Сән үйіне – 30 жыл
Облысымызда «Асыл-Дизайн» сән үйіне 30 жыл толуына орай «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығының XI көрсетілімі өтуде. Осыған орай, Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында сән апталығының қатысушыларымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Онда «Асыл-Дизайн» сән үйінің бас дизайнері, «Aспара» мәнерлік өнер және бизнес колледжінің негізін қалаушы, «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық жобасының президенті Айдархан Қалиев жобаның негізгі мақсатына тоқталды.
– Қазіргі таңда сән үлгісі сан қырлы. Дизайн тенденциялары да өзгермелі. Бүгінде әлемнің жетекші сән үйлері киімдер мен зергерлік бұйым топтамаларына этникалық мотивтерді қосады. Белгілі дизайнерлер мен сәнгерлер этникалық топтамалардан шабыт алады. Өйткені, заманауи этно киімдерді үлгілеу және ерекше стильдік бағытта үйлесімді бейнені жасау ерекшеліктерінің бірнеше ережелері бар. Біз бірінші кезекте сол үлгілерді өз сән үлгілерімізде пайдаланып келеміз, – деді дизайнер.
Баспасөз мәслихатында «Ирина Набоко» сән үйінің бас дизайнері Ирина Набоко, Қазан мемлекеттік мәдениет институтының инженерлік орталығының ғылыми-эксперименталдық зертханасының меңгерушісі Расых Салахов және «Сымбат» сән академиясының көркемдік жетекшісі Балнұр Асанова мен Қытай Халық Республикасының өкілі Мағауия Рысбек жоба аясында өз ойларын ортаға салды.
Өз кезегінде Ирина Набоко сән үйінің отыз жылда жеткен жетістіктерімен бөліссе, Расых Фарухұлы ұлттық киімді әлем елдеріне насихаттап жүрген Айдархан Миралұлына ерекше алғысын білдірді. Олар бұдан әрі де бірлесіп жұмыс істейтіндіктерін, өз кәсіптерін «Асыл-Дизайн» сән үйіне қарап жүргізетіндіктерін айтты.
Жиын соңында спикерлер бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді.
Мақпал СҮЙІНБАЙ