Самал ЕСЛЯМОВА: «Мен үшін ақша емес, ар қымбат»
«Сыр-сандықтың» бүгінгі қонағы – әлем киногерлеріне таңдай қақтырған талантты актриса, 71-ші Халықаралық Канн фестивалінің лауреаты, «Азия Оскарының» иегері Самал ЕСЛЯМОВ. Иә, қазақстандық актриса Самалдың төрткүл дүние көз тіккен қос бірдей өнер додасында маңдайы жарқырап үздік танылуы қазақ халқы үшін теңдесі жоқ қуаныш болды. Бөркімізді аспанға аттырып, Самалды танымал еткен «Айка» фильмі екенін жақсы білесіздер. Режиссері – Сергей Дворцевой. Бұған дейін де басты рөлін Самал сомдаған Сергейдің «Қызғалдақ» («Тюльпан») фильмі дәл осы Канн фестивалінің «Ерекше көзқарас» аталымы бойынша Бас жүлдесін жеңіп алған-ды. Бірлескен еңбек жемісін беріп, абырой еселенді. Алты құрлық киногерлерін селт еткізген «Айка» картинасы Ресейде түсірілген. Оқиға желісі Мәскеуде өрбиді. Эмигрант қырғыз қызының ауыр тағдыры. Атамекеннен жырақ кеткен жанның тағдыры жеңіл болып па?! Әйтпесе, қаршадай қыздың алты-ақ күндік өмірін бейнелейтін туынды алты жыл түсіріле ме?! Кейіпкер – қиялдың жемісі. Ал, сол кейіпкердің болмысы мен тауқыметті тағдырын миллиондаған көрерменге шынайы жеткізе білу – актрисаның шеберлігі һәм бақыты. Осы мәртебелі жеңісінен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болған Самал Ілиясқызы Ұлт Көшбасшысының «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының өскелең ұрпаққа берері көп екенін айтады. «Айка» фильмін жүрек толқымай, жанарға жас үйірмей көру мүмкін емес. Үрей мен үміттің шарпысуына құрылған психологиялық драма. Ал, Самалдың қарапайымдылығына, елін, жерін, тілін сүйетін жұдырықтай жүрегіне сүйсінбей отырып сырласу да мүмкін болмады. Асыра-сілтеді демеңіздер, Самалдың сүрілмеген қасы, түрілмеген кірпігі, боялмаған шашы мен ернінің өзі – бір кино. Ендеше, мұқым қазақтың мақтанышына айналған Самалдың жансарайына бірге үңілейік…
«ЖУРНАЛИСТ БОЛУДЫ АРМАНДАҒАНМЫН»
– Самал, әңгімемізді өзіңізді әлем жұртшылығына танымал етіп, қазақ елін төрткүл дүниеге танытқан «Айка» фильмі төңірегіндегі сауалмен бастасақ… Психологиялық тұрғыдан өте ауыр рөлді сомдауға қалай тәуекел еттіңіз?
– «Айка» картинасы – режиссер Сергей Дворцевой екеуміздің шығармашылық одағымыздағы екінші туынды. Алдында осы режиссердің «Тюльпан» фильмінде де басты рөлді сомдағанмын. Ал, «Айканың» тақырыбы, идеясы қызықтырды. Әрине, ауыр рөл екенін сездім. Алып шығу оңайға түспейтінін де білдім. Алайда, ана мен бала арасындағы байланыс деген тылсым әлем қызықтырып, тәуекел етпесіме қоймады.
Әуелі фильмнің сценариімен таныстым. Рас, күрделі рөл. Кейіпкердің тауқыметке толы тағдыры. Режиссердің ұсынысынан бас тарпақ болған сәттерім де болды. Бірақ, Сергейдің «Бұл рөлді сен ғана алып шығасың» деген сенімі қамшы болса керек, көп тайсақтамай, тәуекел еттім. Қазір осы рөлімнің Канн фестиваліндегі абыройы үшін ғана емес, режиссер сенімін ақтап, берілген рөлді шынайы ойнап шыққаным үшін қуанамын.
– Өзіңіз айтып отырған ана мен бала арасындағы байланыс. Әлі ана атанып үлгермеген бойжеткен қазақ қызы үшін тылсым әлем. Оң жақтағы қыз бала үшін ана бейнесін сомдау қиын болған жоқ па?
– Қиын, әрине. Егер, мен бұл рөлді ойнаған сәтке дейін ана атанған, перзент сүйген болсам, мүмкін, дәл бұлай ойнай алмас па едім деп те ойлаймын кейде. Өйткені, ана бақытын сезініп, балаға деген махаббатты басынан өткерген адам шаранасын перзентханаға тастап кете алмас еді. Кино болған соң тастап кетерсің-ау, бірақ, қимастық деген эмоциям аңғарылып қалуы кәдік қой.
