Санитарлық талап – бақылауда

Осы аптаның сейсенбісінде Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы мониторингтік топ Орал қаласындағы бірқатар сауда үйлерін аралап, карантиндік талаптардың орындалу барысын бақылады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев бастаған мониторингтік топ облыс орталығындағы «Московский», «Атриум», «Рашид», «Азиза» сауда үйлері мен «Алтын алма» базарында болды. Мұхтар Наурызбайұлы сауда үйлерінің әкімгерлерімен, жалға алушылармен әңгімелесіп, өңірімізде коронавирус дертін жұқтыру көрсеткіші қайтадан өскенін жеткізді. Сол себепті карантиндік талаптарға салғырт қарамау керектігі ескертілді.

 

 

Әр нысандағы жағдай әр түрлі. Басым көпшілігі елдегі пандемияға байланысты шектеу шараларын қатаң ұстанып, санитарлық талаптарға мойынұсынғандары байқалды. Ал кей нысандарда қарапайым сақтық ережелері ескерілмейтініне куә болдық.

Орталық базардағы «Лаура» сауда үйіне кіреберісте қойылған санитайзерде қол жууға арналған сұйықтық таусылып қалған. Келушілердің дене қызуын өлшеп тұратын адам да байқалмады. Ара қашықтықты сақтау белгілері көрсетілмеген. Топ мүшелері келген уақытта ғана іске қосылған аудиохабарламада ғана санитарлық талаптар айтылып жатты. Таңертеңгі уақыттағы бұл жағдай үшін Орал қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысы Мәдениет Танауов сауда үйінің әкімгеріне ескерту жасады. Әкімгер Қарлығаш Жапарова мұндай келеңсіздікті ертемен қызметкерлердің жұмысқа кірісіп үлгермегенімен түсіндіріп, барлығын реттеуге уәде берді.

 

 

«Азиза» сауда үйінде де осындай көрініс. Кіреберіс есіктен топталып келушілердің арасында бетпердесіз жүргендер де бар. Жауапты адам олардың дене қызуын өлшеп үлгере алмайтынына шағымданды.

Мониторингтік топтың басты мақсаты сауда үйлерін жалға алушыларға санитарлық нормаларды түсіндіру екенін мәлімдеген облыс әкімінің бірінші орынбасары М.Манкеев: – Күні кеше ведомствоаралық комиссия отырысында осындай жағдайларға байланысты Премьер-министрдің тікелей тапсырмасы болды. Күнделікті аурулар саны көбейген сайын өз тарапымыздан сақтық шараларын күшейтуіміз керек. Өкінішке орай, бүгінгі рейд барысында кей сауда үйлерінде санитарлық талаптардың толық сақталмайтынын көрдік. Ресми түрде ескерту жасап, нысан иелерімен бірігіп санитарлық нормаларды түсіндірдік. Олардың қызметіне шектеу қойғымыз келмейді. Олар да осыны түсініп, карантиндік шектеу шараларын ескергендері жөн. Алайда ескертулер іс жүзінде орындалмаса, ереже бұзған тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартуға тура келеді, – деді журналистерге берген сұхбатында.

Нұрлан Божумов, «Батыс Капитал Лимитед» ЖШС бас директоры:

– «Московский» сауда үйінде барлық дүңгіршектер санитайзерлермен, бетперделермен, қолғаптармен қамтылған. Сауда үйінде жалпы 600-дей дүңгіршек орналасқан. Демалыс күндері жұмыс жасамайды. Халық мұнда көп шоғырланбайды, келушілер аз. Жауапты мекеме өкілдері күнделікті тексереді. Сауда үйіне кіреберіске де антисептиктер қойылып,саудагерлер мен келушілердің дене қызулары өлшенеді.

Данара Мусина, саудагер: – Санитарлық талаптарды орындап жүрміз. Міндетті түрде қол жуу құралдарын, бетперде және қолғап пайдаланамыз. Келушілерден де бетперде режимін ұстануды талап етеміз. Бір уақытта дүңгіршекке төрт-бес адамнан ғана кіргіземіз. Жұмысымыз тоқтап қалмау үшін біз де барлық ескертпелерге құлақ асамыз.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы