САРАЙШЫҚТА ЖЕРЛЕНГЕН 7 ХАН КІМ?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» деген болатын. Сондай қасиетті жерлеріміздің бірі – Сарайшық.

Бұл шаһарды Мөңке Темір хан салдырды. Алтын орданың ірі қалаларының бірі. Ол туралы заманында Ибн Батута жазған. Сарайшықты Бағдатпен салыс­тырған. Соған қарағанда, ғажап шаһар болса керек. XIV ғасырдың соңында Сарайшықты Ақсақ Темір қиратты. Кейін қайта түлеп, XV ғасырдың ортасынан бастап Ноғай ордасының, соңыра Қазақ хандығының астанасы болды. XVІ ғасырдың соңында қаланы орыс­тар жермен-жексен етті. Қазіргі орны Атыраудан солтүстікке қарай 50 шақырымдай жерде. Бүгінде Атырау облысының Махамбет ауданына қарайды.
Қазіргі кезде мұнда «Хан ордалы Сарайшық» музей қорығы бар. Биіктігі 17 метр болатын ес­керткіш алыстан көз тартады. Ескерткіш осы жерден жай тапқан жеті ханның құрметіне арнап қойылды. Олардың есімдері мен билік құрған жылдары құлпытас­тарға қашап жазылған. Ескерткішті 1999 жылы сол кездегі Атырау об­лы­сының әкімі Иманғали Тас­мағам­бетов салдырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп ашты.
Сарайшықта жерленген 7 хан­ның үшеуі – Алтын орданың хандары. Үшеуі – Ноғай ордасы­ның билері. Біреуі – Қазақ ханды­ғының ханы. Осылардың әрқай­сысына жеке-дара тоқталсақ.
Біріншісі – Мөңке Темір хан (?-1282). Бату ханның немересі. 1269-1282 жылдары Алтын ор­даның ханы болды. Мөңке Темір­ден бұрын Берке хан ел басқарды. Ол кейбір мәселелерді Қара­қорымдағы Құбылай ханмен санасып барып, шешетін. Мөңке Темір билікке келісімен Шыңғыс империясынан іргесін аулақ салып, Алтын орданы тә­уелсіз мемлекетке айналдырды. Бол­ғардан (қазіргі Татарстанда) өз есімі жазылған алғашқы моне­таларды шығарып, мөрін соқ­тырды. Елдегі ішкі тартыстарды тыйды. Берке хан салған сара жолды жалғап, Мысыр сұлтаны Бейбарыспен байланысын кү­шейтті. Мұсыл­мандарға қырғидай тиген Құлағуға қарсы күш бі­ріктірді.
Орыс княздарын уысында ұстады. 1270 жылы Мөңке Темірдің жарлығымен Рязань князы Роман Олегович өлім жазасына кесілді. Оны ислам дініне қарсы келгені үшін, Шыңғыс ханның Ясы заңы бойынша жазалады. Хан жарлығы бойынша 1272 жылы Алтын ордада халық санағы жүргізілді. Соның арқасында, Московия аймағының халық санын анықтап, салық мөлшерін бағамдады. Сөй­тіп, бұл қонысқа жаңа қала салуды ұйғарды. Сол қала бүгінгі Мәскеу екен. Жаңа қаланың князы етіп Александр Невскийдың ұлы Даниилды та­ғайындады. Әсілінде, Моско­вияның тарихы осылай басталған болатын. Бұл жайлы украин та­рихшысы Владимир Белинский «Страна Моксель или открытие Ве­ликороссии» роман-зерт­теуінде: «Итак, мы, наконец, добрались до совсем простой истины, так усердно скрываемой великороссами: селение Москва стало заселяться племенами Мок­сель с 1272 года, а удельное Мос­ковское княжество, появилось в 1277 году. Именно Хан Золотой Орды Менгу-Тимур, а не Юрий Долгорукий, стал истинным ос­нователем Москвы и Московского Улуса» деп, тарихи деректермен қуаттап отырып жазды. Ханның тікелей араласуымен сондай-ақ Ақкерман, Килия, Таван (үшеуі де қазіргі Украинада), Қырық-Ер, Солдайя, Азақ, Іскер (төртеуі де қазіргі Ресейде) және өзіміз айтып отырған Сарайшық қаласы са­лынды.
Сарайшықта жерленген екінші хан – осы Мөңке Темірдің ұлы Тоқты хан (1270-1312). Бату хан­ның шөбересі. 1291-1312 жылдары Алтын орданы басқарды. Негізін­де, Мөңке Темір дүниеден өтісімен орда билігін Төле Бұқа хан иемденіп, Тоқты әкесінің сенімді серігі, беклербек Ноғайды пана­лаған болатын. Сөйтіп, Ноғайдың көмегімен 1291 жылы хан тағын Төле Бұқадан тартып алды. Ноғайға Қырымды сыйға тартты.
