді. Бұл фестиваль өмірін жаттығусыз елестете алмайтын адамдар үшін жаңа шеберлік шыңдарын бағындыруға деген ынтаны оятады, — деді облыс әкімі Алик Айдарбаев.
Ашылу салтанатынан соң, мереке қазақстандық эстрада жұлдыздары мен жергілікті вокалды-аспаптық ұжымның жарқын концертімен жалғасты. Ашылу салтанатының басты жұлдыздарының бірі Сүндет Байғожин болды. Опера әншісі, баритон, «Астана Опера» ОБМТ-ның жеке орындаушысы маңғыстаулықтарды танымал шығармаларды классикалық үлгіде орындауымен баурап алды. Әсіресе қала тұрғындары Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс, бірнеше марапаттар мен сыйлықтардың иегері Нұрлан Өнербайды зор ықыласпен қарсы алды. Еліміздің ең сүйікті және танымал әншілерінің бірі өзінің хит әндерін көрермендермен бірге қосылып орындады.
Айта кетсек, биылғы фестивальде спорттық шаралардан бөлек, қолөнер жәрмеңкесі мен елімізге танымал дизайнерлердің қолынан шыққан ұлттық киімдер көрінісі және аралас жекпе-жектен халықаралық турнир ұйымдастырылды. Сондай-ақ, фестиваль аясында боксшы Әділбек Ниязымбетов, белгілі суретші Сембіғали Смағұлов және дизайнер Кенже Девятконың қатысуымен «Амал токс мотивейшн» конференциясы өтті. Онда жастар қатысушы қонақтардан табысқа жетудің қыр-сырын сұрап, өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Биылғы фестивальдің тағы бір ерекшелігі — шарада Маңғыстау ақын-жыраулары шығармаларының антологиясы іспеттес, 5 томдық кітаптың тұсауы кесілді. Кітап «Тіл таңбалы ақындар» деп аталады. Бұған дейін Маңғыстау ақын-жырауларының 25 шығармашылық өкілін қамтыған «Жыр дария» деген жинақ бар болатын. Енді жаңа көптомдыққа 52 ақынның мұрасы енді. Кітап ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен басылды.
— Маңғыстау жыраулық поэзиясын ғылыми айналымға енгізген Қ.Сыдиықов, Ж.Тілепов, Б.Нұрдәулетова секілді ғалымдар болатын. Ал ел арасынан ескі жырларды жинақтаумен марқұм Жетібай Жылқышыұлы бастап айналысқан еді. Бұл жинақта Өгізбай Малгелдіұлынан бастап, Өткелбай Ұзақбайұлына дейінгі 3 ғасырдың үні бар, — деп атап өтті «Тіл таңбалы ақындар» жинағының шығарушысы Әнуар Бимағамбет. «Aktau Open Fest 2016» фестивалінің екінші күнінде «Өнер» галереясының алдында қолөнер көрмесі мен Қазақстанның танымал суретшілері — Нұрлан Қилыбаев, Бақытнұр Бөрдесбекова, Сембіғали Смағұловтардың шеберлік сабағы өтті. Көрме жұмысына 15-ке жуық маңғыстаулық суретшілер қатысты.
— Ақтаудағы жас суретшілердің болашағы зор. Ең бастысы, ынталары мықты. Жастардың заманауи өнер туындысына деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берген фестивальдің ұйымдастырушыларына ризашылығымды білдіремін. Қазақстандағы қолөнерді одан әрі дамыту үшін мұражай мен көрме орталықтарын көптеп ашу керек, әрі Ақтау портты қала, Қазақстанның болашақ туристік орталығы, — деді суретші-мүсінші, қолөнер шебері, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Сембіғали Смағұлов. ҚР Суретшілер одағының мүшесі, танымал портретші Нұрлан Қилыбаев болса, жас әріптестеріне портрет жасаудың қырсырын түсіндірді. Сондай-ақ, көрмеге келген барлық қатысушыларға hand made тауарларының жәрмеңкесі мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тақырыбында асфальтқа сурет салу жарыстары ұйымдастырылды. Дәл осы күні отандық дизайнерлер мен халықаралық байқаулардың жүлдегерлері сән өнерінің соңғы жаңалықтарын көрсету үшін теңіз жағасына жиналды. Көрсетілімге «Aida KaumeNOVA», «Нұр Шах», «KENJE», «Мария ханым» секілді Қазақстанның танымал Сән үйлері қатысты. Сондай-ақ, жас дизайнерлер «Сән мен Сахна — 2015» халықаралық фестивалінің жеңімпазы Мадина Масақова, Назипа Тұрысбекова және «BB LADIES» сән үйі өз топтамаларын паш етті. ILKNUR TUTUNCU және KERIME DINCEROL түрік дизайнерлері көрсетілімге қонақ ретінде қатысты. Қала тұрғындарына ұлттық үлгідегі заманауи топтамалар ұсынылды.
Фестиваль аясында NFC-6 нұсқасындағы панкратион бойынша Ақтауда өткен халықаралық турнир ұйымдастырылды. Онда 10 кәсіпқой жекпе-жекке Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Орал, сондай-ақ, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан 20 спортшы қатысты. 20 спортшының жетеуі Маңғыстау облысының намысын қорғады. 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Жасұлан Хасымов (Атырау) жеңімпаз атанды. 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде панкратионнан әлем чемпионатының жүлдегері, ақтаулық Берік Майлыбаев басым түсті. Ал 62 келі салмақ дәрежесінде Сағынай Шүкір (Ақтау) жеңіске жетті. Чемпионатта NFC нұсқасының қос белбеуі сарапқа салынды. NFC гран-приінің ақтық сынында греплингтен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Райымбек Орынбай (Ақтөбе) жеңімпаз атанды. Aktau Open Fest 2016 фестивалі аясындағы NFC-6 жарысының ең басты айқасында Оңтүстік Кореяда өткен ММА 2016 бойынша Азия чемпионы Ілияс Шыңғысбек Уулы (Қырғызстан) мен Ресей кубогының иегері, М-1 белбеуіне үміткер Дамир Исмағұлов (Қазақстан, Орал) NFC нұсқасындағы панкратионнан Азия чемпиондық белбеуіне таласты. Ымырасыз жекпе-жектің нәтижесінде Дамир Исмағұлов қарсыласын тізе бүктірді. Фестиваль аясында қарт Каспийдің жағасында «3×3» баскетболынан жарыс, «breakdance» бойынша «Caspian battle» турнирінен іріктеу айналымы және «street workout» бойынша облыстық чемпионат өтті. BMX (Bicycle Moto Cross) бойынша алғашқы көрсетілімдер Ақтау қаласының теңіз жағалауында өтті. Қазақстанда спорттың бұл түрінен тек бір ғана команда — «BMX freestyle show» ұсынылған.
Оның қатарында 7 арнайы дайындықтан өткен кәсіпқой спортшы бар. Көрсетілім барысында BMX freestyle show командасы жарқын әдіс-тәсілдерді паш етті. Атап айтқанда, велосипедпен жан-жаққа бағытталған сальто, 360 және 720 градусқа айналу, биікке секіру және т.б. «Вreakdance» бойынша халықаралық «Caspian battle» турнирі ойдағыдай өтті. Турнир келесі ережелерге сай өткізілді: алдымен 70 қатысушы өзара сайысқа түсті. Соның ішінен 8-і таңдалды. Нақ осы 8 биші фестивальге келген Димов Слав (Болгария), Комар (Санкт-Петербург, Ресей), Колобок (Украина), Гимнаст (Украина), Мел (Екатеринбург, Ресей) секілді жұлдыздармен бәсекелесті. Паркур бойынша көрсетілімдерге Ақтау, Астана және Алматы қалаларынан 15 жас спортшы қатысты. — Паркур біздің Ақтауда 6 жылдан бері дамып келеді. Спортшылардың да дайындық деңгейі артуда. Қазіргі уақытта жағдайдың бәрі жасалған. Сондықтан көше спортының бұл түрі болашақта жаңа белестерге көтеріледі деген ойдамын, — дейді Ақтау қаласының трейсері Бауыржан Тұяқов. Шара барысында трейсерлер түрлі әдістерді көрсетті: drop, blind, gap т.б. Айта кетсек, жастар бұл әдістерді бірнеше метр биіктікте орындады. Ал «Street workout» бойынша Маңғыстау облысының чемпионатына 15 спортшы қатысты. Екі күннің ішінде ең мықтылары іріктелді.
Шара аясында street workoutтың негізін қалаушы Денис Минин (Украина) мен «Bar Bars Astana» командасының мүшелері белтемірде өз шеберлігін көрсетті. STREET WORKOUT Қазақстан Федерациясының бірінші вице-президенті және «Bar Bars Astana» командасының мүшесі Ислам Бадурговтың айтуынша, елімізде street workout-пен 50 мыңдай адам айналысады. Спортшы бұл көрсеткіштің бірнеше есеге көп болуы мүмкіндігін де жасырмады. Сондай-ақ, шара барысында жастар күресіп, арқан тартып, ләңгі теуіп және асық атып жарысты.
Айман ОҢҒАРБАЙҚЫЗЫ