Сәлімгерейдің торы қасқасы
Сәлімгерейдің торы қасқа сәйгүлігі, маңайдағы аламанға шабатын арғымақтардың алды. Аламан көрсе алдына тұяқ салмайды. Қиқу шықса болды, құлағын қайшылап алып, қырда кезген құландай, бұйра құмды тұяғымен тарпып бір орында тұра алмайды.
Кезінде енесінің ішінен жарып алған құлын еді. Бәрі мал болмайды дегенде. Қожайыны туған баласындай бауырына басты. Сәлімгерей сіңірі шыққан тақыр кедей болғанмен, жүрегі кең, мінезге бай жігіт.
Қу кедейлік қырықтың қырқасынан асса да мойнына ілінген бұғалықтың жібіндей, бұлқынуға мұрша бермейді. Қалыңдық іздегенімен, қалың малға беретін торы қасқадан басқа, малы жоқ. Торы қасқаны біреуге бергенше қу тіземді құшақтап, қу бас өтейін дегендей, пенделік жаман ойлар да маза бермейді соңғы кезде.
Сән салтанаты жарасқан, сәйгүліктің сымбатына қызыққан талай адам Сәлімгерейге атыңды сат-деп қолқа салған. Солардың бірі Байбол бидің баласы Байғабыл құрдасы еді. Бір басына, бір үйір жылқы берем деседе. Топты жарған, торы қасқаның қожайыны келіспеді. Құлынынан, құндақтаулы сәбидей өсірген сәйгүлігін ешкімге қимайды.
Жүйрік ат десе жүгенін ала жүгіретін Байғабыл бай бұл жолы қулыққа көшті. Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан-деген бабаларымыз. Тышқақ лағы жоқ тақыр кедей, сенің тәкәппәрлығыңды көрейін деп тіс қайрайды.
Аңғал Сәлімгерейдің аңнан қайтатын уақытын біліп. Арна сайдың табанындағы жалғыз аяқты жолаушы жүретін сүрлеуге келіп, жолда қалған жолаушыдай, шоқпыт киімін киіп, аяғындағы табаны тесік кебісін шешіп сүрлеудің жиегіне отыра қалады ғой.
Ойында ештеңе жоқ Сәлімгерей сауап болсын-деген ниетпен. Арып-ашқан жолаушыны елге жеткізейін-деп, оған қолын созып, құранды ердің артына отырғызады. Сауаптың түбі тесік дегендей, аттың артына отырған ниеті жаман жолаушы, ердің үстінде отырған аттың иесін жерге аударып жібереді.
Үстіндегі шоқпыт киімін шешіп. Әй, Сәлімгерей сәйгүлік сенің не теңің. Қолыңмен бермегесін, жолыңнан алдым. Аттың сауырын сипай бергенше, үйленіп жас қатыныңның жауырынын сипамайсың ба? Бас екеу болмай, мал екеу болмайды. Ал кеттім. Қош бол. Атың менікі енді, қолыңнан келсе кесіп ал-деп торы қасқаның басын жібергені сол еді.
Әй, бидің ұлы Байғабыл! Бұл істеген ісіңді тіс жарып адам баласына айтпа. Мен де ешкімге айтпаймын-дейді Сәлімгерей.
“Жындыма мынауың” менің адам баласына айтпайтыным белгілі. Оның ешкімге тіс жармаймын дегені несі-деп Байғабыл біраз ойланып қалады. Не дегенменде текті бидің баласы емес пе? Атының тізгінін тартып, артқа қайтады.
Әй, Сәлімгерей ешкімге айтпаймын-дегенің жөн болсын. Бұнымен, не айтқың келіп тұр маған-дейді.
Байғабыл-ау сен текті атаның баласы едің ғой. Осыған да ақылың жетпеді ме? Ертең бұны естіген жұрт, зияны тиер-деп жолда қалған мүсәпір жолаушыға көмектеспейтін болады. Адамдардан мейірім кетеді. Мейірім болмаған жерде сенім болмайды. Сенім болмаған жерде санаға селкеу түседі.
Селкеу түссе санаңа, үйіңнің керегесін сөгеді. Керегең сөгілсе, шаңырағың ортаға түспей ме? Шаңырағы бір шайқалған елдің, ошағы ойран болмай ма? Мыңғырған малы бар сендей байлар, сіңірі шыққан мендей кедейлердің жалғыз атына көз салса елде қайдан ауызбіршілік болсын?
Тәуекел, мен бүгін малымнан айрылғаныммен, ертең сен осы ісіңнің күнәсін арқалайсың. Жолда қалған жолаушыға қол созған, жарлының жалғыз атын тартып алыпты деген жаман атқа қаласың. Текті атаңа сөз келтіресің, сол саған керек пе? Уызына жарыған Байғабыл құрдасым-ау депті.
Ойбай мені қара басты құрдас. Қу дүниенің жетегінде кетіп, абыройымнан айрылып қала жаздаппын ғой. Елге жаман жағынан үлгі болып. Досқа таба, дұшпанға күлкі бола жаздаппын ғой -деп. Ат,тон айыбын беріп әрең құтылыпты. Кейін Сәлімгерей құрдасының, қалыңдығының қалың малын да Байғабыл құрдасы көтерген деген де, ел ішінде сыбыс бар.
Бүгінде, қатардан қалмаймыз-деген ниетпен, ақшамызды ортаға салып, біреумен бірге бизнес бастаймыз. Ниетіміз бұзылғанда оны көкпарының ешкісіндей жарты жолда аттан аударып кетеміз. Оған етіміз әбден үйренді. Қысылмаймыз. Сенім болмаған жерде, қайдан береке болсын?
Бизнес бастау бұл басқа әңгіме.
Қатты бизнес жасағың келсе, әуелі серіктесіңді таңда. Әуелі оның иманымен, ниетін тексер. Алтын көрген періштедей, пейілі тар болса, одан іргеңді аулақ сал. Әулие қазақ бекер айтпайды: “Жаманмен тапқанша, жақсымен жоғалт”-деп. Әуелгісі масқараңды шығарады, соңғысының ниеті жақсы ғой, жоғыңды іздеп жүріп бірге жол табарсың. Алдымен өзіңнің ниетіңді түзесең, құдай кейін пейіліңе береді.
МАҚСАТ СҚАҚОВ фейсбук парақшасынан