Тоқты ханның кезінде басқару билігі нығайып, қалалар гүлденді. Мысыр сұлтандығымен байла­нысын күшейді. 1292 жылы орыс­тың бес князы Дмитрий Алек­сандровичтің үстінен Тоқтыға шағым түсірді. Осыдан кейін 1293 жылы Тоқты Русьтің солтүстік-шығысындағы қалаларға басып кірді. 1299 жылы Тоқты мен Ноғай арасына сызат түсіп, мұның соңы Ноғайдың жеңілісімен аяқталды. Рашид әд-Дин бұл жайлы: «Оның (Ноғайдың) балалары мен әскері қашып кетті. Оны Тоқты армия­сынан бір орыс сарбазы ұстап өлтірмек болды. Ноғай атын айтып Тоқтыға жолықтыруын өтінді. Алайда сарбаз оның басын кесіп, ханға апарды. Тоқты ақсақалдың өліміне қайғырып, өлтірген кісіні дарға асуды бұйырды» деп жазады.
Сарайшықтағы үшінші адам – Жәнібек хан (?-1357). Біздің тари­хымызда екі хан Жәнібек бар. Сарайшықта жатқаны – Тоқты ханның немересі, Өзбек ханның ұлы әз-Жәнібек хан. 1342-1357 жылдары Алтын орданы биледі. Жәнібектің кезінде Алтын орда құрамына бүгінгі Әзірбайжан жері қосылып, қоныс кеңейді. Мем­лекетте ислам діні қанат жайды. Мешіт, медреселер салына бас­тады. Содан болар, жылнамашылар «Жәнібек Дешті Қыпшақ елінің ханы болды. Халық оған дене болса, ол халықтың жаны болды» деп жазды. Л.Гумилев те Жәні­бектің әділетті хан болғанын ең­бектерінде ерекшелеп атап өтеді. Ресейдегі Астрахан қаласын осы әз-Жәнібек салдырған. Бұл жайлы Мұрат Мөңкеұлы толғауында:
Адыра қалғыр, Аштархан,
Әз-Жәнібек хан салдырып.
Ақылын кәуірге алдырып,
Айласы құрып кеткен жер, – деп жырға қосқан.
Әбілғазы баһадүр ханның «Шежіре-и түркі» («Түркі шежі­ресі») кітабында: «Өзбек хан өлгеннен соң оның ұлы Жәнібекті хан көтерді. Жәнібек хан ғажайып мұсылман патша болды, өзі ғұлама, ибалы, ақылды кісі еді. Сарайшық шаһарында таққа отырды, шариғатты қатаң сақтар еді… Ұлы Бердібекті Әзірбайжанға әкім етіп, өзі жұртына қайтып келді. Одан соң ауруға шалдығып, ол ұзаққа созылды. Хан: «Енді мен бұл аурудан жазылмаймын» деп, Әзірбайжандағы ұлы Бердібекті шақыртты. Бердібек хан келіп жеткенше, Жәнібекке уақыт болды. Ол қайтыс болар алдында халқын жиып, оларға көп насихат айтты. Хижраның жеті жүз елу сегізінші жылы қайтыс болды. Ол он жеті жыл патшалық құрды, Сарайшықта жерленді» деп нақтылап жазады.
Сарайшықта жерленген үш адам – Ноғай ордасының билері. Негізінде, «хан» атағын тек Шыңғыс ұрпақтары ғана алды. Ноғай ордасын билеген Едіге ұрпақтарының (маңғыттар) бәрі де «би» статусына ие болды. «Би» дәрежесіне жетпегендері «мырза» атанды. Алайда бұлардың статусы «би» болғанымен, «хан» дәреже­сіндегі адамдар. Үшеуін «би» деп төменшіктетпей, хандар қата­рында атауымыздың бір мәні осыда. Сонымен, бұл үшеуі кімдер? Нұрадин бидің ұлы Уаққас би , Мұса бидің ұлы Шейх-Мамай би және Мұса бидің ұлы Жүсіп би.
Уаққас би (?-1440) – Едігенің немересі, Нұраддиннің ұлы. Шал­киіз жырау бір толғауында:
Он сан ноғай,
Отаныма қарасам,
Оқас мырза
Оғырсызды көрермін, – деп жырлайды. Осындағы Оқас мырза – біз айтып отырған Уаққас би. Атақты Қазтуған жырау – осы Уаққастың жетінші ұрпағы.
Уаққас – Әбілқайыр ханның (көшпелі өзбектер) беклербегі, сенімді серігі еді. Ханның 1428 жылы өткен таққа отыру рәсіміне қатысты. Оның кезінде Жайық жағалауы Ноғай ордасының ие­легіне қарады. 1430-1440 жылдары болған шайқастарда екеуі бірігіп, тізе қосты. Сол үшін хан Уаққасқа Сыр жағала­уындағы Үзгент қала­сын сыйлады. Алайда кейін Уаққас Әбілқайырдан ірге ажы­ратып, бөлек кетті. Кейбір тарих­шы­лар Уаққасты Әбілқайыр өлтір­ді деген дерек келтіреді. Алайда оның өлімі Едігенің бір ұрпағы – Құжаштың қолынан болғаны жайлы дерек сенімдірек секілді.
