Сарбаздармен жүздесті
Успен ауданындағы № 3 орта мектебінде «Ел Тірегі-2019» атты республикалық әскери-патриоттық акциясы өткізілді. Мақсаты – Қазақстан Қарулы Күштерінің және әскери құралымдарының беделін арттыру және жастарға әскери-патриоттық тәрби беру.
Акцияға әскерге дейінгі және әскерге шақырылушы жастар және 2018 жылдың күзінде әскери қызметтен босатылып келген жігіттер қатысты. Олар ҚР ІІМ Ұлттық гвардиясының Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінде жедел әскери қызметін атқарып келген болатын. Бұдан бөлек Айбек Исағұлов, Владимир Громов сынды биыл әскерге шақырылған азаматтар да болды. Олар ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Күршім кентіндегі 2535 әскери бөлімінде және Қапшағай қаласындағы 32363 әскери бөлімінде өз міндеттерін өтейтін болады.
Успен ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, капитан В.Герега сарбаздар сапына енді қосылатын жастарға әскери қызмет барысында қойылатын талаптар мен тәртібін түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, болашақ сарбаздарға сәттілік тілеп, Отан алдындағы азаматтық міндеттерін абыроймен атқарып келуін тіледі.
Тілеуберді Сахаба.