Бірақ, жұмысың болған соң, фильм оқиғасы қызықтырған соң, бас тартуға болмайды. Ойнап шықтық. Ішкі түйсігім «Айканың» ғажап картина болатынына, әлемнің небір мықты киногерлері пікір білдіретін туынды боларына сенімді болды. Өзімді психологиялық тұрғыдан тиянақты түрде дайындадым. Ана атанған апаларыммен көп кеңестім. Перзентхана жағалап, тастанды балалардың тағдырын зерделедім. Фильмдегі ең ауыр сәт – перзентханадан қашып шыққан сәт. Баланың да, ананың да тағдыры тауқыметтің қақпасын қағып, тәлкекке ұшырағалы тұр. Осының бәрін түйсіну, актриса ретінде алып шығу оңай болған жоқ, әрине.
– Бір сұхбатыңызда елді сағынатыныңызды, ауылды аңсайтыныңызды айтып, ағыңыздан жарылған екенсіз. Осы Айканың бейнесін шебер, шынайы ойнауыңызға сол сағыныш түрткі болды деп ойламайсыз ба?
– Әрине, ауылға, ата-анама, бауырларға деген сағыныш түрткі болды. Сағыныш – ұлы сезім. Ауылдан ұзап шықпаған, ата-ана, бауырларының ортасында жүрген адамның өзі өткенді аңсап, сағыныш сезімін бастан өткеріп жатады ғой. Сағынбайтын адамнан қорқу керек. Сағынбайтын адам – ол жүрегі жоқ адам. Ал, шынайы сағыныш адамды игі істерге бастайды. Менің әрбір сәтті ісімнің артында ұлы сағыныш тұр. Елден жырақ жүргеніммен, Қазақстанның әрбір қарышты қадамы, елдегі елеулі оқиғаларға санамыз сергек, құлағымыз түрік жүреді. Елбасымыз бастаған ұлы көштің көрікті келбеті, сарабдал саясаттың салтанаты – біздің мақтанышымыз. Нұрсұлтан Әбішұлының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары өнер жолында жүрген біздердің санамызға серпіліс әкеліп, бойымызға рух дарытқанын да ерекше сезіммен айтар едім. Осынша игілік менің туған елге деген сағынышымды еселей түседі.
– Бәрекелді! Актриса болуды қай жасыңыздан армандадыңыз?
– Мен мүлде актриса боламын, киноға түсемін деп ойлаған да, армандаған да жоқпын. Сіздер секілді журналист болуды армандадым. Шынымды айтсам, мен өнерге кездейсоқ, аяқ астынан келгенмін. Мен мектеп бітірген жылы Солтүстік Қазақстан облыстық драма театры жанына актерлық курс ашылды. Бұл курс кейін өнер колледжінің жеке факультеті болып қайта құрылды. Соны естіген әкем маған осы курсқа құжат тапсырып, бақ сынап көрсең қайтеді деген ұсыныс айтты. Ертеңінде бардық. Сөйтсек, құжат тапсыру мерзімі аяқталуға жақын екен. Соңғы күн, ертең емтихан басталады. Мен дайындалып үлгермейтінімді айтып, әкемді айнытқым келді. Әкем үлгересің дегеннен танбады. Оның үстіне, мен мектепті 16 жасымда бітіргенмін. Өз қатарыммен оқуға түсуге бір жылым бар. Соған сүйендім де, әке ұсынысымен келістім. Құжат тапсырып, оқуға түсіп те кеттім. Міне, менің өнерге келуім осылай басталған. Аяқ астынан…
– Сонда Сіздің өнерге келуіңізге ықпал еткен әкеңіз болды ғой…
– Иә, менің өнерге келуіме тікелей ықпал еткен адам – ол әкем. Әкемнің анасы – менің әжем өте ғажап әнші болыпты. Әлі күнге дейін көзкөргендер әжемнің әншілігін аңыздай қылып айтады. Ол кісі өмірден ерте өткен. Әкемнің өзі де өнер жолын таңдағысы келген екен. Бірақ, ағасы ауырып, оқуға мүмкіндік болмаған. Оның үстіне, анасынан ерте айырылған. Домбырашы болсам деген арманы жүрегінде құндақтаулы күйінде қалғандықтан, өзінің екі баласын да өнер жолына бейімдеген. Әпкем – кәсіби сырнайшы. Мен актриса болдым. Анасының өнерін жалғастырсын дегені шығар, біздің өмірлік жолымыздың осылай шиырлағанын қалады.