Сарайшықта жатқан Шейх-Мамай би (?-1549) – Уаққас бидің немересі, Мұса бидің ұлы. Шейх-Мамай би 1519 жылы Қазақтың Қасым ханының билігін мойын­дады. Қасымның қызы Бұлдыр ханымды әйелдікке алып, ханға күйеу болды.
1535 жылы Шейх-Мамай Сібір хандығымен соғысты. Орданың шығыс жағын иеленді. Башқұртқа да билігі жүрді. Қасымның ұлы Хақназар сұлтан осы Шейх-Ма­май­дың ордасында ер жетті. Со­ны­­мен қатар, Сібірдің Ибақ ханы­ның ұлдары Көшім мен Ах­мет-Керей де осы Шейх-Ма­май­дың сара­йында жетілді. 1530 жылдардың соңына қарай Ноғай ордасы үшке бөлінді. Шығысын – Шейх-Мамай, орталығын – Сейіт-Ахмет, ал батысын – Қажы-Мұхаммед басқарды. 1540 жылы Ордада төңкеріс болып, Шейх-Мамай қайтадан бар билікті қо­лына алды. Сейіт-Ахмет Бұ­қарға (немесе Хорезмге) қуылды.
Шейх-Мамайды бауырлары Исмайыл мен Жүсіп қолдады, соған қарағанда Сейіт-Ахметтің бүйрегі Мамайға бұрса керек.
1546 жылы Қырым ханы Сақып-Керей Мәскеуге Шейх-Мамай бастаған ноғайлардың өзіне қарағаны туралы хабарлады. 1548 жылы Шейх-Мамай бауыр­лары Исмайыл және Жүсіппен бірге Мәскеумен бейбіт келісімге келді. Сол келісімнің айғағы ретінде ұлы Қасымды орысқа аманатқа берді. 1549 жылы Жүсіп мырза Мәскеуге елші аттандырып, Шейх-Мамайдың дүниеден өткені туралы хабарлады. Шейх-Мамай­дың артында Хан, Қасым, Бай, Ақ, Бек дәне Би деген балалары қалды. Олар Ембі мен Сырдария арасын жайлады.
Жүсіп би (?-1554) де Сарай­шықта жерленген. 1549-1554 жылдары Ноғай орда­сының биі болды. Бауыры Шейх-Мамайдан кейін таққа отырды. 1533 жылы қызы Сүйінбикені Қазан ханы Жанәлиге ұзатты. Жанәли қайтқаннан кейін Сүйін­бике орнына отырған Сафа-Герейдің әйелі болды. Енді Жүсіп би күйеу баласы, Қазан ханы Сафа-Гереймен одақтасты.
1549 жылы Ноғай ордасына орыс елшілері келді. Олар Жү­сіптің інісі Исмайылды Мәскеуге мойынсындырды. 1552 жылы орыс патшасы Иван Гроз­ный Қа­зан­ды алды. 1553 жылы Жүсіп орыс иеліктеріне шабуыл баста­мақ­қа бекінді. Алайда орысшыл Ис­майыл Жүсіпке қарсы келіп, ба­уырын өлтіріп тынды. Жүсіптің ұр­пақтары бүгінде орысқа сіңіп кет­ті. Ресейдегі княз Юсуповтар – осы Жүсіп бидің ұрпақтары.
Сарайшықта жерленген жетін­ші адам – қазақтың Қасым ханы (1445-1521). 1511-1521 жылдары қазақтың ханы болды. 1513 жылы Қасым Сарайшықты алып, қазаққа астана қылды. Қасымның кезінде Сарайшық кеңейе түсті. Сарайшық қана емес, Қасым қазақтың бүкіл жерін кеңейтті. Өзін өзге елдерге мо­йындата білді.
Жоғарыда аты аталған Ноғай ордасының биі Шейх-Мамай – осы Қасым ханның күйеу баласы. Сарайшықта Қасым хан құдасы­мен, күйеу баласымен бірге жатыр.
Айтпақшы, Қасым ханның Сарайшықта жерленуіне байла­нысты ел арасында талас әңгіме көп. Алайда Қадырғали Жала­йы­ридің «Жылнамалар жина­ғында» Қасым жайлы: «Ұзақ уақыт атасының ұлысында патшалық етті. Ақыры Сарайшықта өлім тапты. Бүгін де оның қабірі Сарай­шықта» деп жазғаны шындыққа жанасатын секілді. Әбілғазы Қасымды Жошының ұрпағы екенін таратып жазған. Қадырғали Жалайыридің «атасының ұлы­сында патшалық етті» деп анықтап жазуы – соның айғағы.


Сарайшықта жерленген хандарды осы жетеуімен ғана шектеуге келмеді. Ол жерде Алтын орда, Ноғай ордасы, Қазақ хандығының біраз хан-сұлтандары мен билері жерленгені анық.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енетін киелі жердің бірі – осы Сарайшық болары сөзсіз. Себебі, Сарайшық – қазақтың киелі қонысы, қастерлі мекені, хан-сұлтандардың көзі.