Сарымсақтағы сан түрлі ем.
Әдетте тұмауратқанда я ас мәзіріне жаратарда еске түсетін сарымсақтың емдік шипасы мол екенін білетін бе едіңіз? Ал оның Құранда да, хадистерде де айтылатындығына көңіл аудардыңыз ба? Әр ісі хикметке толы Хәкім Раббымыз сарымсақты да адам баласына өте пайдалы етіп жаратыпты.
Ол қандай өсімдік?
Сарымсақ – пияз тұқымдастар тобына жататын көпжылдық шөп тәріздес өсімдік. Өнімді топырақтың астына салады. Топырағы жұмсақ әрі құнарлы болса, сарымсақтың басы да үлкейе түседі. Басы бірнеше бөліктерден құралады. Дәмі ащы, иісі өткір. Күздік және жаздық деп бөлінеді. Көкөніс ретінде ас мәзірінде бұрыннан көп қолданылады. Әсіресе, Шығыс және Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка елдерінің, сондай-ақ Жерорта теңізі тағамдарының негізгі қоспасы. Көне мысырлық папирустарда да сарымсақтар жайлы мәліметтер кездескен.
Қызықты мәліметтер
Ертеде римдіктер мен гректер сарымсақ жеген әскер батыл әрі өжет болады деп сенген. Тіпті Олимп ойындарына қатысатын атлеттер де бұдан шет қалмаған. Мысырлық әйелдер балаларын ішек құрттардан сақтау үшін мойындарына сарымсақ іліп қоюды әдет еткен екен.
Пирамидаларды салып жатқан жұмысшыларды түрлі аурудан қорғау үшін оларға пияз бен сарымсақ қосылған тағамдарды көп жегізген. Сарымсақ жеу олардың жұмысқа деген қабілеттерін арттырған көрінеді. Бұл жайында б.з.д. 450 жылы Мысырға саяхат жасап, Хеопс пирамидасын тамашалаған көне грек тарихшысы Геродот мынадай естелік жазып қалдырған: «Пирамидада көне Египетке тән белгілермен таңбаланған жазбалар сақталыпты. Онда пирамиданы салып жатқан уақыттарда жұмысшылар тұтынған ащы көкөністер: шалған, пияз бен сарымсақтардың мөлшері көрсетіліпті. Әлгі жазбадағы таңбаларды түсіндіріп тұрған аудармашым бір мезетте қатты таңғалған кейіпте «білесіз бе, жұмысшыларға пияз бен сарымсақ алуға жұмсалған ақша тұп-тура он алты мың күмісті құрапты» дегені есімде жақсы қалыпты».
Қытай халқы сарымсақты ас қорыту мен тыныс алу жолдарындағы ауруларды емдеуге, оба мен тырысқақ індеттерінен қорғануға, әйелдердің етеккір циклі бұзылған кезде, тері ауруларына, ревматизмге, авитаминозға қарсы пайдаланса, көптеген ұлттар сарымсақты әлі де жылан шаққанда, удың әсерін кетіруге жаратуда. Бірінші дүниежүзілік соғыста да әскерлерге көбірек сарымсақ жегізу арқылы оларды жұқпалы аурулардан қорғау тәжірибесі іске асырылған.
Құранда атала ма?
Аллаһ Тағала Мұса пайғамбар (а.с.) қауымын түрлі сынаққа салып, 40 жыл шөлде қаңғыртқаны белгілі. «Көктен бізге тамақ түссін» дегенде, оларға үнемі бөдене еті мен мәннә шырыны түсіп тұрған. Бірақ біршама уақыттан кейін әлгі қауым қайта баяғы әніне басады. Өздері бұрын көп тұтынған көкөніс түрлерін, жеңсік астарын аңсайды. Тамақтың бір түрінен жалыққандарын айтып, Мұса пайғамбарға (а.с.) шағымданады. Осы оқиға баяндалғанда, аяттағы көкөністер қатарында сарымсақ та аталған:
«Қане, сендер былай деп едіңдер: Әй, Мұса, тамақтың бір-ақ түріне енді төзе алмаймыз. Біз үшін Раббыңа дұға ет, бізге сәбіз, acқабақ, сарымсақ, жасымық пен пияз секілді жер өнімдерінен берсін» (Бақара, 61).
Хадистерде не айтылған?
Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.с.) төмендегідей бірқатар хадистерінде сарымсақтың өте пайдалы екендігін, оны емге жарату керектігін білдірген.
«Сарымсақ жеңдер, сонымен емделіңдер. Өйткені ол жетпіс түрлі ауруға ем» (Дәйлами, Тирмизи, Хаким)
«Сарымсақ немесе пияз жеген кісі (иісі кеткенше) мешіттерімізге жоламасын, үйінде отырсын» (Бұхари, Әдеп, 76; Азан, 1/207)
Кейде Расулаллаһқа (с.а.с.) көкөністен жасалған тамақ әкелінгенде, алдымен иісін байқап, неден жасалғанын сұрайтын. Қай көкөніс түрі екенін анықтап, өзі жемейтін болса, жанындағы сахабаларының біріне беретін. Әлгі сахабасының сәл тартынғанын байқаса: «Сен маған қарама, же. Өйткені мен сен секілді емеспін, сен сөйлеспейтіндермен (періштелермен) тілдесемін» дейтін (Мүслим, Мәсажид, 73).
Ислам діні көпшілік жиналатын орындарды таза ұстауға шақырады. Сондықтан, мешітке жамағатқа ұнамсыз жағымсыз иіспен бармауды ескерткен. Ал Расулаллаһтың (с.а.с.) пияз не сарымсақ та жемей өзін әр уақыт таза ұстауы – ол кісіге Жәбірейіл періштенің жиі келіп тұратындығы себепті еді.
Құрамы:
Жаратушы иеміз сарымсақтың құрамын өте бай етіп жаратыпты. Зерттеушілердің айтуынша, оның құрамында В және C тобына жататын дәрумендер, хлор, темір, фосфор, йод, марганец, кальций, мыс, магний, көмірсулар және тағы да басқа микроэлементтер көп. Басым бөлігі судан, көмірсулар мен ақуыздардан тұрады. Селен, A, B1, C, PP дәрумендері де кездеседі. Аздаған мөлшерде майлар да жоқ емес. Солардың бірі – эфир майы. Мамандардың айтуынша,100 г сарымсақта – 150 ккал бар.
Қалай қолдану керек?
Сарымсақты негізі шикідей жеген пайдалы. Сарымсақтың өткір иісін артынан алманы, жалбыз жапырақтарын, немесе балдыркөкті шайнау арқылы немесе сүт ішумен кетіруге болатындығы айтылады.
Швецияда балалар мектепке барарда сарымсақ жегізу қалыпты әдетке айналған. Өйткені, бұл балаларды мешеулікке ұрынудан сақтайды деп біледі. Бүгінгі күні дәріханаларда сарымсақтың ұнтақтары мен арнайы дәрілері де халыққа тарауда. Мамандар күн сайынғы тамақта 10-15 гр. сарымсақ жеп тұрудың денсаулыққа пайдалы екендігін айтады.
Сарымсақтың пайдалары
Бүгінге дейін зерттеген ғалымдардың айтуынша, сарымсақтың құрамында төрт жүзден аса пайдалы компонеттер бар. Бірқатар пайдалары мыналар:
Құрамындағы антиоксиданттардың жағымды емдік қасиеттері мол. Қан қысымын төмендетеді. Қабынуға қарсы. Перифериялық қан тамырлардың бітелуі мен ластануының, сондай-ақ ми ісігінің алдын алады.
Иммунитетті нығайтады, организмді қоршаған ортаның зиянды әсерінен қорғайды. Ағзадағы бактерияларды өлтіреді.
