«Сарыарқа самалы» — Сәтбаев елінде  

 

Биыл Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаушы  және оның тұңғыш президенті болған жерлесіміз, көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келгеніне – 120 жыл. Сондай-ақ, Ертіс-Баян өңірінің рухани үн жариясына айналған облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің жарыққа шыға бастағанына – 90 жыл. Өткен аптада осы қос мерейлі датаның құрметіне газет ұжымы Баянауыл ауданына арнайы барып, оқырмандармен жүздесті. «Жігері жасындай басылым» атты кездесу кеші барысында газеттің тұрақты оқырмандары мен авторлары марапатталды.

 

Баянауыл ауданындағы С.Торайғыров атындағы мәдениет сарайында болған жиынға «Сарыарқа самалы» газетін ежелден жанына серік етіп жүрген жанашыр оқырмандарымыз бен балаларға арналға «Айналайын» қосымшасының жас достары көп жиналыпты. Шараның шымылдығын Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Қанат Кәрімов ашып, аудан басшысы Оразгелді Қайыргелдиновтің сәлемі мен құттықтауын жеткізді.

— Газет ұжымының бұл сапары біздің өңірдің тұрғындары, өздеріңіздің тұрақты оқырмандарыңыз үшін өте маңызды. Облыстың басты жаңалықтар жаршысына айналған газеттен өңірдің жақсы жаңалықтарымен және толағай табыстарымен танысып отырамыз. Біздің аудандықтар да облыстық газеттің әр нөмірін мен секілді асыға күтеді деп ойлаймын. Себебі, «Сарыарқа самалы» газетінің бетіне Баянауыл ауданы жайлы жақсы жаңалықтар, сүйінші хабарлар жиі басылады. Биылғы жылдың өзінде ауданның туризмі мен спортына, ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласына, мәдениеті мен өнеріне және өлкетануы мен тарихына қатысты құнды мақалалар жарыққа шықты. Бұдан бөлек балалар мен жасөспірімдердің сенімді серігіне айналған «Айналайын» және «Жас times» қосымшалары да шығармашыл жастардың қаламын ұштап келеді. Ертіс-Баян өңірінің тыныс-тіршілігін аймақ халқына жеткізу жолында маңызы зор ата басылым – «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдық торқалы тойымен құттықтаймын. Сіздерге шығармашылық табыс, жемісті еңбек тілеймін, — делінген аудан басшысының құттықтау хатында.

Осыдан кейін облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев шығып, басылыммен байланыс үзбей келе жатқан тұрақты авторларға ризашылық білдіріп, оларды арнайы Алғыс хатпен марапаттады. Мысалы «Басылымның құрметті авторы» деген марапат Баянауыл өңірінің абыз ақыны, ардагер ұстаз Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Зекебай Солтанбаев, еңбек ардагеррлері Мұхтар Әбенов, Қорабай Шәкіров, Мұрат Рахметов, Нескен Мәлікова сынды үлкендерге табысталды. Ал, «Басылымның тұрақты авторы» аталымымен еңбек ардагері Шолпан Жақыпова, ақын Айбат Ыдырысов, аудандық «Баянтау» газетінің бас редакторы Еламан Хасенұлы сынды азаматтар марапатталды. Сонымен қатар, облыстық газетпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, әртүрлі мәдени-рухани жобаларымызға қолдау көрсетіп жүрген мектеп директорлары, жеке кәсіпкерлер және пошта қызметкерлеріне де айрықша құрмет көрсетілді.

Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы.