СӘНҚОЙ ПАТША

Баяғыда бір сәнқой патша болыпты. Есіл- дерті — сәнді киім, жылтырауық бұйым, сыланып-сипанумен күн өткізеді екен. Күндердің күнінде сарайға қос өнерпаз тігінші келіп:
— Мәртебелі патшам! Біз сізге арнап ешкімде ешқашан болмаған бір керемет көйлек тігіп берсек деп келдік, — депті. — Және бұл көйлек жай көйлек емес, сиқырлы көйлек. Буның ғажабы — ол ақымақ адамның көзіне көрінбейді. Иә, иә ақылдылар көреді, ал ақылсыздар дәл көз алдында тұрса да, көрмейді. Сөйтіп сіз қасыңызда жүрген ақымақтарды және өз қызметіне сай келмейтін нөкерлеріңізді бірден танып-білетін боласыз, — дейді.
Патша қуанғаннан есі кетіп, оларды сарайдың шеберханасына орналастырып, жұмыс жасауға бар жағдайды жасап береді. Қымбат мата керек пе, асыл тас, алтын жіп, жібек сұрай ма — бәрін дереу жеткіздіріп тұруға бұйрык, береді. Келісімді уақыт толғанда патша: «Көйлек дайын болып па? Біліп кел», — деп, бас уәзірді жібереді. Бас уәзір шеберханаға келіп:
— Қалай, жаңа көйлек дайын ба? — десе, шеберлер:
— Міне, қараңыз, бәрі дайын, — деп, бос киім ілгішті көрсетеді. Бас уәзір бул жаңа көйлектің сиқырлы қасиеті туралы естіген еді.
Шеберлер: «Бұл көйлек ақылсыз адам мен өз қызметіне сай келмейтіндерге көрінбейді», — деп еді ғой. Сондықтан уәзір өтірік аң-таң қалған болып:
— Уай! Неткен ғажап көйлек! Мұндай керемет көйлекті бұрын-соңды көрсем, көзім шықсын! — дейді. Тігіншілер бос ілгіштің алды-артына шығып, жоқ көйлекті жарыса мақтап, «көрсете» бастайды. Уәзір бейшара қайтсін, өтірік тамсанып, таңырқағаннан басқа амалы қалмады. Уәзір патшаға келіп:
— Уай, тақсыр, көріп келдім! Дүниеде ешбір патшада мундай көйлек болған емес! Оллахи, өңі түгілі, түсіне де кіріп көрмеген, — деп, тігіншілердің айтқанын қайталап, тамсана мақтайды. Патша қуанып:
— Көйлекті тез әкеліңдер! — дейді. Тігіншілер патшаға да бос ілгішті көрсетіп, оларға уәзір қосылып, көйлекті үшеуі үш жақтан жарыса мақтай жөнеледі:
— Көрдіңіз бе, мұның жағасы қандай?! Етек-жеңін қараңызшы! Мынау алтын түймесін ұстап көріңіз…
Патша да уәзір секілді көріп тұрған болып, өтірік аң-таң болады. «Көрмедім», — десе, өзінің ақымақ екендігі, патшалыққа лайық емес екендігі ашылып қалады. Сенбейін десе, қырық жыл дос болған уәзірі тігіншілерге қосыла мақтап тур. Амал жоқ, тамсанып, бас изей береді.
— Ал ұлы мәртебелім, мұны енді өзіңіз киіп көріңіз, — дейді тігіншілер. — Жо-жоқ, патша ағзам, әуелі киіміңізді түгел шешіңіз. Көрдіңіз бе, мұның өзінің арнайы ішкөйлегі де бар, міне, — деп, патшаны тырдай жалаңаш шешіндіреді. — Ал келіңіз, бірінші мынаны киіңіз. Қандай керемет жарасып кетті! Міне, енді мынасын киіңіз…
Сөйтіп патшаны мақтап, қолпаштап, халықтың алдына алып шығады. Патшаның тыр жалаңаш екенін бәрі көріп тұрса да, көйлекті жамырай мақтап жөнеледі. Себебі халықта көйлектің «сиқырлы қасиетін» естіп алған екен.
«Көрмей турмын», — десем, ақымақтығым елге әшкере болар», — деп қорқып, бәрі өтірік тамсанып, таңырқап, қол соғады. Жапа-тармағай бәрі шуылдап, таңырқап жатқан соң, әрқайсысы «Бұл көйлекті мен ғана көрмей тұр екем», — деп ойлай бастапты. Қайтсе, соны білдірмеуге тырысып, көппен бірге шу-шу етіпті.
Сөйтіп патша күн батқанға дейін бүкіл қала халқына мақтанып, «көйлегін» көрсетіп, серуен қурыпты. Ақырында көйлектің «қасиеті»туралы естімей қалған біреу:
— Қараңдар! Мынау тыр жалаңаш жүрген — біздің патшамыз ғой! — деп айғай салыпты.
Сол-ақ екен, бүкіл халық күлкіден жарылыпты. Сонда ғана халықтың да, патшаның да көзі ашылыпты. Өзінің масқара болғанын патша сонда бір-ақ білген екен…

Л.Н. Толстой