САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ БАҒБАНДАРЫ ЛИМОН ЖИНАП ЖАТЫР

Бүгінгі таңда аудан шаруалары үй маңындағы жерлерін тиімді пайдалануда. Бірі ауласына көкөніс дақылдарын ексе, енді бірі тропикалық жеміс лимон өсіруге болатынын дәлелдеуде. Осыған орай, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы А.Амирханов Ақжар ауылдық округі, Бағыс елді мекенінің тұрғыны Тансықбаев Манатәлінің «Даян» шаруақожалығына арнайы барып, лимон шаруашылығымен танысып қайтты. Бүгінгі таңда кәсіпкер өзінің шаруақожалығына тиесілі 60 сотық жылыжайында «Мейр» сұрыпты лимон өсіруде.

«Жылдық көшеттің алғашқы екі жылында гүлдерін теріп алып тастау қажет, сөйтіп оның бойын өсіруге күш салу керек. Осы әдісті қолданғанда үшінші жылы көшет 20 келі, төртінші жылы 50 келі өнім бере бастайды. Жыл өткен сайын берер жемісі де молая түседі. Қазіргі таңда жылыжайдағы лимон ағаштарынан 50-60 тонна өнім жиналуда»,-деді кәсіпкер. Лимон бұтақтарынан жиналған өнім ішкі нарықта саудалануда.
Сонымен қатар, жылыжайда лимон өсіргісі келетіндер кәсіпкерден қаламшадан өніп шығатын лимон көшеттерін алып кетіп жатыр. Кәсіп бастағысы келетіндерге ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісуге дайын. Тансықбаев Манатәлі лимон көшетін өзінен алғандарға осылайша шарапатын тигізбек.
Бүгінгі таңда ауданда жалпы 683,2 га жылыжай орналасқан. Ағымдағы жылы осы жылыжайлардан 95,0 мың тоннадан астам өнім жиналды.

Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі