САРЫАҒАШТА ЖАРҚЫНБЕК НАУШАБЕКОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

Бүгін Сарыағашта 25 қазан – Республика күніне орай аудан әкімдігінің қолдауымен талантты айтыскер, ақын Жарқынбек Наушабековты еске алуға арналған «Жарқын бейне – жауһар жыр» атты ақындар айтысы өтті.
Жыр додасының ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, ақындарға сәттілік тіледі. Сонымен қатар зерделі сөз зергері Жарқынбек Наушабековты еске алып, осындай айтыс додасының алдағы уақытта да жалғасын табады деді.
Айтыс аламанына республикаға танымал ақындармен қатар, облыстың жас ақындары да сынға түсті. Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында құрдастар әзілі, жастық жалын, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты. Қара қылды қақ жарар қазылар алқасы ақындардың өнеріне баға берді. Сондай-ақ ақындарды жүлделі орындармен марапаттады
Қазылар алқасы шешімімен бас жүлде Түркістан қаласынан қатысқан Бекарыс Шойбековке бұйырды. Жүлделі І орынды Айбек Қалиев (Арқалық қаласы), ІІ орынды Шұғайып Сезімхан (Алматы қаласы) иемденді. Жүлделі ІІІ орынды Дидар Қамиев (Қарағанды облысы), Гүлзия Қалымбетова (Сарыағаш ауданы) және Дәурен Ысқақ (Астана қаласы) иемденді. Сонымен қатар Сарыағаш ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен Аян Ниязбек, Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлдемен Дәурен Ақсақалов,
Түркістан облысы мәдениет басқармасының арнайы жүлдесімен Қажымұқан Абзалов, Тәушен Әбуова атындағы арнайы жүлдемен Нұрғали Әнапия, Көпбай Омаров атындағы арнайы жүлдемей Ахметрасұл Баянбай, Әбдікерім Мошқалов атындағы арнайы жүлдемен Нұрдәулет Өмірбековтер марапатталды. Осылайша оза шапқан ақындарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі