Сарыарқаның тағдыры шешілген жер немесе «Қалмаққырылғанның» құпиясы
Май ауданының аумағындағы «Қалмаққырылған» тауының қазақ тарихында алар орны ерекше. Жергілікті азаматтар аталған тарихи орынды «Қазақстанның киелі жерлері географиясының» республикалық тізіміне енгізуді ұсынып отыр. Егер бұл бастама жүзеге асса, Ақшиман жері Баянауылдан кейінгі екінші туристік аймақ ретінде танымал болар еді. Сонымен қатар, аудан мен ауыл арасындағы тозығы жеткен автокөлік жолдарына жөндеу жасалып, шалғай ауылдағы ағайынның орталыққа қатынауы жеңілдей ме деген үміт басым.
Ақшимандардың арманы
Бұл — сонау XVIII ғасырда қазақ жерінің бостандығы жолындағы бабалар күресінің куәсі болған мекен. Жасыбай, Олжабай, Малайсары, Баян, Едіге, Сәтен, Шоқпар сынды қазақ батырлары қалмақ қолын ойсырата жеңіп, қазақ даласын жоңғар басқыншылығынан құтқарғанда шешуші шайқастардың бірі өткен жер. Жалпы, Қазақстанда осы тарихи оқиғаға байланысты қойылған бірнеше жер атауы бар. Мәселен, Қарағанды облысы Ұлытау ауданында «Қалмаққырылған» деп аталатын өзен бары белгілі. Тарихи деректерге сүйенсек, 1723 жылы осы өзеннің бойында болған қазақ-қалмақ шайқасында қазақ сарбаздары жеңіске жеткен екен. Міне, осыдан кейін бұрын Белеуітті деп аталған өзен сол жеңістің құрметіне «Қалмаққырылған» болып өзгертілген. Сонымен қатар, Ақтөбе облысы Темір ауданына қарасты бір ауыл дәл осылай аталады. Мұның да сол жаугершілік заманда қазақ-қалмақ арасындағы текетіреске байланысты қойылғаны даусыз.
Ал Май ауданына қарасты Ақшиман ауылының оңтүстік жағын алып жатқан «Қалмаққырылған» тауының бұлай аталу тарихы мынадай. XVIII ғасырдың 40-жылдары қалмақ қолы Баянауылды қоныстанған қазақтарға Ертіс жағынан шабуылдап, басып алмақшы болады. Бірінші болып Жасыбай батыр бастаған қазақ жасақтары жауға соққы берді. Ауыр шығынға ұшыраған жоңғарлар Сабындыкөлде ес жиып, қарсыласады. Шайқастың бірінде Жасыбай батыр жасырынып келген жоңғар мергенінің садақ оғынан көз жұмады. Десе де, қатары селдіреп қалған жау жазық далаға қарай қашып, Серектасқа (қазіргі «Қалмаққырылған») келіп бекінеді. Жасыбай батырдың кегін алмақ болған Олжабай қалың қолмен қуып келіп, осы жерде қалмақтарды түгелдей қырған екен. Содан ел аузында бұл алапат шайқас алаңы «Қалмаққырылған» деп аталып кеткен. Жақында «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермат Байқұрмановтың бастамасымен облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бір топ журналисі Ақшиман еліне арнайы барып, өңірдегі киелі жерлер мен тарихи орындарды аралап қайтқан болатын. Облыс орталығынан барған журналистер мен басқа да меймандарды осы ауылдағы Қайса ата мешітінің бас имамы Қайрат Серғазы, аудандық мәслихат депутаты Қайырғалы Бақауов, Ақшиман орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Рысбек Ахметов және ауыл тұрғындары Фазыл Дүйсенбаев, Мұрат Әлібаев сынды азаматтар қарсы алып, қойнауы құтқа толған өлкенің тарихи орындарын көрсетті. Журналистерге жолбасшы болып барған Ермат Байқұрманов болашақта бұл өңірді республикалық телеарналар арқылы насихаттап, өлкетанушылар мен археологтарға қазба жұмыстарын жүргізуді ұсынбақшы.
