САЛЫҚ ЖҮЙЕСІНДЕГІ РЕФОРМА – МЕМЛЕКЕТТІҢ ТІРЕГІ
Салық саясаты мемлекет үшін өте маңызды мәселе. Салық төлемдерінің уақытылы түсіп тұруы ел экономикасына тың серпін берер күшке ие. 14 наурыз 2025 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысып, салық жүйесі туралы әңгіме қозғады. Салық саясатына жасалып жатқан реформаларға арнайы тоқталды.
Президент Көкше төріндегі құрылтайда осыдан үш жыл бұрын наурыз айында жариялаған Жолдауына сай жүргізілген қоғамдық-саяси реформаларға тоқталып, ел ішіндегі оң өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, қоғамда қызу талқыланып жатқан салық реформасына қатысты пікір білдірді.
– Салық жүйесі, бұл – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек. Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген. Түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде. Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз, – деді Президент.
Жоғарғы Соттың Төрағасы Асламбек Мерғалиев «салық саясаты» ұғымына былайша тоқталыпты: «Салық саясаты ұғымына жаңа салық пен бюджетке төленетін төлемдерді белгілеу, қолданыстағылардың күшін жою жатады. Сондай-ақ салық және бюджетке төленетін төлем мөлшерлемелерін, салық салынатын нысандарды, салық базасын өзгерту жөніндегі шаралар жиынтығын қамтиды. Салық саясатын осы саладағы уәкілетті орган жүзеге асырады».
Президент Қ.Тоқаевтың 2023 жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында да салыққа қатысты бірнеше тапсырма нақтыланды.
Қазақстан Республикасы салық саясатының бүгінгі күнге дейінгі құрылымы мен қызметін қорытындылай келе, негізгі мықты тұстары ретінде келесіні атауға болады: мемлекетімізде оңай әсіресе кәсіпкерлер үшін салыстырмалы түрде қарапайым және түсінікті салық салу жүйесі қолданылады; Қазақстанда шетелмен салыстырып қарағанда салық мөлшерлемесі әлдеқайда төмен; салықтық жеңілдік пен ынталандырудың көп берілуі; Дүниежүзілік банк жүргізген «Бизнесті жүргізу 2020» есебі бойынша, Қазақстан салық төлеудің жеңілдігі мен бизнеске берілген талапты сақтау ауыртпалығын өлшейтін «Салық төлеу» көрсеткішіне сәйкес 190 мемлекеттің ішінде 25-орын алады. Сондай-ақ есептілікте жаңартуды қажетсінетін кейбір бағыттардың, оның ішінде салықтық заңнаманы сақтаудың мерзімін, шығынды азайту мен салық жүйесін жеңілдету шаралары көрсетілген; салық төлеуден жалтарудың деңгейі ІЖӨ көлеміне шаққанда 20-25% мөлшерінде бағаланады. Бұл аталған іс-шаралар мемлекеттік кірістерді жинау үшін және еліміздің экономикалық өркендеуіне ықпал етеді.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК