Салтанат Рахымбекова: «ЭКСПО — 2017» мүгедек балаларға да мол мүмкіндік сыйлап отыр
Жуырда «Жасыл Технологиялардың Ұлттық академиясы» Білім тарату орталығында «ЭКСПО — 2017» — әйелдердің ғылым, бизнес, мәдениет және өнерде жеткен жетістіктерін көрсететін алаң» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Астана қаласының ішкі саясат басқармасының демеушілігімен және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиясы, «EXPO&WOMEN» Халықаралық ұйымының ресми қолдауымен «Қазақстан әйелдері Қауымдастығы» ҚҰ ұйымдастырған семинар-тренингіне Астана қаласының және көрші облыстардан әр салада қызмет ететін әйел азаматшалар қатысты. Қуат көздерін үнемдеудің озық технологиясын пайдалануды бастап кеткен Қазақстан үшін «жасыл экономика» тақырыбы таңсық емес. Десе де, семинарда қолда барды тиімді пайдалана алудың өзі бөлек әңгіме екені ескеріліпті. Жиналған азаматшаларға жасыл технологияларды пайдалануды практика жүзінде «Ақбота» ҚҚ директоры, жасыл экономика саласындағы сарапшы Татьяна Немцан көрсетіп, түсіндірсе, осы саланың басы-қасында жүрген, көптеген ірі жобаларды жүзеге асырған, салмақты идеяларды әлі де ұсынып келе жатқан «EXPO&WOMEN» Халықаралық ұйымының Төралқа төрайымы Салтанат Рахымбековамен сұхбаттасудың сәті түсті.
— Салтанат Темірқұлқызы, Елордамызда ЭКСПО-ны ұрандатып әртүрлі деңгейде көрме, жәрмеңкелер өтіп жүр. Сондағы негізгі мақсаттарыңыз қандай?
— 2017 жылы Елордамызда өтетін ЭКСПО көрмесі — елдігімізді, халқымыздың бірлігін, мәдениетін, даму деңгейін көрсетуге жол ашатын бірегей жоба. Біз алдымен қарапайым тұрғындар әлемдік жәрмеңкеге өзінің үлесін қалай қоса алады деген сұрақты өзімізге қойып көрдік. Сөйтіп, зерттей келе кез келген адамның аталмыш үлкен көрменің жақсы өтуіне септігін тигізе алатынына көз жеткіздік. Қалай десеңіз, мен нақты түсіндірейін. Мысалы, біздің қозғап жүрген «жасыл экономика», «жасыл жоба» тақырыптары «ЭКСПО — 2017»-нің негізгі мазмұнына айналып отыр. Яғни жасыл экономиканың не екенін түсіне алған адам оп-оңай осы көрмеден өз орнын таба алады. Биылдан бастап қала әкімдігінің грантын жеңіп алған «Қазақстан әйелдері Қауымдастығымен» жұмыс жасап, бірнеше жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Мұның бәрі келесі жылғы көрменің алғышарттары деп қабылдаған дұрыс. Шетелдіктерді немен таңқалдырамыз деген сұрақтың бір ғана жауабы бар. Ол — өзіміздің төл мәдениетімізді көрсету. Тіпті, қолөнер шеберлерінің заманға лайықтап жасаған бұйымдарында да ата-баба дәстүрінің иісі аңқып тұрады. Міне, бізде қолөнер шебері бар, зергер бар, мықтылар бар деп құрғақ сөзбен таң атырмай, солардың жұмысын көрсетуге көмегімізді тигізіп жатқан жайымыз бар. Бір Астананың өзінде қырыққа жуық қолөнер шеберлері бар екен. Олар тек ЭКСПО-да ғана емес, оған дейін де ай сайын бұйымдарының жәрмеңкесін өткізсе, мағыналы дүниелерін еркін сауда айналымына шығарса деп ойлаймыз. Осы мақсатта ірілі-ұсақты жұмыстар жасап жатырмыз. Мәселен, өткен сенбі-жексенбіде «ХайВалл» алаңында елордалық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтті. Жуық арада «Керуен» сауда, ойын-сауық орталығында БҰҰ «Даму» бағдарламасының қолдауымен біз, яғни «EXPO&WOMEN» Халықаралық ұйымы, екі күнге созылатын көрме ұйымдастырмақпыз. Шараға қала тұрғындары мен қонақтарынан бөлек, танымал тұлғалардың, билік өкілдерінің де келгенін жөн санап отырмыз. Өйткені «шебердің қолы ортақ» дегендей, мемлекеттің әрбір азаматы көрмелерге қатысып, пікір алмасқанда ғана қолөнершілеріміз халықтың сұранысын қанағаттандыра алады. Ал насихат болмаған жерде алға қарай жылжу болмайды. Шетелдіктерге заманауи технологияларды таныстыру үшін де өзіндік қолтаңбамыз қажет.
Мұны бір деңіз. Екіншіден, бүгінгі өтіп жатқан дөңгелек үстелде жасыл экономиканы дамытуға септігі тиетін технологиялардың қолжетімділігі қандай деңгейде, оны әсіресе әйелдер қауымы қалай пайдалануы керек, міне, осы мақсатта семинар-тренинг өткіздік. Экономика деген сөздің түбірі үнемдеу болса, жасыл экономиканың негізгі мәні бірнеше есе үнемдеу деп баса айтқым келеді. Яғни суды және энергия көздерін үнемдеу арқылы жасыл экономика жандана түспек.
— Халық ЭКСПО-ға басқа қандай бағытта қол жеткізе алады?
— Ойымызда жүрген тағы бір мақсатымыз — туризмді дамыту. 2017 жылы өтетін айтулы көрме еліміздің ішкі туризмінің дамып, біршама жақсарып қалуына жүз пайыз үлесін қосатынына мен кепілдік беремін. Мәселен, «ЭКСПО — 2017» көрмесіне келетін қонақтардың 85 пайызы отандастарымыз деп жоспарлануда. Солардың бәрі болмаса да, басым бөлігі өз туған жерлерінің табиғатын қонақтарға насихаттағаны абзал болмақ. Сонда бір ұтатынымыз — шетелден келген қонақтар да, өзіміздің тұрғындар да қазақтың ұлан-ғайыр жерін аралап шығуға мүмкіндік алады. Себебі, шынын айту керек, Қазақстанда туғанмен, естіп-білген, бірақ әлі күнге табанымыз тимеген өңірлер жетерлік. Жан-жаққа көптеп маршруттар бөліп, адамдарды тарихи орындарымызбен таныстырып, демалыс орындарын да көрсетіп жатсақ, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. Осы мақсатта тур-операторларға ұсыныс жасаудамыз. Қазірдің өзінде Қарағанды облысындағы әріптестеріміз бес маршруттың дайын екенін айтып қуантып отыр. Яғни көрме кезінде Астанадан Қарағандыға бес маршрут қатынайды деген сөз. Жәй ғана апарып-әкеліп қана қоймай, барған адам қазақтың қонақжайлылығын көзбен көрсе екен дейміз. Сондай-ақ, қонақтарды таситын маршрут, оларды қабылдайтын демалыс орындары да қазақтың ұлттық дүниетанымынан, мәдениетінен хабар беріп тұрса, сондай-ақ, жасыл экономиканың да элементтері көрініс тауып тұрса деген де арманымыз бар.
— Мысалға айтыңызшы…
— Мәселен, қонақүйлердің өзін энергоүнемдейтін технологиялармен жабдықталғанын қалаймыз. Демалыс орнына кіріп қалса, энерготиімді лампалар жарқ-жұрқ етіп тұрса, қол жуатын жерлер сенсорлы болса, несі жаман?! Одан кәсіпкер ұтпаса, ұтылмайды. Бизнесін де өркендетеді, жасыл экономикаға да үлесін қоса алады. Мысалы, солтүстік аймақтарымызда қыстыгүні демалыс орындары жабылып қалады. Мұның бәрі энергияны тиімді пайдалану технологиясын білмегеннің салдарынан туындап отыр. Міне, осы бағытта түрлі насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Бар жұмысты билікке, Үкіметке ысырып қоймай, халықтың да ЭКСПО-ға еркін қолы жете алатынын қазірден-ақ білдіргіміз келеді. Өткен тренингте де, байқасаң, көрші облыстан да қыз-келіншектер келген. Олардың әрқайсысы әртүрлі саланың маманы. Бірақ жасыл экономика мамандық таңдамайды. Ысырапшылдыққа жол бермеу — баршамыздың парызымыз.
