Сарыағашта сүт молынан өндіріледі

Оңтүстік Қазақстан облысында жайылымы ең аз өңірдің бірі –Сарыағаш ауданы. Аталмыш аудан осы уақытқа дейін жеміс-жидек пен бақша дақылдарын өсіруден көзге түсіп келген. Дегенмен, аудан жұртшылығы тек егінмен ғана шұғылданбайды. Жайылым жерінің аумағы өте тар болғанымен мал басын көбейтіп, бордақылау ісімен де айналысып келе жатыр.

Десекте, жуырда облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен ет және сүт бағытындағы жобалардың ауқымын кеңейтті. Мәселен, Дарбаза ауылдық округінде орналасқан «Фирма Сәкен» серіктестігі сүт өндірумен айналысады. Жуырда өңір башысы Ж.Қансейітұлы Сарыағаш ауданына жасаған жұмыс сапары барысында «Фирма Сәкен» серіктестігінің қораларын көріп оң баға берді.

Себебі, қазіргі таңда серіктестік қорасында 595 ірі қара мал, 2047 уақ мал бар. Жақында қожалық заманауи соңғы үлгідегі озық технологияларға қол жеткізген. Енді облыс әкімінің сүт және ет бағытындағы бастамасын жүзеге асыру оңай болмақ.

Соңғы технологияны кеңінен қолдана бастаған серіктестікте жылына 720 тонна шамасында сүт өнімдерін дайындайды. Шаруа қожалықта бүгінде 20 адам тұрақты жұмыс істеуде.

Сонымен бірге, облыс әкімі Сарыағаштағы «База — Servis» серіктестігіне барды. Ондағы 2,5 гектар  аумақта орналасқан ауылшаруашылық өнімдерін сақтау қоймасы мен    көкөніс өнімдерін консервілеу цехы орналасқан. Қойманың сыйымдылығы 10 мың тоннаны құрайды. Облыс әкімі бұл қоймаға да оң баға берді.

                                                                                                Т.БОРАЛДАЙ.