САРЫАҒАШТА КӨТЕРМЕ ДИСТРИБЬЮТОРЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛУДА

✔️Азық-түлік қауіпсіздігі және тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету — маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жұмыс сапары барысында жергілікті шаруалармен кездесіп, саладағы маңызды мәселелерді талқылады. Диқандарды ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытына бет бұруға шақырды. Сондай-ақ қажет емес делдалдарды жою жолдары айтылды. Ол үшін өндіруші мен тұтынушының арасында байланыс орнатуға күш салу маңызды.
✔️Кездесуде көтерме дистрибьюторлық орталық ашу мәселесі көтерілді. Бұл – ауылшаруашылық өнімдерін сақтауға, өңдеуге және өткізуге арналған құрылымдар мен жабдықтар кешені. Өңір басшысы жауаптыларға орталық ашу мәселесін озық елдер тәжірибесін пайдалана отырып қарастыруды тапсырды.
✔️Облыс әкімі шаруаларға қалдықсыз өнімнің экономикаға тиімділігін түсіндірді. Азық-түлік саласын дамытудың маңыздылығын айтты. Бұл бағыттағы мемлекеттік қолдауларды, Сауран ауданындағы өндірістік паркте дәл осы бағытта жаңа жобаларды жүзеге асыруға күш салынғанын жеткізді. Диқандар мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді.
📌– Біз үшін жаңа жұмыс орындарын ашу, осы бағытта өндірісті арттыру маңызды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытына бет бұру керек. Су үнемдеу технологияларын қолдануға барынша басымдық беріледі. Еңбек өнімділігіне, жаңа тех­но­логияларды енгізуге, сапалы тұ­қым мен заманауи техниканы сатып алу­ға ерекше назар аудару қажет. Басты міндет – импортты төмендету және өңіріміз өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуге барынша қол жеткізу, — деді Нұралхан Оралбайұлы.
🔁Республикада салынған жылыжайлардың 70%-ы Түркістан облысына тиесілі. Жылыжайдың көлемі жыл сайын артуда.
✔️Аймақ басшысы Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылдық округіндегі «Agro Tur» шаруа қожалығында болды. 4 гектар жылыжай көкөністердің көшетін өндірумен айналысады. Атап айтсақ, қызанақ, қияр, қырыққабат, баялды (баклажан), болгар бұрышы, раушан, хризантема гүлдері өсіріледі. Жалпы жер көлемі 15,0 гектар. Жобаның құны – 1,2 млрд. теңге.
✔️2019 жылы жұмысын бастаған «Agro Tur» шаруа қожалығы, бір мезетте 3 млн. көшет дайындауға қауқарлы. Ал жылына 12 млн. түп көшет және 310 тонна көкөніс өндіре алады. Шаруалар озық технологиялардың көмегімен ерекше әдісті қолданып отыр. Атап айтқанда, көшет өсіруге арналған 1 га жылыжай кешені голландиялық технологиямен жасақталған. Көшет дәнін себу, күтіп-баптау толық автоматтандырылған. Дән себу қондырғысы Италия елінен алынған. Өндірілген өнімдер Түркістан облысы, еліміздің солтүстік өңірлеріне саудалануда. Жылыжай кешенінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі