Саран қаласының шина зауытына қызметкерлер жұмысқа қабылдануда
Қарағандылықтарды Саран қаласындағы салынып жатқан «Kamatyres KZ» ЖШС шина кешеніне жұмысқа шақырады. Мұнда мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта жұмысқа қабылдау жүріп жатыр.
Жұмысқа орналасу үшін 11 сыныптан төмен емес білім алсаңыз жеткілікті.
Қызметкерлерді даярлау процесінде бастапқыда теориялық оқыту (3-4 апта) қарастырылған. Ол Саран гуманитарлы-техникалық колледжінің базасында өткізіледі. Оны аяқтағаннан кейін қызметкерлер Татарстан Республикасының (Ресей) Нижнекамск қаласындағы KamaTyres KZ компаниясының өндірістік цехтарында өзіндік жұмысты орындау арқылы практикалық оқуға, тағылымдамаға және алған білімдері мен дағдыларын бекітуге жіберіледі.
Оқу және тағылымдама кезеңінде 6 ай ішінде жалақы және тәуліктік ақы төленетін болады.
Даярлық оқуы аяқталғаннан кейін емтихан өткізіледі және мамандық пен разряд беріледі.
Жол жүру және тұру шығындарын жұмыс беруші төлейді. Нижнекамскіде болған кезеңде медициналық сақтандыру ресімделеді, зауыт асханаларында тамақтануға жеңілдік беріледі.
Мамандықтар тізімі: резеңке қоспаларын біліктеуші, престеуші-вулканизаторшы, резеңке бұйымдарын сынаушы, резеңке араластырғыштың машинисі, тиеуші-түсіруші, ұсақтаушы, эластомерлер мен резеңкелерді кесуші, каландр машинисі, покрышкаларды жинаушы, шиналарды теңгеруші, резеңке бұйымдарын кесуші, құрастыру станоктарын қайта зарядтаушы және басқа да мамандықтар.
Жомарт Шаймұрат