— «Қалмаққырылған» тауын «Қазақстанның киелі жерлері географиясының» тізіміне енгізу — бүкіл ақшимандықтардың арманы. Бұл ауылдың әлеуметтік ахуалына оң әсер етері сөзсіз. Қазір мұнда бұрынғыдай емес, мал басы азайған. Яғни 1988-90 жылдармен салыстырғанда соның 15-20 пайызы ғана қалды. Егер осы бастамамыз жүзеге асса, ауылға дейін жол салынып, кейбір тоқырап қалған шаруашылықтар қайта жанданар еді. Әсіресе жол мәселесіне көп назар аударуымыз керек. Жалпы, 1976-77 жылдарға дейін жол болмады. 1978 жылы ауданға басшы болып келген Уақап Сыздықов 90 шақырым жолға грейдер салды. Содан кейін қол тиген жоқ. Егер жол мәселесін тездетіп шешсек, ауыл тұрғындарының аудан және облыс орталығымен қатынауы жеңілдер еді, — дейді Ермат аға.
«Қаныш үңгірі» қайда?
Ақшиман жерінде ең алдымен ауыл шетіндегі Олжабай батыр ескерткішіне тоқтадық. Ауылға кіре берістегі төбешіктің үстіндегі ескерткіш 2006 жылы республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында салынған. Одан кейін Қайса атаның кесенесі орналасқан зиратқа ат басын бұрып, аруақтарға дұға бағыштадық.
Қайса Нұрғазыұлы — бүкіл Май елі есімін әспеттеп, пір тұтатын тарихи тұлға, көзінің тірісінде халқына қолынан келгенше жақсылық қылған көріпкел-емші. Ол 1888 жылы дүниеге келген. Емшілік қасиеті тура 49 жасында білінген. Алланың берген ерекше тылсым күші арқылы өзінің жеке басының пайдасына емес, өмірінің соңына дейін халқына қызмет еткен деседі сол елдің үлкендері. Бойындағы бақсылығы ұстағанда қыстың қақаған аязына қарамастан, жалаң бас, жалаң аяқ далаға шығып кететін болған. Ауылдастары оны «есі ауысты» деп ойлап, дәрігерге қаратып, бақсы-балгердің алдына апарған кездер де болыпты. Май өңірінде осы Қайса атаның қасиетіне байланысты айтылып, ел арасына тарап кеткен әңгіме өте көп. Мысалы, өзінің үйіне қай жақтан қандай адам нендей сырқатпен келе жатыр дегенді алдын ала біліп отырады. Егер жолаушылар жолда қандай да бір кедергіге кез болып қалса, бірден сезіп-біліп, алдынан балаларын жіберіп, үйіне алдырады екен. Қайса Нұрғасұлы 1976 жылы 88 жасында өмірден озды. 2013 жылы туғанына 125 жыл толуына орай сол кездегі облыс әкімі Ерлан Арынның бастамасымен ескі зиратының орнына биіктігі 15 метр кесене бой көтерді. Зәулім кесене ішінде Қайса ата мен жұбайы Бәтижамал апаның зираты қатар жатыр.
Ақшиман ауылының шетінде «Сәтек-Мақыш» деп аталатын бұлақ бар. Қысы-жазы сылдырап ағып жататын мөлдір бұлақтың қараусыз қалғаны көрініп тұр.
— 2001 жылы ауыл азаматтары бұлақтың көзін ашып, айналасын ретке келтіріп қойыпты. Қазіргі күні сол кезде айналасына жинаған тастар қайта құлап, су көзін жауып қалу қаупі туындап тұр. Жалпы, «Сәтек-Мақыш» бұлағының басы — саяхатшылардың демалыс орнына сұранып-ақ тұрған жер. Егер бұлақтың басына орындықтар қойып, туристерге арналған кішігірім демалыс аймағына айналдырса, жазда келушілер қатары көбейері сөзсіз. Сондай-ақ, бұлақтың басын батпақтан тазартып, су алатындай жағдай жасап қойса, жақсы болар еді. Себебі мұндай таза суды кез келген өңірден кездестіре алмайсыз, — дейді Рысбек Ахметов.
Сапар барысында табиғаттың тағы бір таңғажайыбын кездестірдік. «Қалмаққырылған» тауының күнгей жағындағы Әулие үңгірді көрген жанның таңданбауы мүмкін емес. Үңгір аузының көлемі адам бойынан биік, ішке еңкеймей-ақ кіруге болады. Бірақ ары жүрген сайын кішірейе береді. Ауыл тұрғыны Мұрат Әлібаевтың сөзінше, бұрын үңгір таудың күнгейінен кіріп, теріскей бетінен бір-ақ шығатын дәліз секілді болған. Алайда кейінгі жылдары ортасына тас құлап, бітеліп қалған екен. Әулие үңгірге Қазақ Ғылым Академиясының Тұңғыш Президенті Қаныш Сәтбаев 1920 жылы келіп, тастың бетіне «Қаныш. 1920» деп қолмен қашап жазып кеткен. Өкінішке қарай, оның үстіне әлдебіреулер бояу жағып, бүлдіріп тастапты. Жергілікті жұрттың кейбірі соған орай үңгірді «Қаныш үңгірі» деп атап жүр.
«Гауһар биігі», қыз құлаған және қалмақтар
Ақшиман елінде ақиқатқа негізделіп айтылған аңыз-әңгімелер өте көп. Мұндай дүниелер ғалымдардың зерттеуі мен тарихи кітаптарға енгізілмесе де, ауыздан-ауызға тарап, халықтың санасына сіңіп қалған және ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Мәселен, «Қалмаққырылған» тауларының бір шоқысы «Гауһар биігі» деп аталады екен. Гауһар (шын есімі — Майсара) — Малайсары батырдың туған қарындасы және Қабанбай батырдың жары. Ел аузында тараған әңгімелерге сүйенсек, Гауһар қыздың көзі өткір болған. Жаугершілік заманда биік шоқының төбесіне шығып, маңайды қарауылдап отырған. Егер бөтен адамның бейнесі байқалса, бірден ағасы Малайсары батырға хабарлайды екен. Міне, «Гауһар биігі» деген атау содан қалыпты.
Бұдан бөлек, «Қыз құлаған» деп аталатын тағы бір шың бар. Бұл атау бертінде осы өңірде орын алған бір оқиғаға негізделіп қойылған. Әсия есімді қызды ата-анасы қалың малына қызығып, жасы егделеу бір байға беруді ұйғарады. Байғұс қыз сүйген адамымен тұрмыс құрып, өз теңімен өмір сүргісі келгенімен, оған ешкім құлақ аспайды. Теңдік іздеген ару бұл зорлықты көтере алмай, соңында шыңнан құлап, ғайып болған екен. «Қалмаққырылған» тауының арасынан ертеден қалған ескі зираттарды және обаларды көптеп кездестіруге болады. Бірақ мұндай ерекше тас үйінділері қай дәуірге тиесілі екенін әлі ешкім дөп басып айта алмайды.
Өкінішке қарай, «Қалмаққырылған» тауларының құпиясын әлі толық аша алмай келеміз. Бұл — жергілікті өлкетанушылар мен археологтардың тарапынан зерттеу жұмыстары жүргізілмейтіндігінің белгісі. Міне, соның салдарынан «Қалмаққырылған» тауы туралы ел аузында аңыз түрінде ғана айтылғанымен, нақты тарихи деректер мен археологиялық дәлелдер өте сирек. Тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Батталовтың сөзінше, «Қалмаққырылғанның» «Қазақстанның киелі жерлер географиясының» республикалық тізіміне енбей қалуының ең басты себебі де осы.
— Қазақстанда «Қалмаққырылған» деп аталатын бірнеше жер бар. Сол өңірлердің барлығында кезінде қазақ-қалмақ шайқасы болғаны тарихтан белгілі. Бірақ осылардың ішінде ең ірі әрі шешуші шайқас біздің өңірде болғанын тарихшылар дәлелдеп отыр. Мысалы, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің бір жазбасында: «Бұл — Сарыарқаның тағдыры шешілген жер. Олжабай мен Жасыбай батырлар бастаған қазақ қолы қалмақ әскерлерін Серектаста қырғаннан кейін қалмақтар Сарыарқа даласына аяғын аттап басқан жоқ», — деп келтіреді. Міне, осындай тарихи оқиғалар болған орынды биыл Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлер географиясының» республикалық тізіміне енгізу үшін «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына хат жолдаған болатынмын. Бірақ ондағы әріптестеріміз нақты ғылыми деректер аз дегенді алға тартып, ұсынысымды қабыл алмады, — дейді Қайрат Батталов.
Түйін:
Иә, «Қалмаққырылған» тауына жоғары деңгейде зерттеу жүргізілуі керек. Осы ретте жергілікті ғалымдарға және өлкетанушылар мен археологтарға артылар жүк ауыр. Егер осы ұсынысымыз шынымен жүзеге асып жатса, бұл өңір ел назарын өзіне тарта алатын үлкен тарихи туристік орынға айналатыны сөзсіз.
Тілеуберді Сахаба,
Павлодар облысы, Май ауданы