«МЕН – ЖҰЛДЫЗ ЕМЕСПІН, ЖҰЛДЫЗ – АСПАНДА»
– Мәскеуге неше жасыңызда қоныс аудардыңыз?
– 22 жасымда.
– Канн фестивалінде абырой биігіне, жеңіс тұғырына көтерілгенде Сіз «Рахмет, баршаларыңызға!» деп қазақша сөйледіңіз. Біз марқайып, риза болдық. Осынша жыл сыртта – елден жырақ жүрген қазақ қызының ана тілін ұмыта бастауы мүмкін еді ғой. Елде жүріп, ана тілінде сөйлеуге намыстанатын қандастарымыз қаншама…
– Өз басым елін, тілін, ата дәстүрін бағаламайтын, сүймейтін қандастарымды түсінбеймін. Маған «Сіз Қазақстанды, қазақтың тілін сүйесіз бе?» деген сұрақ жиі қойылады. Бұл сұрақ маған «Мына қолыңызды сүйесіз бе?» дегендей әсер қалдырады. Ол қол менікі ғой. Қалай жақсы көрмейсің, қалай сүймейсің?! Қазақстан – ол менің елім! Қазақтың тілі – менің тілім! Қазақстан – ол мен! Ендеше, еліңді сүймеу, тіліңді құрметтемеу мүмкін бе?
Тілдің қадірін сыртта жүрген біздер білеміз. Мәскеуде қазақша сөйлеген біреудің даусын естіп қалсам, туған анамның құшағына еніп кеткендей әсерде боламын. Шөліркеп, таңдайың кеуіп тұрғанда, кәусар бұлақтан шөліңді басқандай күй кешесің. Үнемі жат ортада жүріп, құлағыңа да, санаңа да өзге тіл сіңіп алған біздерге қазақтың бір ауыз сөзін естудің өзі ғанибет. Тамаша бір ән тыңдап тұрғандай боласың ғой… Әлгі Сіз айтып отырған қаракөз қандастарымыз түсінсе ғой осыны…
Қазақ – табиғатынан ұяң халық. Дауыс көтеру, дөрекі сөйлеу дегенді білмейді. Мен де ақырын сөйлейтінмін. Ақырын сөйлегенде – баяу емес, үнім ұяңдау еді. Мәскеудегі театр және кино институтына қабылдау емтиханын тапсырып жатқан сәтімде осы ұяң үнімнен сүріне жаздадым. Мамандар «Сіздің актерлік шеберлігіңізді жоғары бағалап отырмыз. «Сахна тілі» пәнінің оқытушылары қабылдағысы келіп отыр. Бірақ, үніңіздің бәсеңдігімен күресу керек» деп әрең қабылдады. Иә, үніме күшейткіш екпін қосу үшін көп еңбектендім. Соның өзінде қазақ халқының қанына сіңген ұяң, биязы болмысына қастандық жасап жүргендей сезімде болдым.
Мен халқымды, тілімді осылай сүйемін!
– Тамаша! Самал, Канн додасынан кейінгі танымалдық ауыр жүк болып жүрген жоқ па?
– Мен ешқашан танымал боламын деп ойлаған жоқпын. Алдыма танымал болуым керек деген мақсат та қойған емеспін. Тағы да қазақ халқының бойындағы, сонау ата-бабаларымыздан бері қанымызға сіңген тағы бір тамаша қасиетін сөз етейін. Ол – қарапайымдылық. Рас, өнерде болмашы жетістікке жеткен әріптестеріміздің қарапайым ортаны тез жатырқап қалатындары бар. Сіздер секілді журналистерге қолжетімсіз болып кетеді. Сұхбат беруге уақыттары жоқ. Қазақы тілмен бейнелеп айтқанда – «мұрындарына су жетпей» жүреді. Бірақ, сол өнерпаздардың ақша үшін қазақтың тойында жүргенін көресің де, қынжыласың. Ол дұрыс емес қой.
Сіздің әріптестеріңізге берген әр сұхбатымда қайталап айтып жүрмін, мен – жұлдыз емеспін, жұлдыздар – аспанда. Ал, мен қарапайым қалпымнан айнығым келмейді.
– Самал, ауырлау сауал болса, айыпқа бұйырмаңыз… Егер, әлдебір режиссер қомақты қаламақыға жеңілтек, қазақ қызына мүлде жат қылықтар көрініс табатын рөлді ойнау жөнінде коммерциялық жоба ұсынса, ойнар ма едіңіз?
