Сәрсенбай ата Стамбұлды бетке алды
Осыдан екі ай бұрын Жезқазған жұртшылығы ақ жол тілеп аттандырған жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев Түркияның астанасы Анкараға жетті. Жаһанды жаяу жүріп бағындыруға шыққан жерлесіміз екі айлық жолды артта қалдырып өзінің биылғы межесін Түркияда аяқтамақ.
Орайы келгенде айта кетейік, өткен жылы еліміздің 17 облысын жаяу шарлып шыққан Сәрсенбай Оспанұлы биыл жаһанды жаяу жүріп өтуге бел буған еді. Мақсаты – әлем жұртшылығын бейбітшілікке шақыру һәм қазақ елін жаһанға жақынырақ таныстыру.
Алдын ала жасаған жоспарына сәйкес жиһанкез өзінің сапарының бірінші бөлімін Түркиядмен түйіндеуі керек-тін. Қазір ақсақал сол межесіне жетті. Өткен аптады Сәрсенбай атамыз Түркияның астанасы Анкара қаласына келіп кірді. Жетпіс үш жастағы жиһанкезді қаланың кіреберісінен Қазақстан елшілігінің қызметкерлері күтіп алды.
Анкарадағы кездесу барысында Сәрсенбай ақсақал Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиевтің қабылдауында болды. Сол жерде бұрынғы Мәдениет және спорт министрі, қазіргі «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова бастаған қазақстандық делегациямен жүздесті.
Сәрсенбай Оспанұлы келесі күні Анкарада ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Саид Юсуф мырзамен кездесті. Ақсақалдың осы саяхатының ең басты мақсаты Ұлытаудан бастау алған «Қымыз мерекесін» ТҮРКСОЙ шеңберінде өткізу үшін осы ұйым басшысына ұсыныс хат тапсыру еді. Жиhанкез атамыз сол хатын жолдап, негізгі міндетін ойдағыдай орындады.
Бұдан соң жиһанкез ақсақал елшілікте Қазақстан делегацияларымен және түркиялық зиялы қауым өкілдерімен өткен іс-шараға қатысты. Сол шарада Қазақстаннан келген «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі қонақтарға кереметтей өнер көрсетіпті.
Қазір атамыз Түркияның мәдени һәм рухани астанасы саналатын Стамбұлды бетке алып жүріп келеді. Ауа райының қолайсыздығы жолды өндіруге мұрша бермеуде. Алайда табиғаттың тосын мінездері жетпістен асқан жиһанкезге тосқауыл бола алмауда. Бізге жеткен хабарға қарағанда Сәрсенбай атаның Сұстанбұлға жетуіне санаулы шақырымдар ғана қалыпты. Жаратқан жолын оңғарсын дейміз.
Ізтай Белгібайұлы.