Салтымыздан қашпайық, шариғаттан аспайық
Салтты – ғасырлар бойы тарихи негізде қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын әдет-ғұрып, жалпыға бірдей тәртіп – деп қарастырсақ, ал, шариғат – ғасырлар бойы адамзатты тәртіпке, мейірімділікке, Жаратушысына деген асыл құлшылыққа, ынтымақ-бірлікке үндейтін заңдылық. Әрбір елдің, әрбір ұлттың өзіндік салт-дәстүрлері болатынындай, әрбір діннің де өзіндік шариғаты бар. Біз қазақ, әрі мұсылман елі болғандықтан, ата-бабаларымыздан қалыптасқан өз салтымыз, діни шариғатымыз бар. Бұл бағыттан тайсақ, бақ та таяры сөзсіз. Өкінішке орай соңғы кездері көптеген салт жоралар мен діни рәсімдер шектен шығып, шариғаттан алыстап бара жатқандай. Бұлай жалғаса беруі жақсылықтың нышаны емес екені анық. Бүгінгі қолға қалам алғанымыздың себебі осындай жайттарды сөз етіп, қолдан келгенше алдын алу.
Иә, салт-жоралар дегенде көптеген түрлі дәстүрлеріміз кіретіні белгілі. Алайда, бүгінгі айтпағымызға арқау болып отырған жаназадағы ысырапшылық мәселесі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жеңдер, ішіңдер бірақ ысырап етпеңдер! Алла Тағала ысырап еткендерді әлбетте жақсы көрмейді»[«Ағраф» сүресі, 31 аят] — деп, ысырапшылдықты ұнатпайтын істерден екенін біздерге ашық жеткізіп отыр. Олай болса Аллаға ұнамайтын істерден қашық болуымыз керек емес пе? Біз асты не үшін немесе кім үшін береміз? Егер ас беріп, ол асқа жиналғандардың дұға-тілектері қабыл болып, дүние салған кісіге сауабы тисін десек қабыл болатын жолын іздеп, Аллаға ұнайтын істер істеуіміз керек емес пе? Мақсат пәленше не түгеншеден қалмау болып бара жатқан жоқ па?
Жаназадағы ғұрыптық және діни рәсімдер
Алдымен жаназа оқылмас бұрынғы көрініс тауып жатқан шараларды сөз ете кетсек. Шариғатта негізі жоқ, қазақы дәстүріміздің иісі сезілмейтін жайттар да көп кездеседі. Ол, кісі дүние салғанда жарықты өшірмей күндіз-түні шам жағып қою, ақылға қонғысыз ертегілер сияқты сонау көне славян халқының ырымы саналатын үйдегі айна беттерін матамен жауып қою, мәйтті жерлеуге асықтырмай күттіріп қою, жаназа шығарылғанға дейін түнімен жанында кісілер күзетіп шығу, мәйтті үйден шығарда үй ыңғайына қарамай басы не аяғымен шығу керек дегендей шариғатта жоқ шарттар қою сияқты бүгінгі күні кей жерлерде көрініс тауып жүрген істер бар. Бұлардың шариғатта еш негізі жоқ.
Айталық, керісінше мәйтті күттірмей жерлеуге асығу керек. Имам Алау ад-Дин Касани әл-Ханафи (р.а): Алла елшісінің (с.а.с): «Мәйіттеріңді жерлеуге асығыңдар. Мәйіт жақсы кісі болса жақсылығына жылдам жеткізіңдер, ал жаман кісі болса тозақ иелері бізден алыс болсын»,- деген хадисіне сүйене отырып мәйітті жерлеуді асықтыру мұстахаб, яғни жақсы амал[Өзінің «Бәдәиъус-Санаиъ» атты кітабында келтірген] — деген. Мәйітті жерлеуді кешіктіру – сүннетке, мәйітті құрметтеуге қайшы әрекет болып саналады. Қаншалықты кешіктірсе сонша оның қадір-қасиетін қашырады. Сондықтан барынша тез жерлеуге асыққан жөн. Біздер керісінше мәйітті емес, сол мәйіттің алыстағы туған-туыстарын құрметтеп жерлеу рәсімін екі-үш тіпті одан көп күндерге кешіктіріп жатамыз, бұл дұрыс емес. Пайғамбарымыз (с.а.с) хадистеріне сүйенсек уақыты кірген намазды оқуға, қарызды қайтаруға, мәйітті жерлеуге және бойжеткен қызын тұрмысқа беруге асығу керектініе бұйырған.
Тағы бір айтпай кетпеске болмайтын дерт бар. Ол, кісі қайтыс болғанда артынан дұға ету емес, Құран оқып бағыштау емес, жақсы тілектер мен ол жайлы жақсы сөздер айту емес, керісінше күйші-жырларды шақырып, скрипкашыларды төрге шығарып қойып жыр ойнату. Бұл не деген сұмдыққа айналып бара жатыр? Біз халықты дүниеден өткенімізге дұға жасап, оның біліп-білмей істеген күнәларына Жаппардан жарылқау тілеу үшін жинаймыз ба? Әлде сайраң салып күй тыңдауға жинадық па? Біз Құран оқытып, туыстығымызды білдіріп жатырмыз ба? Әлде, өзге діннің салтын тықпалап өзіміздің ерекшелігімізді көрсетіп жатырмыз ба?! Алла сақтасын, мұндайдан қашық болайық ағайын.
Мәйтті жуу
Мәйітті жууда шариғат бойынша жуушылардың саны шарт емес. Шамасы келсе бір кісінің де жууына болады. Алайда көмекшілердің болғаны жақсырақ. Сондай-ақ сүйекке құда-жекжат, туыстарынан түсемін деушілер болса, оған шариғат қарсы емес. Бірақ тек туыстық-жақындық жағынан жуушы тағайындаудан көрі жуудан толық хабары бар, мәйттің айыптары болса оны жасыра алатын, діндар кісілердің жуғаны абзалырақ. Шариғат бойынша мәйітті жуу – парыз. Мәйіт иіс май қосылмаған таза сумен жуылса да болады. Мәйітті үшінші рет жуғанда суға иіс май қосса дұрыс болады.
Жаназа намазы
Жаназа намазы мәкрүһ уақыттан басқа кез келген уақытта – күндіз болсын, түн болсын оқыла береді. Мәкрүһ уақыт деп күн шығып немесе батып бара жатқан және күн тас төбеде тұрған үш кезді айтады.
Иә, жаназаны баршамыз да білеміз. Қалай оқылатынын, кім оқитынын және не істелетінін? Тіпті жаназа намазын оқу үшін де дәрет алу керектігін де жақсы білеміз. Бірақ жамағат арасында бұған немқұрайлы қарап, дәретсіз де сапқа тұратындар кездеседі. Дәретсіз намаз, намаз ба? Осы жағында халық назарда ұстаса екен дейміз. Намазға дәретін алып, сауап алу ниетімен қатысса мол сауапқа кенелетіні ақиқат.
Пайғамбарымыз (с.а.с): «Намаз оқылғанға дейін жаназа намазында болған адамға — бір қырат, жерленгенге дейін болған адамға — екі қырат сауап бар» деген. «Екі қырат не?» деп сұрағанға, «Екі үлкен таудай» деп жауап берген[Бұхари, жанаиз, 59]. Сондықтан жәй келіп жаназа намазға қатыса салмастан, екі үлкен таудай сауапты ниеттеніп қатысқан жөн.
Жерлеу мәселесі
Жерлеу мәселесінде де ескерер жайттар көп. Жоғарыдағы хадисті назарға ала отырып айтар болсақ, кісі жаназа намазына қатысып, ары қарай жерлеуіне де қатысса екі үлкен таудай сауапқа кенелетінімізді ұқтық. Алайда, мұның мәнісін түсінбей біреу туысым деп ұялғаннан, біреу досым деп ұялғаннан келетіндер бар. Енді біреулері ата-бабамыз осындай сауапты үміт етіп жаппай жерлеуге баратын әдеттері бүгінде үрдіс болып қалыптасқандықтан жаппай қабір басына барып жатады. Бірақ барғанда көпшілігінен сауап үміт етіп барғандарын байқай алмайсың. Біреулері темекі шегіп ана жерде, мына жерде екі-үш кісіден топтасып алып әңгіме дүкен құрып жатады, біреулердің мына сауабы мол жаназаға келіп тұрып, өз туыстарының бейіттерін аралап кетіп қалатындарға жарайды амал нешік деп тұрсаң, енді біреулері қайғы кезде шырқ-шырқ күліп жатқандарына таңданасың.
Ардақты ағайын! Дүниеден бір кісі өтсе оны ақтық сапарға шығарып салу мына біз мұсылмандардың міндеті. Барынша жақсы сөздер айтып, жақсы жағынан еске алып, ертең дәл осы сәт біздің де басымызға ораларын естен шығармауымыз керек. Өлім мен қабірге қарап ғибрат алуымыз керек. Қаншама атақты сахабалар осы бейіт басына келіп көз жастарын төккен. Олардан неге жылағандарын сұраған жанындағыларға, «Біздің нағыз мәңгілік өміріміз осы жерден (қабірден) басталады» — деген. Расында пенде қандай сауабымен жан тәсілім еткен болса, сауап-күнә амалдарына қарай қабір азабы не қабір рахатына кенеледі. Қабірде күйің қандай болса қиямет күні ол күй еселене түседі. Сондықтан әрқашан тәубе етіп, әсіресе осындай жаназа кезінде кешірім сұрап, сауапты іс істеуге тырысу керек. Кісі өлімі Алланың өзгелерге деген ескертуі деп те ұғуымыз керек. Осындай ашық ескерту кезінде өсек айтып, шарқ-шұрқ күлудің қасіреті қандай өкінішті. Осындайдан сақтанайық ағайын. Алла тағала өлім жайлы Құранда: «Одан (топырақтан) сендерді жараттық. Оған қайтарамыз да екінші рет содан шығарамыз»[«Таһа» сүресі, 55 аят] — дейді. Яғни, баршамышды өлімнен кейін қайта тірілтіп Қиямет күні әрбір істеген істерімізден, әрбір жаратқан тиындарымызды қайдан алдық және қайда жұмсадық? Бәрін-бәрінен сұрау алады. Ақылы бар жан бұл жайында терең ойлануы керек.
Шариғатта ысырапшылыққа жол жоқ
Атам қазақ, жыл мезгілінде жаңбырлатып қанша жауын жауып жатса да, дөңгелек жердің көп бөлігі дария-көлдер болса да, тіпті басып жүрген жеріміздің 2 метірін қазсақ су шығатыны белгілі болса да «Судың да сұрауы бар» — деп жайдан-жай ескертпеген. Бұл дегеніміз әрбір нәрсенің сұрауы бар деген сөз. Олай болса қазіргі қозғағалы отырған ысырыпшылық тақырыбының төркінін түсінген боларсыз! Айтпағымыз жаназадағы ысырыпшылық жайлы.
Иә, дүниедегі ең жақын, біз үшін жанашыр, асқаралы таулардан биік, мөлдір сулардан пәк, шипалы балдан тәтті жақын адамдарымыз дүние салып жатыр. Біз ол асылдарымыз үшін неге аянып қалуымыз керек? Ол, асылдарымыз үшін барша мал-дүниеміз де садақа болсын! Жо-жоқ, бұл тәтті сөздер тек тілменен ғана айтылып жатыр. Бірақ көпшілігіміз ол мал-дүниемізді қайтыс болған асылымыз үшін емес, бәлкім оны пайдалана отырып жұрттардың «Пәленше, қайтыс болған түгеншесі үшін барын салды, ұлан асыр ас берді» — деуі үшін сарп етіп жатқандаймыз. Яғни орынсыз мал шашып жатқандаймыз. Абай атамыз бұларды жадымызға 5 дұшпанның бірі деп әдіеміше өлеңмен жеткізіп қойғаны есіңізде ме?