– Жоқ. Мен өнерге ақша үшін келген жоқпын. Маған ақша емес, ар қымбат! Ақша тауып, шалқып өмір сүргің келсе, бизнеспен айналыс. Қасиетті өнерде нең бар?! Мен – осындай ұстанымдағы актрисамын. Келісімшарт негізінде алатын кесімді ақшам бар, айлық жалақым бар. Сол – қанағат!
«ӨМІРІМДЕ ТЕАТРДЫҢ ДА БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫН»
– Қазақстан киногерлерінің туындылары, жалпы, отандық кино өнерінің деңгейі туралы пікіріңіз…
– Қазақ киносына көңілім толмайды деп ешқашан айтқан емеспін, айтпаймын да. Ізденіс бар, нәтиже – көңіл көншітерлік. Алтын қорында «Амангелді», «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Менің атым – Қожа» сынды ғажап туындылары бар қазақтың киноиндустриясы қалай осал болсын?! Әрине, сәтсіз туындылар да жоқ емес. Бәрібір, қазақтың киносы түсіріліп жатыр. Мен айтар едім, әлемдік деңгейдегі мәртебелі сыйлықтарды иеленіп жатқан Голливуд туындыларының барлығы шедевр емес деп. Кез келген киноға сын көз бен қарасаң, осал тұсын тауып алуға болады. Әр туындының өз көрермені бар. Қазылар талғамынан өтіп, жүлде алған фильмдердің қай-қайсысымен де «Қазақфильм» туындыларын салыстыруға болады.
— Голливудта болдыңыз ба?
– «Оскарға» ұсынылған кезде болдым. Өкінішке орай, емін-еркін саяхаттай алмадым. Бірақ, мен Голливудқа барсам деп ешқашан армандаған емеспін. Әлемді елең еткізетін кинотуындының барлығы Голливудта түсірілуі шарт емес қой. Мысалы, құмның арасындағы ауыл тұрмысы туралы кино түсіру керек болса, оған қолайлы жер Қазақстанда толып жатыр. Ол да өнер туындысы болып шығады. Десек те, Голливуд – әлемдік киноиндустрияның бірегей орталығы. Көп нәрсе үйренуге болады. Әсіресе, актерлерінің шеберлігі. Сюжеті нанымсыз, сценариі ортаңқол картинаның өзінде эпизодқа шыққан актерлерінің шеберлігіне еріксіз бас шайқайсың. Біз көрсетіп ойнаймыз. «Міне, мен мықты кейіпкердің бейнесін сомдап жүрмін. Менің кейіпкерім де, өзім де – мықтымын. Бұл менің ғана қолымнан келеді» деп. Ал, олардың ойнауында ешқандай жасандылық, кейіпкер болмысына өнермен бейімделу деген болмайды. Кинода актер емес, сол кейіпкердің өзі ойнап жүргендей әсер береді. Ал, Голливудтың техникалық мүмкіндіктері туралы сөз айтуға келмес. Елең еткізер эффектілерді берудегі мүмкіндіктері – шексіз. Мысалы, біз осы «Айка» фильмінде қар жауғанын күтіп, қанша уақыт жоғалттық. Тіпті, кей жылдары Мәскеуде мүлде қар жаумай қойды. Ал, Голливуд үшін бұл себеп емес.
– Қазақ театрлары ұсыныс жасап жатса, театр сахнасынан көрінер ме едіңіз?
– Әрине. Өмірімде театрдың болғанын қатты қалаймын. Театр сахнасына шықпағаныма көп жыл өтті. Сағынып жүрмін. Бірақ, белгілі бір жобаға ұсыныс қабылдап, келісімшартқа қол қойып қойған соң, театрға келіп, қойылымда ойнау мүмкін болмай қалады. Өйткені, театрдың жүйелі түрде болатын репитициясы бар. Сен ол кезде қабылдап қойған жобаң бойынша түсірілімде жүресің… Осы жағы ғана қолбайлау болып жүр. Әйтпесе, қазақ театрларының сахнасынан жылына бір рет болса да, көрінер едім.
– Болашақта қандай жобалардан бой көрсетесіз?
– Жақсы жобаларға ұсыныстар бар. Қазір моңғол тілін үйреніп жүрмін. Моңғолиядан бір үлкен жобаға ұсыныс қабылдағанмын. Моңғолия, Қытай, Канада елдерінің бірлескен жобасы. Соған дайындық үстіндемін.
«ӨНЕР – МАТЕМАТИКА ЕМЕС»
– Балалық шағыңыз қалай өтті?
– Солтүстік Қазақстан облысын елдің бәрі орыстанып кеткен аймақ деп санайды. Ал, мен – қазақы ауылда атқа мініп, мал қайырып өскен қызбын. Жасымда тентектеу болыппын. Әкемнің ұлы болмаған соң, мені ұл балаша тәрбиеледі. Әкеме қолқанат болдым. Әпкем үй шаруасына жауапты болды да, мен даланың жұмысын меңгердім. Мал бағу, отын дайындау деген секілді. Біздің балалық шағымыз тоқсаныншы жылдардың тоқырауына дөп келді. Бірақ, анам пісірген бауырсақтың, қаймақтың дәмі аузымнан кетпейді. Иә, тоқыраудың салмағы ата-анама батқан шығар, ал, айран ішіп, бауырсаққа қаймақ жағып жеген біздерге сезілген жоқ.
Жалпы, балалық шағым ұмытылмас бақытты сәттердің құшағында өтті.
– Балажансыз ба?
– Бабаларымыз айтқан ғой: «Балам, балалы болғанда білерсің» деп. Оны уақыт көрсетер. Бірақ, балдай тәтті қылығымен баурап тұратын періштені кім жақсы көрмейді?! Жақсы көремін.
– Кинода баланы тастап, перзентханадан қашып шыққанда қандай сезімде болдыңыз?
– Рөлде ойнап жүргенімді ұмытқан жоқпын. Бірақ, жүрегім езіліп тұрғанын сезіндім. Өнердің құдіреті – сонда. Беріліп ойнаған кезде кейіпкердің өзіне айналып кетесің ғой…
– Атам қазақ «Қыздың жолы – жіңішке», «Өнердің жолы – ауыр» деп жатады. Өзі жіңішке жолды ауыр жолмен тоқайластырып, нәп-нәзік қазақтың қызы осынша ауыртпалықты көтеріп Мәскеуде жүр. Шаршаған жоқсыз ба?
– Өнер – менің өмірім. Бастаған ісінен нәтиже шығарамын деген мақсатшыл адам орта жолда шаршадым демесе керек. Өнер – мәңгілік кие. Оған опасыздық жасауға әсте болмайды. Шаршаған жоқпын. «Шаршадым» деп айтуға құқым да жоқ. Өйткені, мен өнерді сүйемін! Бар ауыртпалығын көтеремін деп мойынсұнып келгеннен соң, көндігуің шарт. Өнер жолында, әсіресе, кино жанрында төзімділік танытпасаң, өнерге қиянат жасағаның. Әрине, мұның барлығы – менің жеке пікірім, өнерге деген өз құрметім. Ол математика емес. Математикалық өлшемдерге бағынбайтын шексіз әлем. Киелі өнерді қастерлеп, өзімізден кейінгі ұрпаққа аманаттау – біздің парызымыз.
– Бір сөзіңізде кейіпкердің өзіне айналып кетеміз деп қалдыңыз. Қазақ өнерінің ақ берені Асанәлі ағамыздың Бекежан атанып кеткеніндей, Сіздің де Самал атыңыз ұмытылып, елдің бәрі Айка деп кетпей ме?
– Солай атап кетсе қуанар едім. Онда мен тауқыметті тағдыр иесі Айканың бейнесін халықтың жүрегіне шынайы жеткізе алған болып саналамын. Ендеше, бақытты актрисамын деген сөз.
– Алты жылғы түсірілімге арқау болған Айка қыздың басындағы бес күндік мезет кейіпкеріңіздің тұтас тағдырын беріп тастағандай. Жалпы, кино жанры өмірдің шындығын қаншалықты деңгейде таныта алады?
– 100 пайыз. Киноның сюжеті өмірден алынады. Кейін кинодағы оқиға өміріңізге айналып жатса таң қалмаңыз. Мысалы, «Айкада» менің балам ұл бала болатын. Ол ұйықтап қалды да, тәтті ұйқыдан оянбай қойды. Түсіру тобы дайын тұр. Ол алғашқы эпизодта шырылдап жылауы керек. Көп тостық. Содан Саша есімді қыз бала оянып, шырылдап жылады. Режиссер шұғыл шешім қабылдап, Сашаны түсіруге анасынан рұқсат сұрады. Анасы қуана келісті. Кейін осы Саша кино өнерінің жарық жұлдызы болмасына кім кепіл?! Өмірі киномен басталған ерекше балалар санатына қосылды. Кейін бой жеткен соң, «Айка» туындысын көреді. Ата-анасы көрсетеді. Содан кейін балада актриса боламын деген мақсат-арман оянуы әбден мүмкін ғой. Тек қана, Сашаға, оның анасына кинодағы кейіпкерлердің тағдырын бермесін!
– Әсерлі сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК