«Сақалды» құрылыстардың саны азаймақ

Жыл өткен сайын қалада сәулетті ғимараттар бой көтеріп, шаһар шырайын арттыруда. Соңғы жылдары скверлер мен аллеялар көпшіліктің игілігі үшін көптеп ашылды. Дегенмен, салынып бітуі тиіс, бірақ құрылысы әлі аяқталмаған нысандар да жетерлік. Әсіресе, облыс басшысы Б.Сапарбаевтың тапсырмасымен «Таразға тарту» жобасы аясында біраз көше, шағынаудандардың ажары кіріп қалды. Келісілген нысандардың келісімді уақытта аяқталмауына не кедергі? Қазіргі уақытта бұл бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде? Осы және өзге де өзекті мәселелер қала әкімі Е.Жылқыбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында сараланды.
Жалпы, Таразда 35 «сақалды» құрылыс нысаны анықталды. Қазіргі таңда 1 нысанның құрылысы аяқталса, 11 нысанның иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ал 23 нысанның құжаты сотқа жолданған. Оның екеуі бойынша сот шешімі шықса, 14-і бойынша іс қаралуда, 5 іс қараусыз қалдырылды. Сондай-ақ, заң талаптарын сақтамай салынған 17 дүңгіршек алынып тасталса, 12 нысанның иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

 

Бұдан бөлек, жиында ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы қаралды. Жауаптылардың мәліметінше, бағдарламадағы жергілікті атқарушы органдарға тиесілісі 1 индикатор және 5 нәтижелі көрсеткіш толығымен орындалды. Биыл қаладағы қайталанатын – 55, атауы жоқ – 28 және мағынасы ескірген 11 көшеге жаңа атау берілді. Дегенмен, мұндай көшелерге аншлаг ілу, үй нөмірлерінің реттілігі мәселелері туындап отыр.
Аппараттық жиында Халықаралық қарттар күні мерекесін ұйымдастыру барысы да қалалды. Жалпы, Таразда 46 694 зейнеткер бар екен. Оның 14-і Ұлы Отан соғысының және 1 238-і оларға теңестірілген тыл ардагері. 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай қалада 35 іс-шара өткізу жоспарланып отыр екен. Атап айтқанда, ардагерлер арасында шахматтан турнир, «Ардагерлермен селфи» атты әлеуметтік челлендж, зейнеткерлерге арналған қаланың көрікті жерлері мен тарихи орындарына экскурсия, қазақ драма театрында тегін спектакль көрсету жоспарлануда.

 

Өз кезегінде қала әкімі құрылыс уақытын созып, заң талаптарына сәйкес жүргізбеген нысан иелеріне тиісті жауапкершілік жүктеуді және жаңадан атау берілген көшелерге аншлаг ілу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ, Халықаралық қарттар күнін атап өтуде карантиндік талаптардың сақталуын назарға алуды ескертті.
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
Жамбыл облысы