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз – деп, астарлап та, нақтылып та дөп айтып тұрған жоқ па?
Ардақты ағайын! Қатты айтты демеңіздер! Бірақ мұның барлығын қояр кез келді. Халықтың көзі ашылды, діннен хабардар болды. Шариғаттан аспай, салт-дәстүрден қашпай дұрысына оралайық.
Баззар (р.а) жеткізген хадисте «Үнемдеген адам байиды, ысырап еткен кісі кедейлікке ұшырайды» — деген. Бұл хадистің мағынасы былай түсінікті болғанымен кейде көпшілігіміз байқай бермейтін жақтары бар. Айталық, кісілерді шақырып ас беру керек болса, олар дәмнен ауыз тиіп, ықыластарын білдіріп, дұға-тілекке ортақтасып кету керек болса, оған азынаулақ қаражат жұмсау жеткілікті еді. Бірақ біздер барымызды шашып, дастарханды тойдан айырмашылығы жоқтай гүлдетіп жібереміз. Кісілердің назарын имандылыққа емес дүниеге қызықтырып салып қоямыз. Нәтижесінде ысырапшылықтың кесірінен берекесіздік келуі мүмкін. Осыны естен шығармағанымыз абзал.
Баззар және Табарани риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с): «Пенде қиямет күні төрт нәрседен сұралғанға дейін, оның табаны жылжымайды: оның өмірі, қалай өмірін өткізді, және жастық шағы, не нәрсеге оны қолданды, және мал-дүниесі, қайдан кәсіп қылды, әрі қайда жұмсады, және білімі, онымен не амал қылды» — деп, осы төрт амал міндетті түрде сұралатынын жеткізді. Бұлхадистен тақырыбымызға қатысты жерін алатын болсақ, тапқан-мал мүлкімізді қайда сарп еткеніміз жайлы міндетті түрде сұралатынымыз, әрі осы жайлы шариғаттан білген білімімізге амал қылдық па, әлде жұрттың алдындағы атақ-абырай басым болды ма? Осы жақтарынан сұралынамыз.
Сондықтан да ардақты ағайын! Осы ысырапшылыққа еш жол бермеуіміз керек. Алла тағала Құранда бірнеше аяттарда, сүйікті пайғамбарымыз (с.а.с) бірнеше хадистерінде қайта-қайта ескерткен. Тіпті мына бір аятта Алла Тағала қатты ескертіп: «Шынында ысырапқорлар шайтанның туысы. Ал шайтан, Раббыңа өте қарсы»[«Исра» сүресі, 26-27 аят] — деп ауыр айтқан. Демек ысырапшылдықтың қандай түрі болса да Аллаға қарсы шыққандай болады екенбіз. Алла бұдан сақтасын.
Тағы бір тым ысырапшылықтың түрі бар, ол «түйе байлау», «бие байлау» деген сияқты түрлі «байлаулар». Кейбір өлкелерде осы үрдіс тұрақты қалыптасып, жаназасын шығарға молданың қанжығасына байлайды. Бұл ысырапшылықтың ең төресі деп айтсақ болады. Себебі Пайғамбарымызға (с.а.с): «Жағфар (р.а) қайтыс болды» деген хабар келгенде: «Жағфардың үйiне тамақ апарыңдар. Оның жанұясы шұғылданатын iс болып қалды (жаназа істері мен уайым, қайғы» — деп, өзгелердің ол қайғы болып жатқан үйге тамақ апаруына үндеген болатын. Басқа бір хадисінде қазалы үйден үш күнге дейін тамақ ішуден қайтарған. Мұның барлығы қайғымен қайғырып отырғандарға күш түспеуі үшін тыйған болатын. Ал, сондай қайғылы үйге күш түспеуі үшін жай ас беруге болмайтын болса, түйе байлау сынды сұмдық ысырапты қалай санаға ұқтыруға болады? Бұл тіптен артықшылық деп ойлаймын. Сондықтан осы жағынта бірлесіп тоқтатқанымыз жөн ағайын.
Қабір, бейіт салу мәселесі
Байқап отырғанымыздай жаназаға тиесілі үрдістердің барлығында түрлі кемшіліктер мен асыра сілтеушіліктер бар. Шариғатымыз бен дәстүрімізге саймайтын шаралар бар. Сол сияқты кісіні бақилыққа аттандырып болғаннан соң да, тыныштық бермей өз атақ-абыройларымызды ойлап зәулім-зіулім, тіпті сәулетті етіп бейттер тұрғызуға жарысқа түсіп кеткендейміз. Бұл шариғатымызды түбегейлі тиым салынған нәрсе. Мұның астында жатқан мәйітке үлкен зияны болмаса еш пайдасы жоқ. Бейіттің шариғи үкімі былайша болады.
Қабірге төмпешік болғанға дейін топырақ үйіледі. Қабір үстіне бір қарыстай топырақ үйілуі – мұстахаб (таңдаулы, ең көркем амал). Қабір үсті түйе өркеші секілді етіп үйіледі. Қабірдің төбесін гипстеу немесе неше түрлі майлы нәрселер жағу – мәкрүһ (ұнамсыз, жағымсыз іс-әрекеттер). Қабір үстіне тас немесе ағаш, мәйітті белгілеу ғана үшін қойылады. Ал мақтан үшін, байлығын көрсету үшін қою – харам (қатаң тыйым салынған күнә). Әбу Ханифа (р.а.) мәзһабы қабір үстіне белгі қойып, оған жазу жазуға рұқсат етеді. Бірақ сурет және мүсін қойылмайды. Міне бұл шариғаттың бізге белгілеп берген жолы. Бұдан тыс жасалғанның барлығы ысырапылыққа алып келеді. Мүтталіп ибн Әбу Уадаа (р.а) риуаят еткен хадисте: «Осман ибн Мазъун[Пайғамбарымыздың (с.а.с) сүт анасы тарапынан ағасы] қайтыс болғанда, оның жаназасы оқылды. Жерленіп болған соң, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) бір кісіге тас алып келуді бұйырды. Ал, ол кісі тасты көтере алмай қайтып келеді. Пайғамбарымыз (с.а.с) өзі барып, жеңін түреді де, тасты алып келіп мәйіттің бас жағына қойяды: «Осылай ағамның қабірін белгілеймін. Жанұямнан кімде-кім қайтыс болса, оның қасына жерлеймін»[Әбу Дауд], деген. Бұл хадисте пайғамбарымыз (с.а.с) жерленгенде оның белгісі қандай болу керектігін үлгі ретінде көрсетіп отыр. Ендеше шариғатта үлкен күнә саналатын, дәстүріміз де құптамайтын мұндай бейіт салу үрдісін тоқтатуымыз керек. Осыған кеткен ақшаны, сол мәйттің атынан қайырымдылыққа берілсе нұр үстіне нұр болып, сауабы мәйтке де, сондай қайырлы іс істеген біздерге де жазылар еді.
Қазақ «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген. Өлілерді тек арттарынан дұға жасау арқылы, олардың туған-туыстарын, дос-жарандарына сый құрмет көрсету арқылы разы қыла аламыз. Яғни сондай істеріміз арқылы оларға мол сауап жолдай аламыз. Тірісінде пайда беруі мүмкін болған мал-дүниеміз, дүние салғаннан соң қанша шашылып, сарай тұрғызсақ та зияны болмаса пайдасы тимесі анық. Сондықтан да ой жүгіртіп, ақылға салып, өліге де, өзімізге де пайдалы іспен айналысайық.
Алла Өзінің сүйікті құлдары қатарынан етіп, ысырапшылдықтан сақтап, біздерге берекесін жаудырсын. Шайтаннан сақтап Пайғамбарымыздың (с.а.с) сүннетімен жүруді нәсіп қылсын. Әмин!
Талғат Омаров