Асқазан-ішек жолдарына, жүрек-талма ауруларына ем. Микропты болдырмайды, жараны тез жазады, ауруды басады, ішекқұрттарды жояды, қақырықты түсіреді.
Авитаминозға өте пайдалы. Оның құрамындағы селен антиоксидантты құрамымен ерекшеленеді.
Сарымсақ қанды тазалайды, ол табиғи антибиотик болып табылады. Ертеде оба ауруына ұшырағандарды емдеуге баратын дәрігерлердің сарымсақ салынған суға батырылған дәкемен жүздерін орап алуы осы себепті деп білінуде.
Сарымсақ суық тиген ауруларға да таптырмайтын ем. Ол жүйке жүйесі бұзылғанда, зәр жолдарын емдеуге, сондай-ақ организмді тазалауға пайдаланылады.
Теріге сүйел, теміреткі, сыздауық, қышыма тағы басқа жаралар шыққанда да емге жаратады т.б.
Арнайы зерттеулер
АҚШ пен Швеция ғалымдары сарымсақтың молекулалық тұрғыда адам денсаулығына қаншалықты әсер ететінін зерттеді. Нәтижесінде сарымсақтың әсерімен қан тамырларының кеңейіп, ашылатыны байқалды. «Бұл сарымсақпен гипертонияны (қан қысымының көтерілуін) емдеуге болатындығын білдіруде», – деп мәлімдеді Калифорния университетінің профессоры Дэвид Джулиус.
Жапон ғалымдарының мәлімдеуінше, сарымсақ адам миындағы қартаю процесін бәсеңдетеді, оның жасушаларын тазартып отырады екен. Құрамында өте белсенді күкірт қосындылары болғандықтан, қанға түскен соң сарымсақ мидың ең қажетті деген бөліктеріне оң әсер етеді. Яғни, сарымсақтан бөлінетін заттар есте сақтау қабілеті мен эмоцияға жауап беретін жасушаларды жақсартады.
Тағы бір ғалымдардың зерттеуінше, сарымсақты жиі қолданатын әйелдер арасында кеуде ісігі дертіне шалдыққандар саны аз кездескен.
Пайдалы кеңестер:
• Қатты суықтап қалған кезде сарымсақты ұсақтап турап, үстіне ыстық су құйып, сосын соның буымен дем алу керек.
• Тіс ауырған кезде сарымсақты қабығынан аршып алып, сонымен тістің қызыл етін сүреді.
• Сүйел шыққан жағдайда, ұсақталған сарымсақты азғантай балмен араластырып алып, әлгі жерге қалыңдап жағып, таңып тастаған жөн.
• Радикулит асқынып кеткен кезде сарымсақ пен қара шаңбырды (черная редька) үккіштен өткізіп алып, бір-бірімен жақсылап араластырып, белге тартады. Тағы бір әдісі: ұсақталған сарымсақты жұқа дәкеге салып, қашан қыздырғанша, белге тартып байлап қояды. Сосын оның орнына май жағып, жүн матамен орап тастайды.
• Гипертониялық аурулар кезінде қатарынан екі күн, 2-3 түйір сарымсақты ұсақтап турап алып, түнге қарай жейді. Сосын екі апта үзіліс жасап барып, осы процедураны тағы бірнеше рет қайталайды.
• Тұмаудың алдын алу немесе ауыра қалған жағдайда емдеу үшін де күніне 2-3 рет мұрынға сарымсақтың суын тамызған жақсы.
Қорыта келгенде, өзі бармақтай болғанымен сарымсақтың емдік қасиеті мол. Нақты қандай ауруларға ем екендігі бүгінгі күні толық ашылды. Бұндай жайттарды Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) ешқандай лабораторияда зерттеу жүргізбей-ақ, уахиға сүйене отырып жеткізген. «Сарымсақты емге жаратыңыздар, онда жетпіс түрлі ем бар» деуі әрі оның бүгінгі күні толықтай дәлелденуі – Әз Елшінің тек ақиқатты ғана айтқанын ұқтыруда.
Дайындаған:»elana.kz»