— Парыз екенін жақсы білеміз, ал семинардың жиналған әйел азаматшаларға қандай пайдасы бар?
— «Ақбота» ҚҚ директоры, жасыл экономика саласындағы сарапшы Татьяна Немцан оларға қуат көздерін үнемдейтін технологиялармен таныстырып, артық-шылықтарын түсіндіріп берді. Демек, оларға насихатпен қатар ұсыныс та жасалып отыр. Жиналған әр әйел өз салаларында жасыл экономикаға, яғни қуат көздерін үнемдеп пайдалануды жүзеге асырса, одан тәуір болып кетпесе, жаман болмайды. Қаншама энергияны да, қаржысын да үнемдеуге болатынын үйреніп алды деп зор сеніммен айта аламын.
— Мұнда балаларға лайықталған жобалар бола ма?
— Мұны да ойластырып қойдық. Балалардың бәрі көрмені тамашалап жүреді деп айта алмаймыз. Ойын баласы дегендей, олардың көңілін көтеретін, сергітетін бағдарламалар да дайындалады деп отырмыз. Ол үшін Астанадағы жекеменшіктегі балаларды дамыту орталықтары арасында байқау өткізіп, үздік деп танылған ойын-сауықтық бағдарламалар көрме кезінде көрініс табатын болады деген жоспарымыз бар. Осы орайда бір айта кететіні, біздің ұйымның қолдан келетін жұмысы — еліміздің түкпір-түкпірінде өмір сүріп, қызмет етіп жатқан өнеркәсіп иелерінің өнімдерін жоғарыда атап кеткендей көрмелер, жәрмеңкелер арқылы өнімдерін қабылдап, саралап, үздіктерін «ЭКСПО — 2017» көрмесіне ұсыну.
— Ал жасыл экономикаға үлесін қосып жатқан әйелдер бар ма?
— Бүгінгі семинарға қатысушы әйелдер енді-енді жасыл экономиканы түсініп, сол жолда жұмыс істеуге бекініп жатса, ерекше айтқым келетіні, Қазақстан бойынша жиырмаға тарта әйел азаматшаның инновациялық жобасы бар екен. Қуантатыны, аз болса да олардың барлығы да жасыл технологиялар стандартына сәйкес жұмыс жасауда.
— Қол қойған меморандум жөнінде бір-екі ауыз айтып, сұхбатымызды түйіндесеңіз…
— Он шақты жылдан бері нәтижелі жұмыс істеп, халықтың көңілінен шығып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың да ЭКСПО көрмесіне үлес қосамын деп талпыныс жасауы, шынын айтқанда, қуанарлық жағдай. Өзіндік идеясы бар кез келген саланың маманы бізге жобасын ұсынып жатса, бетінен қағып, кеудесінен итермейміз. Мүмкіндігі шектеулі болса да, қоғамымыздың мүшесі саналатын мүгедек балалардың, жасөспірімдердің де халықаралық «ЭКСПО — 2017» көрмесінен ойып тұрып орын алса екен деген оймен Қамқа Мәдиқызына ұсыныс жасаған болатынбыз. Өзің көргендей, Қамқа Жасанова басқарып отырған «Мүгедек балалар қоғамы» қоғамдық ұйымымен меморандумға қол қойдық. Яғни осыдан бастап біздің жобаларымызда аталмыш ұйымның балаларының жұмыстары жұртшылық назарына ұсынылмақ. Бұған дейін айтқаным секілді мүмкіндігі шектеулі жандардың да жасаған бұйымдары ішінен үздіктері іріктеліп алынып, 2017 жылы Астанада өтетін халықаралық көрмеге қойылатын болады.
— Сұхбатыңызға рақмет! Мақсаттарыңыз орындала берсін!
Сұхбаттасқан — Ермұрат Назарұлы