Сарғайған сурет сыр шертеді

ШАЛҒАЙ ӨҢІРГЕ БАРУҒА ДА
УАҚЫТ ТАБАТЫН ҚАЙРАН, ДИМЕКЕҢ
Қазақтың даңқты перзенті Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып ұзақ жыл еңбек еткен жылдары кең байтақ қазақ елінің бармаған өңірі қалмады-ау. ЦК-ның саяси бюросының мүшесі ретінде Мәскеуге, мемлекеттік сапармен алыс-жақын социалистік мемлекеттерге баратыны бар, елді жиі аралауға уақыт табатынына қалай ғана таңғалмассың! Қазақстанның қай өңіріне барса да төрт түлік мал өсірген, жер жыртып егін салған, өндірістің тай қазанын қайнатып жататын қарапайым еңбек адамдарының бейнетін көріп, әңгімелесетін, ұсыныс, пікірлерін тыңдайтын.
1975 жылы Жамбыл облысының жартысына жуық аумағын алып жатқан, Бедпақдаламен іргелес Мойынқұм ауданындағы жұмыс сапарында «Фурманов» совхозының Ленин орденді аға шопаны Роман Байжиеновтың қыстауында болып, Жазатаның ізін басып, жолын қуған шопанның отарын көріп, әңгімелесіп, батасын берді.
Қазір осындай аса үлкен қызметтегі басшыларды былай қойып, аудан, облыс әкімдері алыс өңірлердегі шаруаның жайын көріп, мал қыстауларын аралай ма? «Мал да, жер де өзіңдікі, өз күніңді өзің көр» дейтін шығар…