САПАРЫМ ҮЗІЛМЕСЕ ҮЙДЕН ШЫҒА…

Бүгін қазақтың талантты ақыны, жезтаңдай әнші, компазитор Бауыржан Үсеновтің туған өңірі-Жуалыға бардық. Мақсат-белгілі тележурналист Шоқан Сыздықұлы дайындап жатқан «Жыр-ғұмыр» деректі фильміне көрініс түсіру.
Бауыржан Момышұлы ауылындағы батыр Баукең ескерткішіне тағзым етуден басталған сапар Үсенов атындағы көшеде жалғасты. Жолбасшымыз Баукеңнің інісі Біржан барайық, көрейік деген жердің еш жерін қалдырмады.
Одан әрі Бауыржанның шаңырағында болып, талантты достың қол жазбаларымен таныстық. Түтінін түзу шығарып отырған жары Гауһар Астанаға, үлкен ұлы Талғаттың үйіне кетіпті. Кіші ұл Мұхаммедсалық анасының да, қызметтегі келіннің де жоқтығын білдірмей дастархан жайды. Қажетті дүниенің бәрін алдымызға жайып салды.
…Баукеңнің жазуы да өзіндей сұлу еді-ау. Ақ параққа маржандай болып тізіле түскен әрбір жыр жолдарына көз жүгірткен сайын сексенінші жылдардың серісі қайран, Баукең бейнесі көз алдымызға келеді. Жанарға ұялаған сағыныш жасын бауыры Біржанға да, баласы Мұхаммедсалыққа да көрсетпей, достың әзіл сөздерін еске алып, езу тартқан боламыз.
Баукең мұрасы арасынан «Сапарым үзілмесе үйден шыға..» деген тақырыппен суреті мен өлеңдер топтамасы жарияланған «Лениншіл жас» газетінің 1991 жылы 5 тамыз күнгі нөмірі шыға келгені. Жастар газетіндегі әріптестер Бауыржанның қыршын қырқына орайластырып берсе керек.
Батыр Баукең, Бауыржан Момышұлының алдында болып, батасын алған, шындықтың жүзі-Шерағаңның, Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесіне «Ақын мен ақбөкен» деген атпен енген Бауыржан Үсенов енді қазағына кино болып оралатын күн жақын.
«Ол да Жуалыдан, бірақ ол батыр емес, ақын еді…»