САПАРҒА ШЫҚҚАНДА ОРАЗАНЫ БҰЗУҒА БОЛА МА?
Рамазан айында сапарға шығуы қажет кісі бастап қойған оразасын бұзса, қазасын өтейді ме әлде кәффарат өтейді ме?
Рамазан айында 89 шақырым қашықтыққа жолға шығатын кісі түнде оразаға ниет етпесе де болады. Алайда түнде ораза ұстауға ниет етіп, күндіз жолға шығуы қажет кісі бастаған оразасын бұзбағаны абзал. Ал, қатты қиналған жағдайда оразасын бұза алады. Бұзған жағдайда кәффарат қажет емес. Тек қазасын өтейді. Бұған Жәбирден риуаят етілген мына хадис дәлел:
«Алла елшісі (с.ғ.с.) Меккені азат етуге бет алған сапарында, Қураул- Ғамим деген жерге барғанша ораза ұстады. Жанындағылар да тегіс ауыз бекіткен болатын. Пайғамбарымызға: «Оразадан жұрт қиналып кетті, бәрі не істерін білмей сізге қарауда» деген кезде, бір бақыр су алдырып екінті уақытында су ішті. Бұны жанындағыларға көрсетіп істеді. Оразаға жанындағылардың көбі шыдай алмағандықтан, өзі оразасын бұзып әрі басқаларға да бұзуды бұйырды. Осыған қарамастан әлдекімдердің ау- ыздарын ашпағандығы айтылғанда, «Олар бағынбағандар» деді» (Бұл хадис Мүслим, Нәсаи мен Тирмизиден риуаят етілген: Нәйлул-әутәр, 4-т., 266-б.).
Бұл жердегі оразаның бұзылуы соғыс жағдайындағы қиындыққа қатысты. Сондықтан қиын жағдайда ауыз ашуға рұқсат бар.
Kazislam.kz