Сарыағашта пойызды күн энергиясымен жүргізбек
Үстіміздегі жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев баламалы энергия көздерін арттыруды қолға алатынын жеткізген. Өңір басшысы уәдесінде тұрып нақты жұмыстарға кірісті. Мәселен, Бәйдібек ауданында күннен және желден электр энергиясын өндіретін станцияларды салуға алғашқы қадамдар жасалды. Әйтсе де, өңір басшысы энергия көзін арттыруда мұнымен тоқтап қалған жоқ. Одан кейін жақында Сарыағаш ауданында күн сәулесінен электр энергиясын өндіретін станцияның құрылысы басталды. Ол сағатына 20 МВТ тоқ шығаратын заманауи станция болмақ. Аталмыш нысанның іргетасы Жылға ауылдық округінің аумағында қаланып отыр.
Жаңа станцияның құрылысы салтанатты түрде ашылды. Оған «ЕкоПроТех-Астана» ЖШС директоры Назиржон Темиров, Жылға ауылының бір топ тұрғындары, Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Абдуалиев, аудандық маслихат хатшысы Жәнібек Сүлейменов қатысты. Жобаның жүезеге асыру барысындағы жалпы құны 14 млрд. теңге. Күн көзінен қуат алатын станцияны «EcoProTech-Astana» ЖШС қолға алып отыр. Құрылыс жұмыстарының жалпы жер аумағы 41 гектарды құрайды.
Мамандар бұл станция келешегінен үлкен үміт күтіп отыр. Өйткені, «EcoProTech-Astana» серіктестігінің құрылтайшысы германиялық «DAY ENERGY GmbH» компаниясы. Аталған мекеменің негізгі мақсаты – энергияны жаңарту саласындағы жобаларды дамыту мен фотовольттық панельді және су энергиясын өндіру. Ал жаңа станция арқылы күн сәулесінен өндірілген электр энергиясы теміржол саласына жұмсалмақ. Күн энергиясын темір жолға қолдану бұрын-соңды әлемде қолға алынбаған тірлік. Демек, мұндай жаңалық Сарыағашта тұңғыш рет жүзеге аспақ.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.