СӘЛЕМДЕ БЕРЕКЕ БАР
“Ассалаумағалейкум!”, “Қайырлы күн!”. Дәл осылай ақ ниетпен, жылы жүзбен амандасу жақсылыққа бастайды. “Өзіңнің көңіліңді жайландырамын десең, әуелі өзгенің көңілін жайландыр” дегендей, шын ықыласпен көтермелеп, жақсы рәуіште бір-екі ауыз жылы сөз арнау — әлімсақтан сауап іс. Әрине, бұл қатып қалған ереже емес, дәстүр мен адами қарым-қатынас нышаны екені белгілі. Десе де әр елдің өзіне тән әдебі (этикеті) болуға тиіс. Дәстүрді сақтау үшін. “Жылы сөздің өзі — садақа” деген имандылық тұжырымын ұдайы есте ұстау үшін. Бұл — салт-санамыздың айнасы мен деңгейі. Жалпы тіршілікте араласатын-құраласатын, күнделікті көрісетін ағайын-туған, жақындардың, дос-жарандардың, әріптестердің, қызметтестердің, бірге жүріп, қатар оқитын жандардың арасындағы байланыстың бір өлшемі — дұрыс амандасу. Көзі ашық, сауатты адам бірінші болып сәлемдессе, еш қателеспеген болар еді. Оның есебіне діни ұғым бойынша «сауап еселеп жазылады» деген сөз де бекер емес. Ал мәдениетті адамның таныспен де, бейтаныспен де кез келген жерде ұшырасқанда сәлем беруге бейім тұруы зиялылықтың белгісі деуге негіз бар. Өйткені, сәлемдесуді білген кешіре де біледі. Кешіре білген рақмет те айта біледі. Бұл — барша адамға тән нәрсе. “Сәлем жолдап, саулық тілеген жанға барлық жерде рұқсат бар» деген нақыл да осындай әдептің, әдеттің артықшылығын меңзесе керек.
Мұның бәрін айтып отырғанымыздың себебі бар. Жақында көрші елге іссапарлап қайтқан әріптестеріміз сондағы жастардың көшеде үлкендермен сәлемдесетінін көріп, таң қалғандарын жасырмады. Сірә, негізі отбасыда қаланатын мұндай тәрбие оқу орындарында ғана емес, кез келген ортада қалыптасып, жетілетіні түсінікті. Шүкір, ”жастардың беретіні — сәлем” дейтін қағида бұзылмай, ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып келеді. Үлкенге құрметтің, көңілге медеттің өнегесін көрсетудің өзі аға ұрпақ өкілдеріне байланысты. Ілгеріде Бұқарада білім алып, бүкіл оңтүстік аймағында танымал болған Исақ имам жолда келе жатқан жас балалардың өзіне аттан түсіп, сәлем береді екен. “Үлкен басыңызбен неге жастарға сәлем бердіңіз? — деп сұраған ұлына: “Мен оларға сәлем беруді үйреттім емес пе?»- депті.
Міне, нағыз тағылым, шынайы өнеге!
Бізде сондай имандылық сабағын көрсететін, уағыз айтатын дін өкілдері болды және бар емес пе? Үлкендер жағы көбірек өнеге көрсетуді ойластырса, бағзы дәстүрді орнына келтіруге болар. Рухани жаңғырудың осындай адами да қарапайым тұстарын есте ұстаған да жөн шығар.
Сонымен бірге, мектептен бастап барлық оқу орнында, меншік түріне қарамастан барша кәсіпорында, әсіресе халыққа қызмет ететін орындарда, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда жоғарыда айтылған амандасу, көрісу, қоштасу, ізет пен қайырым әдептерін арнайы оқытудың, үйретудің артықтығы жоқ. Мұндай дәстүр этикасы жөнінде тренингтер дүниежүзілік бренді бар мейманханалар мен мейрамханалар желісінде, ірі-ірі өндірістік корпорацияларда, әуе компанияларында тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Сонда белгілі бір қауымда, қоғамда адамдардың бір-біріне құрметпен қарауы, адам құқығын, жеке басын сыйлау мәдениеті қалыптасады. Бұл, түптеп келгенде, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ ұсынған “халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасына қоғамның қосқан үлесі болар еді. Мемлекеттік құрылымдарда, жекелеген кеңселерде, мекемелерде өтетін қоғамдық қабылдауларда ғана емес, күнделікті көшеде, көлікте, қоғамдық орындарда арагідік байқалып қалатын керенаулыққа, дөрекілікке, дүрдараздыққа, тұрмыстық кикілжіңдерге тосқауыл болатыны сөзсіз. Халықтың көзі ашық, оқығаны мен тоқығаны әжептәуір бөлігі өз құқықтарын жетік білмейтіндерге жөнін айтып, түсіндіруі — сауабы мен маңызы зор іс. Қоғамдағы мұндай ашықтық қағидаты, ағартушылық сипаттағы іс-шаралар құқықтық мемлекетіміздің заңдарын құрметтеуге, олардың орындалуына септігін тигізеді. Әр азамат өз сөзі мен іс-әрекеті үшін жауапкершілікті сезінген қоғамда әдептен аттауға, тіпті заң бұзушылыққа жол берілмейді. Ал әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтаған елде әрқашан береке болады.
Дархан Мынбай