Сандықта сақталған ажал

Жаңыл кейуана бүгін ерте оянды. Жаңа шыққан күннің алтын сәулесі бөлме ішіне тарапты, нұрланып ерекше бір шырай танытып тұр. Көрпені ысырып тастады да, орнынан тұрып, төрдегі кішкене сандықшаға қол созды. Төс қалтасынан тастамайтын кілтін алып, сандықты ашты. Сандықты ашқанда көзіне араб тіліндегі Құран оттай басылды. Жаймен қолына алып кітап бетін сипады да, текеметтің үстіне қоя салды. Онан соң анада келініне айтып алдыртқан аппақ маталар…
-Оны қайтесіз, апа?-деген еді сонда келіні таңданып.
-Көзімді жұма қалсам,сендерді әуреге салмайын, жабу-жоралғымды дайындап қойғаным жөн ғой. Бір аяғым төрде, бір аяғым көрде. Қойдың жасындай жасымыз қалған жоқ па, қызым?-деген-ді. Келіні еркелей отырып:
-Қойыңызшы, қайдағыны айтпай! Сіз әлі көп жасайсыз! Сіз болмасаңыз ,мына елге кім мақтайды менің пысықтығымды,-деген. Бұл сөзіне енесі сүйсініп күлген де қойған.
Кейуана сандықтың тереңінде жатқан шет-шетін тот баса бастаған кішкене темір қобдишаны ашты, ішінен ескіше безендірілген күміс білезіктерді, қызыл-жасыл көзді алтын сақиналарын, күмісті шашбауын көрді. Осының бәрін көргенде жастық дәуреннің ауылына бір қыдырып қайтқандай еді. Кенет қобдиша түбіндегі ақ түйіншекті ашты. Терезеден түскен күннің әлсіз сәулесіне шағылысып асықтай алтын жарқ ете қалды. Бөлме іші алтын алқа тағынған керім келіншектей лезде құлпырып кеткендей болды. Атадан-әкеге, әкесінен-Жаңылға қалған алтын ғой бұл! Жаңылды да алтынның буы көтерді ме, бойына әлдебір күш бітіп, терезе жақтауына қарады да. даусын көтере сөйледі: «Ойбай, намаздың уақыты өтіп барады екен ғой, қиялшыл басым…»-деп әлгі заттарын жиыстырып орнынан қарғып тұрды.
Шығыстан күн шапағы желбіреп , көктемнің ызғар желі жайымен есіп тұр .
Жуынып келіп шайға отырған Мәулен:
-Қалайсыз, апа, жайлы жатып жақсы тұрдыңыз ба?-деді шешесіне.
-Рақмет, айналайын. Өздерің қалайсыңдар ?Мына күшік көп жылады-ау, көз өткен бе қалай? Тфә-тфә,-деді бесіктен босаған балаға қолын созып.
Үшеуі шүйіркелесіп таңғы шайды ішті. Мәулен жұмысқа кетерінде анасына бажайлап қарап алды да:
-Ауырып жүрген жоқсыз ба?
-Жоқ-ә, о не дегенің?-деді анасы.- Қазір жұмысқа бара жатып ағаңа соқ, жеңгең екеуі келсін, ана тоқтыны сойып, иіс шығарып әруақтарға Құран бағыштайық. Өзің де түске ертерек кел.
Мәулен ар жағын түрткілеп сұрап отырмады. Айдын үйді жиды. Кезек енесінің бөлмесіне тиді. Қағып-сілкіп, тап-тұйнақтай етті. Еденді жуып жүріп күнде көріп жүрген сырлы сандыққа көзі түсті. Бірақ бүгін құлыпсыз. Ашып көрді, қызығарлық нәрселер көп екен, үңілді де қалды. Бұл үйге келін боп түскелі мына сақина-білезіктерді енесінің қолынан көрмеген-ді. Содан ақ түйіншекті ашты, есі кетті, шүйке басын небір бұлдыр ойлар биледі .Қиялға берілгені соншалық, енесі кіріп келгенін де сезбеді. Сасқалақтап апыл-ғұпыл жиды да ,сандықты жауып үндемей тұрып кетті. Құлып салмағаны енесінің есіне енді түсті. «Қу басым, асығып жүріп жинамай да кеткен болармын. Қап , келінім ыңғайсызданып қалды-ау» деген оймен сандықтың жанына барып, тізерлей отыра кетті. Әлгі бұйымдарына нұрсыз көздерін бір жүгіртіп өтті. Екі күміс білезік пен қызыл көзді алтын сақинаны қолына алып, келінін шақырды. Бұл бұйымдарын Айдын қолына таққанда сазға біткен сары ағаштай жайнап кетті.
Арада бір апта өтті. Мәулен түскі асын ішіп жұмысқа кетті. Жаңыл кейуана дәретін алып, бесін намазына жығылды. Бір мезетте арт жағынан есік бір ашылып ,бір жабыла берді. «Бұл кім болды ?» деп артына қарамақ болып еді, ауыр темірдің басына сарт етіп тигенін аңғарды. Әжім басқан бетін, бастан аққан қан жауып кетті. Соңғы дем шығарда артына қарап үлгерді. Келіні екен. Айдын екен…
Нұрлан Тобақабылов,