Сәлем – Алланың жердегі есімдерінің бірі

Сәлем беру шариғатта бірінші орында тұрған нәрсе. Оны растайтын хадистер де жеткілікті. Және де түбірі осы шариғаттан алынған сәлем ету,  қазақ атамыздың салт-дәстүрінде де бар. Түпкі мақсаты адамдардың және жанұяның тату-тәтті, бақытты өмір сүруіне негізделген. Көп бас ауыртып қазбалай берудің керегі жоқ, тұңғиыққа батасың. «Исламдағы жақсы көрініске не жатады?» – деген сұраққа Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Басқаларды дәмге шақыру және танығанға да танымаған адамыңа да сәлем беру» деп жауап берген. Сәлемге байланысты қазіргі ата-ене мен келін, түсінігі таяз намаз оқитын жастар арасындағы дау шешімін таппай өршіп келеді. Олар дастарханы жиналмаған жомарт қазақтың Құран сүннетке зияны жоқ, пайдалы салттарын да мойындамайды. «Құранда міндетті түрде енеңе сәлем ет деген жері жоқ, бұл бидағат, ширк яғни дінге жаңалық енгізу» дейді. Өйтетін болса Құранда енелеріңе сәлем етпеңдер деген жері де жоқ.

Керісінше бейбітшілік пен сыйластықты бұзуға жаңалық енгізіп жүрген өздері. Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) танымағанға да сәлем бер деп тұрған жоқ па? Намазхан қарындастарымыз енелерін танымай қалып па, әлде енелері танымайтындарға да жатпай қалды ма? Әлде бұл ақымақ күйеулерінің бұйрығы ма? Баласы сонда анасына жау болғаны ма? Не үшін? Тоғыз ай көтеріп, өлім мен өмірдің ортасында тұрып оны дүниеге келтіріп, түн ұйқысын төрт бөліп, жалаң аяқ сыз бастырмай, өзі аш отырса да бар табылған тәттіні аузына тосып торсықтай қылып өсіргені үшін бе? Әлде «табаныңа кірген тікен менің маңдайыма кірсін деп» деп Құдайдан әр сәт сайын амандығын тілеп, бейшара уақытыңда жиіркенбей былғанған боғынан аршып алып азамат санатына қосқаны үшін бе?

Сәби шыр ете түссе, жүрегі дір ете түсіп, жарты миының ұйықтамай алаңдап денсаулығынан айырылғаны үшін бе? Қайнаған ыстықта суытты, қақаған суықта жылытты. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген ана енді жынды болып кетіп пе? Ал қазақ: «Ата-анаң жынды болса да байлап бақ!» деген. Сөйткен ана сәлем етуге тұрмай қалды ма, әлде берген сәлемдері тым қымбат валютамен есептеліп кетті ме? Ата-ананың хақысы жоқ па? Шариғат әкең мен шешең бір мезетте шақырса, ең бірінші анаңа бар дейді. Жақсылықты 3 рет анаңа сосын әкеңе жаса дейді. «Жәннәт – анаңның аяғының астында» деген қазақ. Бұған барлық ана да кіреді. Тек намаз оқитын ананың аяғының астында демеген. Анасын Меккеге 7 қайтара арқалап барса да толғақ қысқандағы бір қиналғандағысын өтей алмайды деген әңгімені қазақ әзілдеп айтып па?

Қазақтың: «хадистің түбі – Құраннан» деген мақалы текке айтылған ба? Сәлем ету – сауап, бірақ бидағат та, ғибадат та емес. Көбі «Алла бізді өзіне құлшылық қылу үшін жаратты» деген аятты бетке басады келіп. Алла Тағала маған құлшылық етіңдер деді, ол рас, бірақ бір-біріңе сәлем бермеңдер демеді. Жанұя арасындағы бейбітшілікті бұзу үшін, қулар ең бірінші жақсылыққа дәнекер болып тұрған сәлемнің көзін жоюды жоспарлайды. Сол үшін салт пен сәлемді құбыжыққа айналдырып көрсету керек болды. Тыныштық пен пәк дін арасына от жаққан сұм-саясаткерлер сәлемді әдейі «ғибадат» қылып шығарады да, Құранда «Зарият» сүресінің 56-шы аятындағы: «Мен жындар мен адамзатты тек Өзіме ғибадат қылулары үшін жараттым» деген үкімді: бұл салтқа қарсы деп, дін мен салтқа айналған сәлем секілді жақсы амалдарды бір-біріне соғыстырып қойды.

Яғни сәлем еткен келін енесіне ғибадат еткенмен бірдей деген фатуа шығарды. Олар бұл жерде сыйлау мен сыйынудың бейнесін шатастырып алды. Ғибадат пен сыйластық арасын ажырата алмай қалды. Қай ене: «Мен Құдаймын, маған сыйын, сенің тілегіңді қабыл қылып жарылқаймын» деп айтып еді. Ал сәлемді ғибадатқа шығаруы үшін бұның бір ғибадати функциялары болу керек. Мысалы: сәлем етуде – құбыла, уақыт, дәрет-ғұсыл, азан, қомат, қиям тік тұру, рукуғ, сәжде, құран аяттарын оқу, отыру, ауыз бекіту, зекет, қажылық… т.с.с формулалар жоқ. Кей қазақтың білместікпен өліге сыйынғаны болған шығар, бірақ тіріге сыйынып көрмеген халық.

Сәлем ету – сыйластық ишарамен кішігірім иілу ғана. Бұл ширк емес. Түк анайылық не жабайылық жоқ. «Батасыз құл жарымас, баталы құл арымас, жауынмен жер, батамен ел көгереді» дегендей, ата-анаға иілгеннен батадан басқа ешнәрсе алмайды. Бұның арты жақсылық. Ал сыйластықтың ретін таппай қырсыққандардың қорытындысын бір көріңдерші? Ата-ана өз баласын қарғауда, өз баласын барлық көрінгендерге жамандауда, өз балдарын полиция қызметкерлеріне тапсыруда, өздері, ағайын-тумалары да рухани жүйкелері тозуда. Ата-ананың баласына айтылған қарғысы – оқ! Оқ атылған жер – соғыс жүріп жатырған жер, майдан алаңы дегенді білдіреді. Яғни шаңырақ шайқалды. Ал соғыс деген – екі жақтың бір-біріне аяусыз көздерін құртуды көздеуі. Яғни бір түтіннің шаңырағы опат болып ортасына түсуі.

Жастардың осындай шала түсінігінен болып қарапайым  халық шариғатқа қарсы кеп қалып жатыр. Олардың осындайға баруларына дінді дұрыс жеткізбегендер себеп болып қалады. Осы себепті қоғамда қарама-қайшылықтар белең алып кетті. Қанша бала үйлене алмай отыр? Қаншасы ата-анасынының дәулетін желге шашып үйленіп алып, ренжітіп қашып кетіп отыр. Қаншасы үй ішінен үй тігіп, бөлек тамақтанып жанұяның берекетін кетіріп отыр? «Саусақ бірікпей ине ілікпейді» дегендей ауызбіршілік, ынтымақтық қайда? «Бөлінгенді бөрі жейді» деген қайда? Осы дұрыстық па сонда? Ол жастар ертең қартаймайды ма? Ата-анаға қылған осы істерін ертеңгі күні Алла тағала олардың алдына алып келмейді ме? «Не ексең соны орасың дегендей» қылғандары алдына келмейтіндеріне кепілдік бере алатын адам бар ма? Бүгін атағы жер жарып бірақ ертең ғайбатқа қалатын жағдаятты түсінбейтін уағызшы-ұстаздар жас намазхандарға туған ата-анасынан да мейірімді болып кетіп пе?

Шайтанның сүйікті жұмысы – жанұя шаңырағын ортасына түсіріп адамдарды бір-біріне айдап салып қырылыстыру. Сонда біз Пайғамбардың(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмметі емес, шайтанның нағыз қолшоқпар әскерлеріне айналып отырмыз ғой. Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «қорытындысы жамандық алып келетін істің бәрі біздікі емес және оны қылғандар бізден емес» деп қатаң ескерткен. Сәлем етудің бастау бұлағы – сүннеттен алынған. Ал сүннет, хадистер – Құраннан құралған. Құран – Алла сөзі. Ал Алламыз Құранды ақыл иелеріне ғана түсірген. Және де Алламыз: «Мен сендер көтере алмайтын жүкті мойындарыңа жүктемеймін» десе, ал Пайғамбарымыз(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі: «Менің сүннетімнен қолдарыңнан келетіндерін ғана орындаңдар» деген. Демек сәлем етуді серік қосуға шығарып жүргендер жанұя тыныштығына соғыс ашып жүргендер. Құран аяттары мен Алла Елшісі(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеттерінен нақты дәлел келтіре алмаған «сәлем етудің» соңын соғысқа айналдыру мұсылмандық па, діндарлық па? Көрегендік пе әлде қастық па? Жастық болса ойланғандары жөн!

Әркім өз жанұяларына әлдері келмей бытыратып отырып, 130-дың үстінде өзге ұлт өкілдері орналасқан Қазақстанның ауызбірлігі жоқ деп патшамызды ғайбаттайды. Барлық нәрсе жанұядан басталады. Жанұя – Отан. Қазақ: «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген. Ұлын – ұяға, қызын – қияға қондыруды бақыт санайтын ата-анасына көңілі толмай, олардың істерін бұрысқа шығарып, бірақ әлі күнге шейін солардың мойнында кәрі жілік болып ілініп жүрген жұмыссыз масыл жастардың оданда жеп отырған ата-ана напақасының хақы үшін, оларға өмірлік тізе бүгіп, «анам мені сәби уақытымда қалай баққан болса, Сен де менің анама қартайған шағында солай рахым етші» деп, Жаратқанға дұға қылып, қалған санаулы ғұмырына сыйлап өткендері игі еді.

«Сәлем – Алланың жердегі есімдерінің бірі. Бір-бірлеріңмен сәлемдесіп жүріңдер. Әсіресе мұсылмандар бірінің қасынан бірі өтіп бара жатып та сәлемдескені жөн. Сәлем беруші сәлем алушының есіне сәлемді салғаны үшін бір дәреже артық сауапқа ие болады. Байқаусызда біреу сәлеміңді алмай қалса, есесіне сенің сәлеміңді одан гөрі жақсырақ, абзалырақ періштелер алады» деген хадис бар.

mazhab.kz  сайтынан